Мәулен Әшімбаев ауылдар мен аудандардың тұрғындары көтерген мәселелер палатаның алдағы жұмысында баса назарға алынуы керегін айтты.
«Жаңа жылдың алғашқы күндерінде өңірлерге барып, жұртшылықпен кездесулер өткіздік. Соның барысында халықты алаңдатып отырған өзекті проблемаларға назар аударып, тұрғындармен бірге талқыладық. Енді сенаторлардан маңызды мәселелер бойынша депутаттық сауалдар күтеміз. Сондай-ақ аталған түйткілдер Парламенттік тыңдаулар мен Үкімет сағаттарын өткізу кезінде де ескерілуге тиіс. Азаматтар көтерген проблемалар сенаторлардың ұдайы назарында болады. Біз оларды оң шешу бағытында нақты жұмыс жүргізуіміз керек», – деді Сенат Төрағасы.
Мәулен Әшімбаев отырыс барысында Мемлекет басшысының Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында белгіленген маңызды міндеттерге де тоқталып өтті. Палата Спикері ел Президентінің тікелей тапсырмасымен Бюджет және Салық кодекстерінің жобалары әзірленіп жатқанын айтып, сенаторларды аталған заңдардың Сенатқа келуін күтпестен, тиісті жұмысты бастай беруге шақырды. Сондай-ақ ол ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін барша қазақстандықтың жұдырықтай жұмылып, әрекет етуі аса маңызды екенін тілге тиек етті.
Алдағы палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарайды. Бұл заң Азаматтық және Бюджет кодекстеріне, сондай-ақ тағы 8 заңға түзетулер енгізуді көздейді.
Бұған дейін атап өтілгендей, құжат Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді. Заң шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы ұлттық институт мәртебесіне ие экспорттық-кредиттік агенттік құруға бағытталған.
Сонымен қатар депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарайды. Заң құқық қолдану кезінде анықталған құқықтық реттеудегі олқылықтарды жоюға және терминологияны бірыңғай стандартқа келтіруге арналған.
Заң нормаларына сәйкес ЕАЭО комиссиясына үшінші елдерге қатысты стандарттау, арнайы қорғау, демпингке қарсы, өтемақы шаралары бөлігінде өкілеттіктер беру және басқа да бірқатар өзгеріс қарастырылған.
Одан бөлек, бюро отырысында Парламент Мәжілісінен келіп түскен заңдар Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.