Депутат Вера Ким отбасылы болудың тағы бір түрі – кәсіби патронаттық отбасы институтын енгізу бастамасы туралы айтты. Ол бүгінде Мәжілістің қарауында жатқан «Білім беру және баланың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасында қарастырылған.
– Бұл жобаның бірегейлігі – қамқоршылық органдары мен балалар үйлері, интернаттар арасындағы делдалдық алынып тасталады. Қолайсыз немесе проблемалы отбасы анықталған жағдайда уәкілетті орган баланы алып қоя алады және оны дереу кәсіби асырап алушы отбасына үйлестіре алады. Бұл нысанның санаты кеңейтілді. Оған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, қараусыз қалған балалар, сондай-ақ физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық фактілеріне байланысты өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар кіреді, – деді В.Ким.
30 бен 63 жас аралығындағы азаматтар кәсіби қорғаншы бола алады. Балалардың кәсіби патронаттық отбасыларда болуы уақытша болады – екі аптадан бірнеше айға дейін. Жобаға қатысушыларға қойылатын маңызды талаптар – жеке тұрғын үйінің болуы, соттылығының, нашақорлық немесе алкогольге тәуелділік, психикалық бұзылулар, балаларды тәрбиелеуге кедергі келтіретін жұқпалы немесе созылмалы аурулардың болмауы.
Бердібек ҚАБАЙ