Бірақ сол өткен жылдың күзіндегі жиын-терімді қорытындылап жатқан тұста осы екі облыстағы жүгерішілердің алқаптарда жайқалтқан өнімдерін жинауына, сақтап, кептіріп өткізуіне байланысты мәселе көтеріліп, бұған дейін бірнеше жыл тұрақты болып тұрған қабылдау бағасының дәл өнім өткізер шақта күрт төмендеп кеткені қозғалып, диқандар «Табыссыз қаламыз!» деп дабыл қаққан еді.
Шаруалар табыс табуды айтпағанда, көктемнен бері жұмсаған шығындарын қайтара алмай, сан соғып қалды. Техникалары сайлы, қырмандары жайлы ірі шаруашылықтар амалдап, бітік өскен алтын дәнді орып, жинап, мүмкіндігінше өткізіп, біразын сақтауға қойса, орташалардың көбінің дәні ашық қырмандарда, одан қалса, ашық-шашық қоймаларда қалып, уақыт өте келе, көгеріп, шіріп, түкке жарамай қалуда. Ал техникасы мен қырмандары, қоймалары жоқ ұсақ шаруашылықтар ала жаздай төккен тердің өтеуі сияқты болған жайқалған жүгеріні ормастан, алқаптарда қар астында қалдырды. Білетіндердің айтуынша, екі облыста 90 мың гектарға дейін жүгері егіліп, соның жарым-жартысына жуығы далада қалған. Ашық-шашық қырмандар мен аңғал-саңғал қоймаларда қалып, шіріп кеткені бар, орылмастан далада қар астында мүлгіп тұрғандары бар, мыңдаған гектардың алтын дәні ысырап болып жатыр. 90 мың гектардың әр гектарынан орташа 10 тоннадан өнім жиналады деп есептесек, миллион тоннаға жуықтауға тиісті алтын дәннің түкке жарамай қалуы әбден мүмкін.
Осы бір өкінішті жағдай жөнінде біздің газет те бірнеше рет дабыл қағып, мәселе көтерді. Басқа ақпарат құралдары да қалыс қалмай, аудан, облыс әкімдіктерінен бастап, министрлікке, одан ары Үкіметке жеткізуге тырысты. Ақыры, жүгерішілердің жанайқайы жоғарыға жеткендей болды. Өткен аптада Жетісу және Алматы облысына келген Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Азат Сұлтанов Талдықорғанда тиісті органдардың жауапты тұлғалары мен диқандардың өкілдерін қатыстыра отырып, алқалы жиын өткізді. Жетісу облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев жүргізіп отырған жиында ауыл шаруашылығына қатысты, соның ішінде жүгеріге байланысты күрделі мәселелердің туындау себептері жан-жақты талқыланды. Барлығы ашық айтылды. Ашынған фермерлер облыс әкімдігі мен өңірдегі ауыл шаруашылығы саласына жетекшілік ететіндердің мәселеге дер кезінде назар аудармағаны салдарынан шығынға белшелерінен батқандарын, дәл қазіргі бүкіл әлемде азық-түлікке қатысты жағдай барынша ушығып тұрған кезде мыңдаған гектар жүгерінің орылмай қалғаны, орылғанының дені қырмандар мен қоймаларда шіріп жатқанын жайып салды.
«Егер қазан айында жүгеріге ең алғаш орақ түскенде қозғалған бағаға қатысты, қабылдауға байланысты мәселелерге ден қойғанда, жағдай бұлай асқынбас еді. Қайта өңдеу кәсіпорындары сол бастапқы кезде-ақ бағаны құбылтып, тым төмендетіп жіберу арқылы шаруалардың құлшынысын құрдымға жіберді. Есептей келе, ерте көктемнен бастап төккен терлерінің өтемі қайтпайтынын білгендердің салы суға кетті. Талай шаруа жер сипап қалды. Үлкен шаруашылықтар амалдап, қиындықтан шығар-ау, қолда барынан түгел айырылғандар қайтпек?
Жалпы, біздің облыста ауыл шаруашылығының, оның ішінде егістіктің жай-жапсарын жақсы білетін адам қалмағандай. Жылды қорытындылаған соң, алдағы жылға дайындық барысында қандай дақылдың сұранысқа ие екенін, тиімді болатынын зерттеп, зерделеп, шаруашылықтарға ұсыныстарын айтып, жолдарын көрсетсе дұрыс болар еді. Әйтпесе, қазіргі кезде биыл табысты болған дақылды келер жылы диқандардың барлығы егеді де, күзде өткізетін жер таппай дал болады. Менің ойымша, биыл да сол жағдай қайталанады. Жұрттың бәрі майбұршаққа немесе қант қызылшасына бет бұрып, жүгері азаяды да, күзде аталған екі дақылға қатысты проблема туындайды. Алдағы кезде өндіріс пен ғылыми-зерттеу, сараптау-болжау қызметтері арасында тұрақты байланыс орнату қажет», – дейді жеріне жүгері егіп, шығынының жартысын да қайтара алмай жүген Жүрсін Тұрабаев.
«Сол баяғы жаттанды жиын, «жауырды жаба тоқымдау». Күрделі жағдайдың ең бір күрмеулі тұстары қозғалғанымен, нақты шешімдер қабылданды дей алмаймыз. Уақыт жоғалтып алдық. Бірнеше ай өтіп кетті. Қоймаларда жатқан дәннің дені көгеріп, шіріп, жарамсыз болып қалды. Далада алқаптарда орылмағандарды амалы қалмағандар тиын-тебенге өткізіп жатыр. Жоғары жақтағыларды түсінбейміз. Бәрін жаңа естігендей болып отырады. Депутаттар да ештеңе шешпейді. Өздері сайланғанша, көзбен көріп жүрген, шешуге көңіл бөлмеген проблемаларды енді білгендей болатындықтары қайран қалдырады», – дейді табан ет, маңдай терлері далаға кеткеніне ашынған шаруа адамдар.
Дегенмен сәл де болса, алға жылжу бар. Қалай болғанымен, вице-министр келгеннен кейін жүгеріге қатысты сіресіп тұрған сең сетіней бастағандай. Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар жанталасып, өздерінің бұған дейін де қарап отырмағандарын көрсеткісі келгендей, бірқатар компаниялармен жүргізілген келіссөздердің өз нәтижесін бергенін сүйіншілеп, мәлімдеді. Бұл қадамдары тура министрдің орынбасарын күтіп отырғандай әсер қалдырды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев: «Дайындаушы компаниялармен жедел түрде жүргізілген келіссөздер алғашқы нәтижелерін берді. Дүйсенбі, яғни биылғы 8 қаңтардан бастап «Іргетас трейд» компаниясы жүгері қабылдауды бастайды. 14% ылғалдылықта бағасы – әр тоннасына 55 000 теңге, 14-20% ылғалдылықта – 41 500 теңге», – деді.
Ал Алматы облысындағы жиында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров, Сенат пен Мәжіліс депутаттары қатысты. Бұл жиында облыста дәл қазіргі кезде асқынып тұрған жүгеріге байланысты мәселе қаралмапты. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мәселесі талқыланыпты. Соған қарағанда, Алматы облысындағы жүгерішілердің жағдайы әзір шешілмейтін сыңайлы.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы