Бүгінде мұнда 100-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Тігін цехы негізінен мемлекеттік және шетелдік тапсырысты орындайды. Қызметкерлердің 95%-ы – қыз-келіншектер. Жұмысшылардың жалақысы 150-200 мың теңгені құрайды.
Кездесуде Максим Рожин гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдердің құқығын қорғау және отбасылық құндылықтарды нығайту мәселесі әрқашан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін айтты.
«Президент ана мен баланы қорғау, отбасы тәрбиесі мен отбасы құндылықтары мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Мемлекеттің басты тірегі – бақытты, бақуатты отбасы. Сондықтан отбасындағы ізгілік, адамгершілік, сыйластық қарым-қатынасын берік сақтау маңызды. Оның қадір-қасиетін сіздерден артық ешкім білмейді. Қазақтың әйелдері – отбасының жылуы, ортақ Отанымыздың тірегі», – деді Максим Рожин.
Кездесу барысында жұмысшылар өздерін толғандырған мәселелерді айтып, сұрақтарын қойды. Депутатпен көкейкесті проблемаларды талқылады.
«Отандық өндірісті, отандық өнімді қолдау – аса маңызды мәселе. Қазақстандағы кәсіпорындар мемлекет тарапынан қолдау тауып келеді. Алайда біз шығаратын өнімдердің шикізаты Қазақстанда жоқ. Сондықтан шетелден алдыртуға тура келеді. Ал оның 30% салығын кеден бекеттеріне төлеуге мәжбүрміз», – деді фабрика өкілі Әмина Қанашаева.
Тараптар өңірдегі өзекті мәселелерді және оларды заң жүзінде шешу жолдарын талқылады. Мәселенің анық-қанығына жеткен мәжілісмен бұл мәселені өз бақылауына алатынын жеткізді.
Жұмысшылар өңірде мұндай тігін фабрикалары дамып келе жатқанын айтып, мемлекеттік сатып алулар заңы аясында шетелдік емес, отандық өнімнің неғұрлым көбірек сатылу тетіктері қарастырылса деген тілек білдірді.
Бердібек ҚАБАЙ