Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингте 40-орында тұрған 19 жастағы чехиялық Линда Носковамен сынға түсті. Бұл туралы Aikyn.kz Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасап хабарлайды.
Осыған дейін қос теннисші өткен жылы Франция ашық чемпионатында кездесіп, онда Елена 6:3, 6:3 есебімен жеңген еді.
Бұл жолы бірінші партияны қазақстандық спортшы қарқынды бастады – 3:0. Сол басымдылығынан сет біткенше айырылған жоқ – 6:3.
Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте Рыбакина брейкпен алға шықты. Содан кейін тағы бір брейк жасап, матчты жеңіспен түйіндеді – 6:2.
Бір сағат 5 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 8 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ.
Елена Рыбакина финалда қос белоруссиялық, әлемнің 2-ракеткасы Арина Соболенко немесе рейтингте 23-сатыдағы Виктория Азаренконың біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.