Ескертуді елемегендер

Қыс келгенде Арқа жұрты жолға шыққанда пойызды таңдайды. Бірақ төтеншеліктердің ескертпесін елемей, көлікке мініп сапарлайтындар да баршылық.

Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бес күн ішінде 29 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында полицейлер 18 мыңға жуық көлікке жақын маңдағы елді мекендерге жетуге көмектесті.

Тынық болып тұрған күн бір­ден бұзылып, қар жауып, артынан жел тұрып, борандатқанда тас­жол­­дар да жабылды. Салдарынан мыңдаған техника жолда қалды. 

Өткен жылдың 28 желтоқ­са­нында ауа райының нашар­лауына байланысты Қарағанды облы­сындағы Алматы – Екатеринбург тасжолы Теміртау – Астана учас­кесінде көліктің барлық түрі үшін жабық болды. Теміртау қалалық ПБ патрульдік полиция батальо­нының қызметкерлері жол жағ­дайын бақылау үшін рейдтік іс-шара өткізген болатын. Астанаға баратын жол терминалында бір­неше ондаған автокөлік жи­нал­ды. Олардың ішінде полиция қызмет­керлері салонында Өзбек­стан Республикасының 16 азама­ты отырған Yutong маркалы ав­­тобусқа назар аударды. Қа­­­­­­­­лып­­­­­­­тасқан жағдайға байла­­­нысты шетелдіктерді Теміртауға көшіру туралы шешім қабыл­­­дан­ды. Мұнда да полицейлерге қала әкімдігінің әлеуметтік көмек көр­­­сету жөніндегі дағдарыс орта­­лығы қолдау көрсетті. Өзбек­­­­стан­ның барлық азаматы осы меке­­меге орналастырылды, онда олар ыстық тамақпен және жатын орын­мен қамтамасыз етілді. Сон­дай-ақ сол күні және тағы да Ал­маты – Екатеринбург жолында облыс ПД патрульдік полиция ба­тальонының қызметкерлері тағы бір төтенше жағдайға тап болды. Взвод командирі құра­­­мында Д.Сыздықов пен инспек­тор Г.Тәжібаев бар автопатруль бағыт бойынша жүру кезінде Гүл­шат кентінің маңында жол жиегінде тұрған BMW жеңіл ав­­­то­көлігін байқады. Полиция тоқ­тап, осы көлікке жақындап, «кө­­мек қажет пе?» деп сұрады. Жүр­­­­­­­­­­гізуші анасымен бірге Ақто­ғай ауданының Тасарал ауылынан Балқашқа бара жатқанын айтты. Жолда бензин таусылып, тоқтауға тура келген. Полиция көлікті жа­қын маңдағы жанармай құю бе­ке­тіне дейін сүйреп апарып, со­­дан кейін қызметін жалғас­­­­тырды.

– Жолдасым екеуіміз Аста­­­надан Қарағандыға тойға барамыз деп шықтық. Орта жолға келгенде боран ұйытқи бастады. Шамалы­дан кейін бір қадым жер де көрін­­бей қалды. Теміртауға келгенде тоқтатты. Ол уақытта сағат 1 еді. Қарағанды қаласына кешкі 7-де бір-ақ жеттік, – дейді Гүлжан ат­ты келіншек.

Еріктілер тамақ таратып жүр­генін де айтады ол. Иә, жолдар жа­былып, мыңдаған көлік қар құрсауында қалып қойғанда олар­­ға полиция мен төтенше жағ­дай қызметінің өкілдері ғана емес, автоволонтерлер де көмекке келді.

Еріктілер адамдарды қар құр­­­сауынан құтқаруға және оларды эвакуациялауға көмектесті. Қара­ғандылық джиперлер көліктер өте алмай жатқан орындарға өз еркімен барды. Олар жүк көлік­­­тері мен жеңіл көліктерден құ­­ралып қалған кептелісті жоюға кө­мектесті. Полиция депар­­­­­та­­мен­­тінде автоволонтерлердің әре­­­­­кетін атап өтті. 10 адам мара­патталды.

– Жаңажылдық мереке күн­дері біраз қиналдық, ауа райы күрт нашарлап кетті. Осыған қа­­ра­мастан, көптеген азамат үйі­не немесе қонаққа баруға ты­рысты. Сол себепті жолдарда жеңіл көліктер де, жүк көліктері де, ав­то­­бустар да жиналып қалды. Бел­­сенді азаматтық ұстаным үшін сіздерге және департамент қыз­­меткерлеріне көп рақмет. Сіздер полиция қызметкер­­лерімен тең дәрежеде азаматтық борышта­рыңызды өтеп, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көр­­сеттіңіздер, – деді Қарағанды облыстық Полиция департа­­­ментінің бастығы, полиция ге­нерал-майоры Санжар Әділов. 

Полиция департаменті бас­тығының бұйрығымен 3 азаматқа Ішкі істер министрлігінің ныша­ны бар қолсағат табысталса, 7 адам­ға Полиция департаменті бастығының алғысхаты берілді.

Бір апта ішінде жолдар рес­публикалық маңызы бар 13 учас­кеде 42 рет және облыстық маңы­зы бар 8 учаскеде 22 рет жабылды. 27 автоколонна ұйым­дас­ты­рылып, 4 078 бірлік техника сүйе­­­мел­­­денді. Тек Астана қала­сына қарай бағытта 4 мыңнан ас­там, яғни қоғамдық, жүк және жеңіл көліктер жиналып қалды. Олар­дың ішінде 7 мыңнан астам адам, оның ішінде 800-дей бала жолда қалды.

Ескертуді елемей жолға шы­ғып, қар құрсауында қалып, по­ли­ция мен төтеншеліктердің арқасында аман қалу, биыл ғана болып тұрған жайт емес. Жылда қайталанады. 

Мысалы, 2023 жылдың 5 қаң­тарында  Қарағанды облысында 30 жолаушы мінген автобус қар құрсауынан шығарылды, бұл ақ­паратты «ҚазАвтоЖол» таратты.  Кешкі сағат 21:30 шамасында Қа­ра­ғанды – Балқаш авто­жолының 1 750 шақырымында 30-ға жуық жолаушы мінген автобус қар құр­сауынан шығарылды. Автобус жүргізушісі айналма жолға шы­ғып, адасып кеткен. Кейін ол «Қаз­­­­­­АвтоЖолдың» бірыңғай бай­­ланыс орталығына хабар­­ласып, көмек сұрады. Оқиға ор­ны­на келген жолшы мамандар көмек көрсетті.

Қыс қаһары желтоқсан, қаң­тар, ақпан айларында ғана емес, көктем шыға да білінетіні бар. Мысалы, ақтүтек боран салдары­нан былтырғы жылы 25 наурызға қараған түні 30-ға жуық жолаушы қар құрсауынан құтқарылды. Қа­рағанды ​​облысы Осакаров ауда­­­нында жергілікті маңызы бар «При­ишимс­кое ауылы - Шоқай кенті» тасжолдың бойында жолау­шылар мінген автобус қар құрсауында қалған.

Астана – Алматы бағытымен келе жатқан автобус Осакаров­­­­кадан 50 шақырым жерде тоқ­­та­ған. Оқиға орнына ТЖД күш­­тері жіберілді. Өрт сөнді­­­­­­­ру­ші-құт­­қа­ру­­­шылар автобустан 28 адамды (оның ішінде 1 бала) Осакаровка ауылына көшірді. 

Иә, қыс қатал сыншы. «Жолда абай болған дұрыс» дейді төтен­­шеліктер. 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ