Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті оны декларациялау қажет екенін жария етті. Ендеше мемлекет қандай ақша аударымнан бақылауға алмақ және тұтынушы заң жүзінде қандай төлем тәсілдерін пайдалануға құқылы екенін анықтап көрелік.
2024 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың 3-ші кезеңі басталды. Енді бизнес өкілдері мен олардың жұбайлары, заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылар (қатысушылар), жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндетті болады. Бұл өз қызметін уақытша тоқтатқан кәсіпкерлерге де қатысты.
Комитеттің хабарлауынша, мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған. Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда бұл аударымдар кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Әрине, көп жағдайда кәсіпкер тұтынушыға чек бермейді, осылайша оның құқығын бұзады.
Басты назар аударатын мәселе – мемлекет барлық мобилді аудармаларды тексермейді. Тек әртүрлі тұлғадан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана, яғни кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеру жүргізіледі.
Азаматтар арасында туысы мен достарына ақша аударуға күмәнданғандар болды. «Жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін: туыстарына, достарына, ата-аналарына, балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға байланысты мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады. Бұған қатысты ешқандай шектеу жоқ», – делінген хабарламада.
«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңның нормаларына сәйкес банк картасымен, QR төлемімен немесе қолма-қол ақшамен төлем тәсілдері қарастырылған. Сол себепті қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз. Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Ал қайталап бұзған жағдайда – 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде айыппұл салынады.
Егер кәсіпкер тарапынан қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілеріне тап болса, тұтынушылар тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына жүгінуі қажет.
Комитет өкілдері кассалық аппаратты өздерімен бірге алып жүре алмайтын жеке тасымалдаушылар да кәсіпкер ретінде тіркелуі қажеттігін ескертеді. «Мұны e-Salyq Business, Egov Mobile және кейбір екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жасауға болады. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін онлайн режимінде кәсіпкерлік банк шотын ашады. Сол арқылы көрсетілген қызмет үшін төлем қабылдауға мүмкіндік бар. Ол үшін сізге тек смартфон қажет. Кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды алып жүрудің қажеті жоқ», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бизнесті тексеруге мораторий аяқталды. Егер салық органы сіз тауар немесе қызмет ақысын қолма-қол ақша арқылы алып жатыр, фискалды чек бермейді немесе салық төлемейді деп күдіктенсе, олар кез келген уақытта ресми түрде тексере алады. Нәтижесінде, қолма-қол ақшаны жасыру мүмкін емес. Оны ерте ме, кеш пе, әйтеуір жұмсайсыз. Егер шығыныңыз айлық жалақыдан көп болса, ол ақшаның қайдан алғанын түсіндіруге тура келеді.
Ал егер жеке тұлға ретінде салық органдарына ол ақшаны қайдан алғаныңызды түсіндіре алмасаңыз, 10% көлеміндегі жеке табыс салығын төлейсіз. Бұл жеңілдетілген режимдегі жеке кәсіпкер төлейтін 3% салықтан көбірек. Сонымен қатар сіз кірісіңізді жасырған болсаңыз, онда сіз жасырып қалған салық объектісі бойынша төлеуге жататын салық сомасының 200 пайызы мөлшерінде және мұндай заңбұзушылық қайталанса, 300 пайыз мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелесіз.
«Кәсіпкерлердің, әсіресе микро және шағын бизнестің алдында шын мәнінде өздерін бизнес ретінде трансформациялау мәселесі тұр және бұл таңдауды жақын арада жасау керек, өйткені қай жағынан алып қарасақ та көлеңкелі немесе тіпті «сұр» аймақта жұмыс істеу әлдеқайда қымбатқа түседі. Бұл ретте салық органдарына да, тұтастай алғанда Үкіметке де біздің бәріміз оларға қайта сене бастауымыз және еліміздің жақсара түсуі мен дамуына күш салуымыз үшін Үкіметке де көп жұмыс істеу керек», – дейді мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі кеңесші, Парламент Мәжілісі қоғамдық палатасының мүшесі Наталья Малярчук.
Оның айтуынша, салық заңнамасындағы өзгерістер, оның ішінде жалпыға бірдей декларациялау, мобильді және өзге де банктік аударымдарды бақылау немесе барлық қаржы ағынының ашықтығы секілді трендті кәсіпкерлік қоғамдастық теріс қабылдайды. Бірақ бұл маңызды және қажетті қадам.
– Ортамерзімді перспективада кәсіпкерлер өз бизнесін одан әрі дамытуға қатысты шешім қабылдауы тиіс: не «таза» айналымға шығады, не жабылады. Себебі кәсіпкерлік ағындарды бақылау және қадағалау жүйесі реттеліп, толық жұмыс істей бастағанда кассадан тыс қолма-қол ақша айналымы тиімсіз болып қалмақ. Бизнесті жүргізу процесі тұрғысынан мұндай жағдайда кәсіпорын жұмысын басқаруға кететін шығындар, әрине артады. Мәселен, бухгалтерлік есеп қызметтері мен көптеген ақпараттық жүйеге ақы төленеді. Салық аударымдарының ұлғаюы бұрын арзанырақ сатылған тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуіне себеп болуы мүмкін, – дейді Наталья Малярчук.
Айта кетейік, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының мәліметтері бойынша, 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі Қазақстанда 86%-ға дейін өскен. Сондай-ақ ата-аналардың 41,4%-ы өз баласына карта ресімдеген және 6 жастан асқан балалар қолма-қол ақшасыз төлемдерді жиі пайдаланады.
Кәмила ЕРКІН