300 балаға арналған жаңа мектеп

«AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасының Ақмола облысы бойынша жол картасы шеңберінде Це­ли­ноград ауданы Шұбар ауылында 300 оқушыға арналған жаңа мектеп ашылды.

Жалпы білім беретін мектепте 12 қазақ және орыс тілдері, тарих, физика, математика, ағылшын тілі, информатика және т.б. оқу ка­би­неттері, сондай-ақ 6 бастауыш сынып кабинеттері бар. Жабдықталған спорт және акт залы, кітапхана және тир алаңы жұмыс істеп тұр. Педагогикалық ұжым 34 мұғалімнен тұрады.

«Шұбар ауылының 168 оқушысы бұған дейін 1962 жылы са­лынған ш­ағын негізгі жалпы орта білім беретін мектепте оқыған. Енді жаңа тоқ­саннан бастап, олар жарқын әрі кең ғимаратта оқитын бо­лады», – дейді мектеп директоры Мүбарак Байшолақов.

Жалпы, партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша былтыр Ақмола облысында 3 892 орындық 6 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жібек жолы ауылында 300 орындық және Қосшы қаласында 1 200 орындық мектептерді іске қосу есебінен үш ауысымды оқыту мәселесі шешілді. Қосшы қаласында жеке инвестициялар есебінен са­лынған 1 500 орындық мектеп мемлекет меншігіне ауысты. Ақкөл қа­ласының №4 мектебіне қосымша ғимарат пайдалануға берілді.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Ақмола облысында 22 600 оқушыға арналған 18 мектеп салу жоспарлануда. Сондай-ақ қазір өңірде 7 мектептің құрылысы жалғасуда.

Бердібек ҚАБАЙ