Майқайың: опырылған кеніш, опат болған құтқарушылар

«Майқайыңалтын» АҚ аумағындағы технологиялық автожолда жұмыс істемейтін шахтаның кеңіс­тігінде болған апатты тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынды.

Павлодар облыстық Полиция депар­таменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство екі немесе одан да көп адамның абайсызда қайтыс болуына әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүр­гізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. 

«Тәжірибелі тергеушілер қатарынан арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақы­­лауында», – деп хабарлады  облыстық По­лиция департаменті бастығының орын­басары Рашад Өтеуов.

Естеріңізге сала кетсек, 4 қаңтар күні сағат 01:25 шамасында «Майқайыңалтын» АҚ аумағындағы технологиялық автожолда жұмыс істемейтін шахтаның кеңістігіне топырақ опырылып, оған автобус құлаған болатын. Онда «Майқайыңалтын» АҚ шахтасы алаңында түтін шыққаны туралы шақыруға шыққан Кәсіби әскерилен­­­діріл­ген апаттық-құтқару қызметтері Республи­­­­калық орталық штабы (КӘАҚҚ РОШ) Пав­лодар филиалының 4 қызметкері, яки 1 жүргізуші мен 3 құтқарушы болған. Соңғы мәлімет бойынша облыстық ТЖД құтқарушылары опырылған құмнан қаза тапқан екі адамның денесін тапты. Олар – 24 жастағы Сарқыт Берліқан және 53 жас­тағы Олег Тышкевич. Тағы екі адамды іздеу жалғасуда.

Оқиға орнында әлі де топырақ сырғып, жылжып жатыр. Тартылған құтқарушы­­лардың қауіпсіздігі үшін ауыр инженерлік техниканы жұмылдыру мақсатында үйіндінің шеттерін мәжбүрлеп түсіру және жүретін жолдарды салу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оқи­­ға орнына ТЖМ, КӘАҚҚ РОШ, ЖАО, «Майқайыңал­тын» АҚ, полиция және жедел жәрдем бөлімшелерінен барлығы 132 адам және 29 техника жұмылдырылды.

Куәгерлердің айтуынша, 3 қаңтар күні алтын шахтасында жаппай кен жыныста­­рын жару жұмыстары жүргізілген. Ал түн ортасына таман алтын кенішіндегі кезекші шахта ішіндегі әлдебір шуды құлағы ша­лып, құтқарушыларға, яғни кәсіби әске­рилендірілген апаттық-құтқару қызметте­­­рінің республикалық орталық штабы Пав­лодар филиалының өкілдеріне хабар­лаған. Шақырту келіп түскен бойда қыз­меттік автобусқа 3 құтқарушы келіп мінеді. Кеніштің жер астындағы шахталары «во­ронка» әдісімен ойылып, бірінің үстінен бірі салынып отырады. Әлгі жаппай жару жұмыстарының салдары болды ма екен, сол күні түнде шахта үстіндегі топырақ қабаттары төмен құлап, жер үстінде үлкен ойпат пайда болған. Алайда кеніш қызмет­керлері оны қараңғыда байқамай қалған тәрізді. Кенішке апаратын жол сол аумақты басып өтеді. Шақыртуға бет алған автобус кенеттен пайда болған ойыққа тап болып, төмен құлаған.

Қаза тапқан және жоғалған құтқару­шылардың отбасыларына «Майқайың-алтын» АҚ және КӘАҚҚ РОШ-тан әрбір отбасына 4,5 млн теңгеден астам мөлшерде материалдық көмек көрсетілетін болады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан қаза тап­­­қан жандардың отбасыларына асы­раушы­сынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Бұл туралы Пав­лодар облысының әкімі Асайын Байханов айтты. Оның айутынша, бүгінде «Май­қайың-алтын» АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Оқиға орнында менімен бірге Төтенше жағдайлар вице-министрі және басқа да қызметкерлер бар. Құтқарушылар өте қауіпті жағдайда жұмыс істеп жатыр. Бүгін таңғы сағат 06:00-де Астана қаласы ТЖД кинологтар бригадасы келіп, бірден іздес­тіру жұмысына кірісті. Біз іздеу-құтқаруды жалғастырамыз. Қаза тапқандар мен жоға­лып кеткен мамандардың отбасы­ларына көмек берілетін болады. Қаза тапқан 2 құт­қарушының отбасына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың иманы саламат болсын», – деді өңір басшысы.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ

фото: egemen.kz