Қауіпсіздік үшін күрескен

Жаңажылдық мереке  күндері қоғам тыныштығын сақтау, қауіпсіздікті күшейту – құзырлы орындарға жүктелетін басты міндет.

Сыр өңірінде де мереке кезінде тиісті сала мамандары 24/7 күн қоғам тыныштығын, ел амандығын сақтау мақсатында күшейтілген режимде жұмыс істеді. Әсіресе, адамдарды оқыс жағдайдан сақтап, коммуналдық қызметтердің тұрақты берілуіне бақылау күшейтілді. Соның арқасында Сыр халқы жаңа жыл кешін ерекше көңіл күймен қарсы алды.

Осы орайда мерекелік демалыс күндері қауіпсіздікті сақтауға күш салған төтеншеліктер талай келеңсіз жайттың алдын алуға сеп болып отыр. Бұл күні тиісті сала мамандары халық көп шоғырланатын орындарда рейд жүргізіп, кезекшілік ұйымдастырған.

«Мереке күндері жұмыс ырғағы әдеттегіден күшейтілген режимге ауыстырылды. Әсіресе, халық көп шоғырланатын орындарға бақылау күшейді. Сала мамандары кезекшілікпен жұмыс істеді. Қауіпсіздік шараларының нәтижесінде бірқатар келеңсіздіктің алдын алуға мүмкіндік жасадық. Атап айтқанда, бұл күні өңірде техногенді сипаттағы 9 жағдай тіркелді. Департаментке шұғыл 16 шақырту түсті. Облыс және аудан орталығындағы шыршаларға кезекшілік ұйымдастырылды. Қауіпсіздік шараларын жүргізу барысында оқыс оқиға тіркелген жоқ», – деп мәлімдеді өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облыстық ТЖД басқарма бастығы Исабек Досжан.

Департамент бастығының мәліметіне сәйкес, мереке күндері хабарласқандарға шұғыл көмек көрсетіліпті. Атап айтқанда, арнайы келіп түскен қоңырау барысында есігі құлыпталып қалған пәтер ішінен 2 жасөспірімді құтқаруға мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 4 адам ауруханаға жеткізіліп, жедел көмек көрсетілген. 

Жалпы департаментте 171 қызметкер, 42 бірлік техника, 1 тікұшақ, 3 қайық, 1 кинологиялық есеп қызмет атқарады. Құтқарушылар құрамы 16 рет шығыстарға шығып, 9 техногенді сипаттағы төтенше жағдайды тіркегені мәлім болып отыр.

Мереке уақытында өңірде 24 сағат бойына үздіксіз жұмыс істеп тұрған «Жедел әрекет ету орталығы» КММ-ның 109 бі­рыңғай байланыс орталығына да хабарласушылар қарасы аз болмапты. 

«Келген хабарламалардың басым көпшілігі коммуналдық қызметтерге байланысты болды. Атап айтқанда, электрмен жабдықтау бойынша – 146, су жүйесі бойынша – 84, жылу жүйесі бойынша – 53, табиғи газ бойынша – 56, көше жарығы бойынша – 22, қала тазалығы бойынша – 8, ветеренарлық қызмет бойынша – 5, қоғамдық көлік қызметіне байланысты  – 4, анықтамалық бойынша 202 хабарлама келді.  Осыған сәйкес, барлығы 555 өтінім орындалып, қалған 45 өтінім жауапты салаларға жолданды, – деді бұл жайында Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Жедел әрекет ету орталығы» КММ-нің директоры Руслан Бүркітбаев.

Орталық директорының мәлімдеуінше, 31 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында жедел желі арқылы 600 өтінім қабылданған. Жалпы, жағдай тұрақты, ешқандай апаттық қоңыраулар түспегенін алға тартып отыр.

Мерекелік демалыста «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-ға қарасты қоғамдық көліктер де тұрғындар мен қала қонақтарына дамылсыз қызмет көрсетті. Автобус паркі тарапынан халықты үйіне қауіпсіз жеткізу үшін күшейтілген режимде жұмыс жүргізілгенін алға тартады. 

«Желтоқсан айының 30-31 күндері күшейтілген режимде жұмыс істедік. Автобус­тар таңғы 06:45-тен түнгі 23:00-ге дейін үздіксіз қатынап тұрды. Бұған қоса, қала аумағындағы ПМК-29, ПМК-66, Ягодка саяжайларына қосымша бағыттар жолға қойылды. Мереке уақытында апат, оқыс оқиға болмады. Жолда мұз, тайғақ қаупі болған жоқ. Шет аймақ халқы облыс орталығына қатынауда қиындықты сезінбеді. Ал 31 желтоқсан күні түнгі мезгілде, яғни қоғамдық көлік қатынасы тоқтаған уақытта қала халқы мен қонақтарға күшейтілген түрде қызмет көрсетуге көштік. Қала орталығындағы шырша маңына 10 автобус қойып, түрлі бағыт бойынша жолаушылар тасымалын ұйымдастырдық. Барлық диспетчер құрамы мен 24/7 механиктер өз орнында жұмыс істеді. Осылайша, халықтың үйлеріне мерекелік көңіл күйде қауіпсіз оралуына жағдай жасалды», – деді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Мақсат Жүсіп.

Бүгінде автобус паркінде қала аумағына 20 бағыт бойынша 200 автобус қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта облыс әкімінің қолдауымен қосымша 100 автобус жеткізіліп, қызмет көрсету сапасын арттыру көзделіп отыр. 

Жалпы 1 қаңтар күні сағат түнгі 00:00-ден таңғы 06:00-ге дейінгі аралықта облыс бойынша 9 нәресте дүниеге келіпті. Оның ішінде 4-еуі облыстық периниталдық орталықта туылса, қалған 5-еуі облыс деңгейіндегі босану бөлімшелерінде дүниеге келген. 

Қызылорда облыстық «Қазгидромет» филиалының хабарлауынша, мереке күндері 2 рет дауылды ескерту тіркелген. Ал «Қазавтожол» Қызылорда облыстық филиалы тарапынан облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың жабылуы туралы ақпарат түспегенін алға тартады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы