Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов су тасқынына дайындық жайлы айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Өткен жылдың аяғы мен жылдың басында ауа райы жауын-шашынды болып, қар көп түсті. Бүгінде еліміздің шамамен 90% аумағын қар басып жатыр. Мұның барлығы су тасқыны қаупін арттыра түседі. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында елді мекендерді су басып, жолдарды шайып кеткен фактілер кездесіп отыр. Сонымен қатар желтоқсанның ортасында Алматыда Есентай өзені де арнасынан асып кетті. Су деңгейі 1,5 метрге көтерілді. Мұндай жағдайлар қыс ортасында, алдағы су тасқыны кезеңіне дейін болып жатыр. Сондықтан өңір әкімдіктері аталған мәселелерге арнайы назар аударып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуі керек»,– деді ол.
Премьер атағандай, «Қазгидрометтің» болжамы бойынша, биылғы қаңтар-ақпанда еліміздің барлық өңірінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады.
«Бұған дайын болу керек. Су ресурстары министрлігі осы бастан су қоймаларын толтыру көлемін анықтап, оны тұрақты түрде бақылап отыруы қажет. Көршілес мемлекеттермен су шығыны және трансшекаралық өзендердегі қауіп туралы үзбей ақпарат алмасу керек. Қажет болған жағдайда, су қоймаларынан суды алдын ала және қауіпсіз жіберу жөнінде шаралар қабылдануы тиіс. Сонымен қатар мына мәселелерге назар аудару керек. Өткен жылдың тамызында мен су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі іс-шаралардың алдын алу және сапалы өткізілуін қамтамасыз етуді тапсырдым», – деді Смайылов.
Үкімет басшысының сөзінше, жекелеген қажетті шаралар ұзақ уақыт бойы қабылданбай келеді.