Депутаттар өңірлерге аттанды

2024 жыл басталысымен-ақ халық қалаулылары азаматтарды алаңдатқан мәселелерді шешуге оң ықпал ету мақсатында шалғай елді мекендердің тұрғындары және еңбек ұжымдарымен кездесті. Депутаттар партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының Жол картасында қолға алынған мәселелердің орындалу барысын алға қойып отыр.

Оқушылар сарайы құрылысымен танысты 

Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабеков өңірлерге сапары аясында Шымкент қаласындағы оқушылар сарайының құрылысымен танысты. Жоба партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарла­масының Жол картасы аясында қолға алынған.  

Оқушылар сарайының құры­лысы өткен жылдың мамыр айын­да басталған. Мердігер ұйым – BI-Global ЖШС. Қазір учас­кедегі жұмыстың 30 пайызы аяқталып, қаржы­ландырудың болмауына байланысты уақытша тоқтатылған. 

Мамандардың айтуынша, оқу­шылар сарайы биыл жыл соңына дейін пайда­лануға бері­леді. Жобаның жалпы құны 9,5 млн теңгеден асады, бір ауысымда 500 адамды қабылдай алады. 7 мен 18 жас аралығындағы оқушыларға арналған.

«Партияның сайлауалды бағдарлама­сындағы басымдыққа ие бағыттың бірі  –білім саласы. Сайлауалды бағ­дарла­мада жаңа оқушылар сарайы, жас техник стансалары, балалар тех­нопаркі, музыка және өнер мек­тептері қамтылған болатын. Әр бала спорт секциясына, шы­ғарма­шылық студияға немесе техника­лық үйірмеге тегін қатысуы үшін ашық негізде «Арт Спорт» бағдар­ламасы жалғасын табатын бола­ды. Мегаполис әрі бала туу көр­сет­кіші жоғары өңір ретінде де ша­һарда бірнеше оқушылар сарайы болуы тиіс деп санаймын», – деді Д.Исабеков.

Нысанның үш қабатында денешы­нық­тыру, көркем-эсте­тика, ғылыми-тех­ни­ка­лық, гума­нитарлық және музыкалық білім беретін бірнеше блок орналасады. Сондай-ақ шағын футбол, баскет­бол, волейбол, вор­каут және ба­лалар алаңда­рымен жаб­дық­талады.

«Тұран шағынауданында са­лы­нып жатқан оқушылар сарайы балалар үшін де, педагогтер үшін де инновациялық алаңға айнала­тынына сенімдімін. Жастар бола­шақ мамандығын нық таңдап, креа­тивті, белсенді азаматтық ұстаным иесі бо­луы тиіс. Білімді жастар – елдің зият­кер­лік әлеуеті екенін ұмытпауымыз ке­рек», – деді «AMANAT» партиясы Шым­кент қалалық филиалының төрағасы, мәслихат депутаты Бахадыр Нарымбетов. 

Жиын қорытынды­сы бойын­ша Дана­бек Исабеков Мәжіліс деңгейінде шешілетін мәселелерді өз бақылауына алатынын айтты.

 

Есірткіге қатысты  қылмыстың көбі интернет арқылы жасалады 

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы Шымкент қаласы Полиция департаментінің жедел басқару орталығына барып, ұжыммен кездесті.  

Жиынға «AMANAT» партиясының мү­шелері, Полиция департаментінің бас­шылық құрамы мен қызметкерлері қатысты. 

Мәжіліс депутаты бүгінде Шымкент қаласы бойынша барлығы 81 елді мекен, 4 200 көше бар екенін айтып, осы аумақтарда қылмыс санының көбейіп  жатқанына тоқталды. 

– Құқықтық мемлекеттің заңнамасы қолжетімді, қарапайым және қисынды болуы керек. Әрбір азамат заң мәнін, өз құқықтары мен міндеттерін білуі және қорғай алуы тиіс. Шымкент қаласында есірткіні заңсыз тасымалдау, сату фактісі көбейген. Есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасының қызметкерлері өткен жылы есірткімен байланысты 506 қылмыстық құқықбұзушылықты анық­тады. Нәтижесінде, заңсыз айналымнан 137 келі есірткі заттары, оның ішінде 15 ке­лі­ден астам синтетикалық есірткі тәр­кіленген, – деді Болатбек Нажметдинұлы.

Депутаттың айтуынша, есірткі сатуға байланысты қылмыстың тең жартысы интернет арқылы жасалып, онымен айна­лысатындардың 80 пайызы 30 жасқа дейінгі азаматтар екені анықталған. Өткен жылы есірткіге тәуелді адамдардың саны 158-ге артқан.  

Шымкент қалалық Полиция депар­таментінің басшысы Думан Ашкенұлының мәліметінше, «Қауіпсіз мектеп» бағдар­ламасы аясында 186 мемлекеттік және жекеменшік мектептерде 3 318 бейнеба­қылау камерасы орнатылған. Ал «Қауіпсіз аула» қағидасы бойынша «Қазақтелеком» АҚ-ның 2 430 бейнебақылау камерасы Полиция департаментінің жедел басқару орталығына біріктірілген.

Сонымен қатар жерасты өткелерінде, денсаулық сақтау нысандарында, сауда орталықтарында, базарларда және дүкендерде 262 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр.

 

Жылу жүйесі мен су-фильтрлеу  стансасын аралады

Депутат Самат Нұртаза әріптесі Павел Ка­занцевпен бірге Астана маңындағы жылу беру жүйесінің жұмысымен танысып, жұмыстардың уақытында жасалуын қадағалап шыққан.  Астана іргесіндегі «Қызыл Суат» ауылының қасында орналасқан қазандықтың болашақта ел ордасы үшін мүмкіндігі мол қосалқы қазандық боларын айтып отыр.  «Бұл қазандық  өсіп, кеңейіп келе жатқан Астанамыздың жылу жүйесіне тап­тырмайтын қосымша болайын деп тұр.   

Техникалар мен жабдықтаулар 24 сағат қадағалануда. Жұмысшылар арнайы Германияда мамандық бойынша курстарды тәмамдағандар. Бұл су жаңа қазандық өзге нысандарға үлгі боларлық. Осындай заманауи қазан­дықтар әр қалада болу керек деген ойдамын», – дейді депутат. 

Одан бөлек, қос депутат Астананың шетінде орналасқан су-фильтрлеу стансасына арнайы барып, шаһар әкімі орынбасарының және құрылыс мердігерінің сондай-ақ, химио-бактериялық лаборатория бас­шысының баяндамаларын тыңдап шыққан. 

«Астана қаласындағы су мәселесі жақын арада стратегиялық маңызы бар проблемаға айналатын түрі бар. Осындай стансалар барлық аймақта болу керек деп ойлаймын. Қазақстандағы көптеген маңызды өзендердің бастауы шетелде болғанын ескерсек, онда су мәселесіне бейжай қарауға болмайтыны анық», – дейді өз сөзінде Самат Нұртаза.

 

Лак-бояу өнімдерін шығаратын кәсіпорынға барды 

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Руслан Қожасбаев өңірлерге са­пары барысында  Жетісу облысы­ның Талдықорған қаласындағы «Алматы бояулары» ЖШС жұмы­сымен танысты. 

Озық технологиялар арқылы өнім шығаратын зауыт жылына 5 мың тонна лак-бояу материалдарын және 6 мың тонна термопластик өндіреді. Кәсіп­орында 100-ге жуық білікті маман қыз­мет етеді.  Өндірістің жұмыс істеуі үшін қажетті барлық инфрақұрылым бар.

Кездесуде кәсіпорын басшылығы отандық тауар өндірушілерді барынша қолдау керек екенін айтты.

Қазіргі нарықтық сауда жүйесі сөрелерде отандық өнімнің болуына және оның сатылуына жағдай жасау керек. «Алматы бояулары» ЖШС өнімдері жаңа технологиялардың көмегімен өндіріледі. Сонымен қатар сапа менеджменті жүйесіне сәйкес сертификаттары бар. 

«Бұл сертификаттарды әрі қарай қолдап, олардан бас тартпау керек. Сондай-ақ ұзақмерзімді келісім­шарт­тар жасау да маңызды», – деді зауыт директорының орынбасары Римма Салықова.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты отандық өндірушілерді толығымен қолдайтынын және мәселені жеке бақылауына алатынын атап өтті.

 

Шығыстағы кездесулер 

Парламент Мәжілісінің де­путаттары, «AMANAT» партиясының фракция мүшелері  Ұлықбек Тумашинов пен Ерлан Саиров Шығыс Қазақстан өңіріне барып бірнеше кездесу өткізді. «Әріп­тесім Ұлықбек Тұмашыновпен бірге ШҚО облыс әкімі Ермек Кө­шербаевпен кездесіп, шекаралық Катон-Қарағай, Марқакөл аудандарының ашылып, даму проблематикасы мен  Риддер қаласындағы ден­саулық сақтау мәселелерін талқыладық», – дейді Ерлан Биахметұлы Саиров.    

Өңір басшысымен кездесу бары­сында Шығыс Қазақстанның әлеумет­тік-экономикалық даму қорытынды­лары талқыланып, негізгі мәселелердің бірі қос бірдей жаңа аудандар, Үлкен Нарын мен Марқакөлдің құрылу жұ­мыстарының нәтижелері баян­далды. Қазірдің өзінде қаржыландыру көлемі, штат бірліктерінің қажетті са­ны және әкімшілік ғимараттарға қа­жеттілік анықталып, көлемді жұ­мыс­тардың атқарылғаны белгілі болды. 

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Беделбайұлы  депу­тат­тармен кездесу барысында  Мемлекет басшысы мен Үкіметтің Риддер ЖЭО жұмысын қалпына келтірудегі қол­дауын жоғары бағалағанын жеткізді. Сондай-ақ өңір басшысы республи­калық бюджеттен материалдық-тех­никалық базаны нығайтуға және қыз­­меткерлерді тұрғын үймен қамта­масыз етуге қаражат бөлу мүмкіндіктері турасында баяндады. Одан бөлек, депутаттар салынып жатқан «Нұрлы Жол» шағынауданындағы гематоло­гиялық орталық пен мектепке, және көпсалалы колледж студенттеріне ар­­налған пайдалануға дайын жатақха­наларды аралап көрді.

Берік БЕК