Кездесуде Жұлдыз Сүлейменова мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі қашанда маңызды екенін атап, инклюзивті білім туралы заң күшіне енгенін мәлімдеді.
«2021-2022 жылдан бастап мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын жақсарту туралы заң күшіне енді. Аталған заңның аясында бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтардың көмекшілеріне қаражат төлеу қарастырылды. Біз қазір адаптивті спорт және паралимпиадалық ойындарға қатысушы азаматтардың құқығын қорғау бойынша бірқатар нормаға түзету енгіздік. Енді Үкіметтен қорытынды күтіп отырмыз», – деді депутат.
Жұлдыз Сүлейменова мүмкіндігі шектеулі азаматтардың «Қанаттылар» театрының жұмысы туралы әңгімеледі. Осындай театрлардың әрбір өңірде болуы үшін инклюзивті мәдениет туралы заң жобасына өзгерістер енгізгенін айтты. Сондай-ақ Мәжіліс депутаты пойызда арбамен жүретін азаматтарға жағдай қарастырылмағанына қынжылып, осы мәселені шешу үшін жұмыс істеп жатқандарын атап өтті.
Одан бөлек, депутат инклюзивті аудит мәселесіне кеңірек тоқталды. Осы қызметті енгізу үшін Германиядан еңбек министрлігінің қызметкерін шақырып, «AMANAT» партиясы жобасы аясында жиналыс өткізу жоспарланғанын жеткізді. Сондай-ақ 3-топтағы мүгедектігі бар азаматтарды тұрғын үй кезегіне қою, 18 жасқа толғанға дейін баласына қараған уақытын зейнет жасымен теңестіру үшін күресіп жүргенін айтты.
Бердібек ҚАБАЙ