Жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап, еліміздің құзырына өткен ұйымның алдына қойған сан алуан міндеті бар. Соның ішінде Сыр елінің бас қайғысына айналған Арал өңірінің экологиялық ахуалын жақсарту негізгі міндеттің бірі саналады.
Теңіз төскейін мекендеген бұқараның ақжолтай жаңалыққа қуанып, Аралдың келешегіне үмітпен қарауы да бекер емес. Себебі Орталық Азия мемлекеттері мүшелік ететін Халықаралық қор Арал теңізін құтқаруға және өңірдің экологиялық ахуалын арттыру үшін бірлесе жұмыс атқаруға негізделген. Сондай-ақ экологиялық проблемаларды шешу мақсатында маңызды экологиялық және ғылыми-практикалық бағдарламалар мен бірегей жобаларды жүзеге асыруға күш салады.
Бұған дейін аталмыш ұйымға 3 жыл бойы Тәжікстан мемлекеті төрағалық жасады. Соған орай былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға арнайы жұмыс сапарымен барып, Аралды құтқару қорының 30 жылдығы қарсаңында өткізілген мерейтойлық саммитіне қатысқаны мәлім. Осы Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекет басшылары кеңесінің отырысында ел Президенті ұйым алдында тұрған басым міндеттердің басын ашып көрсеткен еді.
Жалпы, Халықаралық қор құрылғалы бері трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп, пайдалану жолдары басты нысанадан түскен емес. Соның негізінде Арал теңізі бассейніндегі маңызды мәселелерді шешуге қордың ықпалы зор деп айтуға болады. Алайда жаһандық тоқырауға соқтыратын бірқатар сын-қатер мен проблема әлі де өз шешімін күтуде. Бұл тұрғыда жаһандық климаттық өзгерістер салдарынан су тапшылығының белең алуы, суармалы егістікке су жетпей, қуаңшылыққа ұласуы Орталық Азияға зор қауіп төндіріп келеді.
«Аталмыш ұйымымыз арнайы жарғы негізінде 4 мемлекеттен құрылғаны белгілі. Оның ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан қор құрамына кіреді. Ал Қырғызстан мемлекеті бақылаушы ретінде қатысып жүр. Соған орай әр ел 3 жыл сайын кезектесіп осы ұйымға төрағалық жасайды. Бұған дейін өткен саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмоннан төрағалықты қабылдады. Осылайша, биыл Атқарушы комитет елімізге келіп, Астана қаласына орналасатын болады. Осы орайда айта кететіні, төрағалық ету құзыреті бізге өткенімен, белгілі себептерге байланысты Қазақстан тарапынан әлі қол қойылған жоқ. Қазір соның нақты шешімін күтіп отырмыз. Президент қол қойса, ұйымға мүше мемлекеттермен белсенді жұмыс бастауға дайынбыз. Алға қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда бірлесе қоян-қолтық жұмыс істейтін боламыз», – дейді бұл жайында Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясы директорының орынбасары Зәуреш Әлімбетова.
Жалпы, бұған дейін Президент ұйымның алдында тұрған міндеттер мен ұсыныстарын шегелеп берген болатын. Бұл тұрғыда ең алдымен Халықаралық қордың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру процесін жеделдете аяқтауды ұсынды. Соның ішінде қордың басқармасы және Атқарушы комитетінің өкілеттілігі мен жауапкершілігін кеңейту қажеттігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіретін комиссияны мемлекетаралық су-энергетикалық комиссия ретінде қайта құрылымдауды тапсырды. Сол сияқты Орталық Азия елдері арасында ынтымақтастықты нығайту мақсатында Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алатын, мониторинг жүргізетін бірыңғай автоматтандырылған жүйені енгізу бойынша жұмыс жоспарын даярлауды ұсынған еді.
«Президентіміз өткен саммитте Арал мәселесін кеңінен қаузады. Соңғы жылдары әлем халқы жаһандық климаттық жылынудың қаупін сезіне бастады. Соның ішінде Арал проблемасын шешу кезек күттірмейтін мәселеге айналып тұр. Қазіргі уақытта негізгі мақсат – «Саратс» жобасының екінші кезеңін аяқтау. Бүгінде аталмыш жобаның сараптамалық қорытындысының соңғы нәтижесі шығып жатыр. Бұл жұмыстар жуырда қүрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің тікелей бақылауында тұр. Осы процедуралық жұмыстар сәтті жүргізілсе, дүниежүзілік банктің қарауына ұсынатын боламыз. Оның ішінде жобаның бірінші кезеңінде жіберілген қателіктерді ескере отырып, Арал теңізі мәселесін шешуге бел буып отырмыз. Сонымен қатар теңіздің табанын көгалдандыруға байланысты ауқымды шаруа бар. Бұл жайында Президентіміз де пәрмен берді. Сол сияқты климаттық өзгерістерді еңсеру, жасыл белдеу жасау сынды көптеген тапсырмалар жүзеге асырылатын болады», – дейді Зәуреш Жансұлтанқызы.
Негізінен, Қазақстан Президенті үш жыл бойына төрағалық ететін ұйымнан Арал халқының күтері көп. Соның ішінде Кіші Арал теңізінің келешегіне сенімі жоғала бастаған бұқараның соңғы үміті осы алдағы үш жылға артылып тұр. Бұл тұрғыда Арал трагедиясын еңсеру үшін теңізге су әкелумен шектелмей, экологиялық апат аймағын мекен еткен жамағаттың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оның ішінде теңіз жағасындағы Арал қаласы мен аудан тұрғындарына қолдау көрсетуге бетбұрыс жасалса деген тілектері бар.
«Қазір Арал өңіріне қолдау қажет. Теңіздің келешек тағдыры тұмшаланып тұр. Әлем деңгейінде экологиялық аймаққа қыруар қаржы құйылғанымен, атқарылған жұмыстардың нәтижесі көңіл қуантар емес. Көлдей уәделерден халық тойып бітті. Саннан сапаға көшетін сәт келді. Елдің ертеңін ойлап, іргелі істерге бетбұрыс жасалуы тиіс. Халықтың басты талабы – осы. Бұл жерде сыбайластықтың құрбаны болған «Саратс» жобасын Астанадағы LRT құрылысымен салыстыруға болады. Сондықтан теңіз тағдыры үшін маңызы зор «Саратс» жобасының екінші кезеңін жүргізуде жауапкершілік жүгін жеңілдетуге болмайды. Қайбір жылдары аталмыш ұйымға Өзбекстан мемлекеті төрағалық еткен кезеңде үлкен іс жасалғанын атап өткен абзал. Бұл тұрғыда Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан «Арал өңірі экологиялық инновация және технологиялар аймағы» деп жарияланғанын қаперге салсақ болады. Ендігі кезекте Халықаралық ұйымды басқаруды қолға алған Қазақстан тарапынан БҰҰ-ның бастамасын қолдап, аталмыш қарар негізінде Халықаралық норма (конвенция, хартия, пакт) қабылдап, оны жүйелі түрде жүзеге асыруы тиіс», – деп өз ойымен бөлісті қоғам белсендісі Нұртуған Тұржанов.
Теңіз жанашырының пікіріне сәйкес, бұған дейін Президент Париж климаттық келісімі бойынша «Жасыл экономика» бағытында іс-шаралар атқарылатынын ашық түрде жария еткені мәлім. Соның негізінде Арал өңірінде күн, жел, сутегі, энергия көздерін игеруде экологиялық инновация мен технологияларды дамыту мүмкіндігін ашуы тиіс деп есептейді.
Теңіз тағдырын түбегейлі шешу үшін алдымен Арал қаласында БҰҰ-ның бақылауымен «Экологиялық инновациялар және технологиялар» институты ашылып, соның негізінде кемі 150 гектар жерге күн немесе жел энергиясы көзін салу ісі жүзеге асырылуға тиіс. Бұл қадам бірінші кезекте халықты жұмыспен қамтумен қатар, Аралдағы қазба байлықтарын игеруге жол ашады деп санайды. Ал теңіз мәселесіне орай су жеткізу жобасы жүйеленіп, тиімді әдіспен 50 млн текше шақырым су жинауға қол жеткізу қажет. Сонымен қатар жаңа технология ретінде әлемнің 80-нен астам елдері пайдаланып отырған «жаңбыр жауғызу технологиясын» экологиялық аймақта тәжірибеге енгізу қажеттілігі туындап тұр. Теңіз жанашырлары өңірде экологиялық ахуалды еңсеруде осы сынды атқарылар жұмыстардың ауқымдылығын алға тартып, ұсыныс-пікірлерін жеткізіп отыр.
«Соңғы 3-4 жыл Арал өңірі үшін өте қолайсыз кезең болды. Әлемде көлемі жөнінен төртінші орында болған Арал теңізі құрғап кетті. Қазақстан солтүстік теңіз жағалауын бөгеп, Кіші Арал теңізін сақтап қалуға мүмкіндік алды. Алайда осы кезге дейін 27 млрд шаршы метр су айдыны үштен бір бөлігінен айырылып қалды. Су тұздылығы артып, балықтың өсуіне қолайсыздық туғызды. Өңір жұрты жұтқа ұрынды. Кіші Арал теңізіне су тек Сырдария өзенінен ғана түсетіні белгілі. Ал бұл су мөлшері сәуір айынан тамыз аяғына дейін күріш пен мақта шаруашылығына пайдаланылатындықтан жылдан жылға азайып келеді. Ал күзгі айлардағы келетін су Шардара мен Көксарай су қоймаларын толтыруға бағытталады. Науқан аяқталған сәтте мұз құрсап, Арал өз суын ала алмай қалып жүр. Осындай қиындықты бастан өткеріп жатқан кезеңде өзімізге 9 жылда бір келетін басқару құқығын оңтайлы пайдаланып, тығырықтан шығудың тиімді тетіктерін табуымыз қажет», – дейді «Тұран ойпаты Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Айжарық Ералиев.
Оның сөзінше, Душанбе саммитінің шешімімен Аралға Достық каналынан су бөліну жоспарланғаны белгілі. Яғни, ұйымға мүше мемлекеттер тарапынан Арал теңізін бірлесе толтыруға келісім жасалғаны көпке мәлім. Осы уағдаластық негізінде Аралға алдағы 1 сәуірге дейін белгіленген мөлшерде су көлемі келуі тиіс. Бұл бастама жүйелі түрде жүзеге асырылса, теңіздің құрғаған табанына тамшы тамар еді деген пікірде.
«Рас, биыл қыс қатал мінез танытқан жоқ. Қазір Қызылорда маңында мұз бұзылып, судың жайылып жатқандығы туралы хабар келіп жатыр. Төменгі жақта мұздың пайда болуы салдарынан Шөмішкөлге Ардана каналы арқылы су түскені туралы ақпарат жетті. Дарияда әр жерде сең жүріп, мұз буып тұр. Әзірге Кіші Арал теңізінде мұз жоқ, алайда түсіп жатқан су мөлшері 60-70 м3/с шамасында деген дерек бар. Дәл қазір әр су реттегішті (гидроузель) бақылай отырып, уәде етілген суымызды алуға мүмкіндік туып тұр. Алдағы сәуірден егістік жұмыстары басталып, дария жабылады. Ол уақытта тіпті бізге жіберілетін мол судың толықтай Аралға жетіп үлгеретініне күмән басым. Қазіргі уақытта осындай мәселелер төңірегінде Қызылорда су шаруашылығына хат жолдап, жауабын күтіп отырмыз. Теңізге су жіберу жұмысын уақыт жоғалтпай, жедел жүргізу қажет», – дейді бірлестіктің атқарушы директоры.
Қырғызстанның таулы аймақтарынан басталып, Өзбекстан, Тәжікстан арқылы Аралға жететін Сырдария өзенінің суы мол емес. Сондықтан Сыр бойына есепсіз су қоймаларын салудың қажеттілігі жоқ деп есептейді. Өйткені әр тамшы суы алтыннан ардақты болып тұрған уақытта әрбір салынған су қоймасының салдарынан тіршілік нәрі жеткілікті деңгейде теңізге құйылмайды. Мұның соңы су маржанының тапшылығына соқтырады деп есептейді.
Негізінен, бір кездері 68 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан Арал теңізінен бүгінгі қалған Кіші Арал аумағы 3 300 шаршы шақырымды ғана құрайды. Сондықтан өңір халқы су қоймаларының салынуына түбегейлі қарсылық білдіріп отыр.
Ал халық зор үмітпен күткен САРАТС-2 жобасының соңы сиырқұйымшақтанып тұр. Бұл туралы өңір тұрғындары Халықаралық Аралды құтқару қоры ешқандай мәлімет бермей тұрғанын алға тартады.
Қоғамдық бірлестік бұған дейін «2020-2023–Арал өңірін дамыту стратегиясы» бағдарламасын әзірлеп, өткізген іс-шара қарарларын Үкімет назарына ұсынғанын тілге тиек етті. Ендігі кезекте Халықаралық Аралды құтқару қоры дирекциясымен, Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екендігін жеткізді.
Қорыта айтқанда, теңіз тағдыры толғандырған жұрт Арал өңірінің экологиялық ахуалын еңсеру үшін тек суды бақылау жеткіліксіз деген пікірде. Теңізді өлкеде Үкіметтің назарын аударарлық өзге де күрмеуі қиын қордаланған мәселелер шаш-етектен.
Сондықтан үш жылға еліміздің құзырына берілген Халықаралық Аралды құтқару қорының жоспарлы жұмысынан зор үміт күтетінін жасырмайды.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы