Әнші Рахат Тұрлыханов пен жұбайы Алтынай кейінгі жағдайға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aiqyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
"Бәріңізге сәлем. Бұл – Рахат Тұрлыханов және жұбайым – Алтынай. Кейінгі жаңалықтарға байланысты пікір білдіруді ұйғардық. Алтынай бәрін өзі айтса, дұрыс шығар", – дейді видеода әнші.
"Рахатпен арамызда бәрі жақсы. Рахат – қамқор, мейірімді күйеу, әке. Иә, барлық отбасында болатыны секілді біздің де арамызда ұрыс, түсініспеушіліктер болды. Бірақ барлық жағдайды білмесе де оны жаман жағынан көрсетіп жатыр. Бәріңіз алаңдап жатсыздар, алаңдайтындай ештеңе жоқ. Бізде бәрі жақсы", – дейді әншінің жұбайы видеода.
Айта кетейік, Рахат Тұрлыханов – депутат Дәулет Тұрлыхановтың немере інісі. Былтыр қазанда Рахат Тұрлыханов әйелін ұрып тастағаны туралы ақпарат тараған еді.
Рахат Тұрлыханов – танымал әнші. Оның "Әжеме", "Танцуй, как огонь", "Зимние ливни", "Азем" сияқты әндері бар.
Жақында желіде тағы да танымал әнші Рахат Тұрлыханов адам ұрғаны туралы ақпарат тарады. Алматының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының сайтында 3 қаңтарда Рахат Тұрлыхановқа қатысты іс қарауға қабылданғаны көрсетілген.
"Алматының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-2-бабы 1-1-бөлігі бойынша Рахат Тұрлыхановқа қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы істің материалдарын зерделеп, бұл істің сотқа ведомстволық бағынысты екенін, істі қарау Алматының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының құзыретіне жататынын анықтады", – делінген құжат мәтінінде.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабы "Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер" негізделген.
Ал кейінірек Рахат Тұрлыхановқа қандай жаза тағайындалғаны белгілі болды.
"Ұрып-соғу дерегі бойынша Т.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-2-бабының 1-1-бөлігі). Сот былтыр желтоқсанда Т. үйде жанжал шығарып, жұбайын ұрып-соққанын анықтады. Сотта Т. кінәсін мойындады, жасаған ісіне өкініп, іс жүргізуді тараптар татуласқанына байланысты тоқтатуды сұрады. Жұбайы іс материалдарында айтылған деректерді растап, Т.-мен татуласқанын айтты", – деп жазылған сот хабарламасында.