Астанада ер адам қайын әпкесін 10 миллион теңгеге өлтіруге тапсырыс берген

Сот үкімі бойынша Ш. алдын ала сөз байласу арқылы пайдакүнемдік ниетпен кісі өлтіруге дайындықты ұйымдастырғаны үшін 10 жылға, ал Н. көмек көрсеткені үшін 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Астанада әйелінің туысын өлтіруді жоспарлаған ер адамға қатысты іс қаралды, – деп хабарлайды Aiqyn.kz  қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот үкімі бойынша Ш. алдын ала сөз байласу арқылы пайдакүнемдік ниетпен кісі өлтіруге дайындықты ұйымдастырғаны үшін 10 жылға, ал Н. көмек көрсеткені үшін 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

"Сот Ш. Н.-ға жұбайының әпкесін 10 миллион теңгеге өлтіруге тапсырыс бергенін анықтады. Себебі ол өзіне сақтау үшін қалдырылған ақшаны жұмсап қойған. Ал Н. өзінің танысы В.-ға кісі өлтіруді ұсынды. Алайда В. бұл туралы полицияға хабарлады. Полиция тапсырыс беруші мен кісі өлтірушіні ұстау мақсатында жәбірленушінің өлімін имитациялап, сотталғандарды ұстады",  деп жазылған сот мәліметінде.

Қорғаушы тарап апелляциялық шағымдарында үкіммен келіспей, Ш. мен Н. жәбірленушіні өлтіруге емес, оның ақша туралы біраз уақытқа ұмытуын көздеп, тек ұрып-соғуға тапсырыс бергенін айтты. Сот алқасы сотталғандардың кінәсі куәгердің айғақтарымен, әңгімелесу стенограммасымен, тәркіленген заттай дәлелдемелермен толық дәлелденді деген қорытындыға келді.

Соттың 25 желтоқсандағы қаулысымен үкім өзгеріссіз қалдырылды және заңды күшіне енді.