Әнші Рахат Тұрлыхановқа қандай жазаға тартылғаны белгілі болды. Бұған дейін Алматының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әртіске қатысты іс қаралғаны хабарланған болатын, – деп хабарлайды Aiqyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
"Ұрып-соғу фактісі бойынша Т.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-2-бабы 1-1-бөлігі). Сот өткен жылдың желтоқсан айында Т. үйде жанжал шығарып, жұбайын ұрып-соққанын анықтады. Сотта Т. кінәсін мойындады, жасаған ісіне өкініп, іс бойынша іс жүргізуді тараптардың татуласуы үшін тоқтатуды сұрады. Жұбайы іс материалдарында айтылған фактілерді растап, Т.-мен татуласқанын айтты", – делінген сот хабарламасында.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-2-бабы 1-1-бөлігінің санкциясы ескерту түріндегі әкімшілік жазаны немесе 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алуды көздейді.
"Сот қаулысымен Т.ӘҚБтК-нің 73-2-бабы 1-1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және әкімшілік ескерту түрінде әкімшілік жазаға тартылды", – деп атап өтті сот өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін әнші Рахат Тұрлыхановқа қатысты іс сотта қаралып жатқаны хабарланған болатын.
Айта кетейік, Рахат Тұрлыханов – депутат Дәулет Тұрлыхановтың немере інісі. Былтыр қазанда Рахат Тұрлыханов әйелін ұрып тастағаны туралы ақпарат тараған еді.
Рахат Тұрлыханов – танымал әнші. Оның "Әжеме", "Танцуй, как огонь", "Зимние ливни", "Азем" сияқты әндері бар.