«Ана туралы жыр» әнінің тарихы
«Ана туралы жыр» әнінің тарихы
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясы Сарыарқа фольклорлық ансамблінің ұйымдастыруымен Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған «Ана туралы жыр» атты мерекелік концерт өтті. Ұлы сазгер, ұрпағына мәңгілік мұра, өлмейтін әуен қалдырған Шәмші  есімі ел есінде сақталды. Ана сүтімен дарыған айрықша өнер иесінің әндерін жатқа білмейтін жан жоқ. Қазаққа қайталанбас тұлға сыйлаған анаға мың тағзым, мың алғыс айтамыз! Өнегенің де, өмірдің де бастауы ардақты аналар! Сондықтан бұл кеште шырқалған ән де, күмбірлеген күй де аналардың құрметіне арналды. Бұл кештің «Ана туралы жыр» деп аталуы бекер емес. Анаға құрмет көрсету әрбір перзенттің парызы. Қазақ әнінің падишасы анасына деген құрметін «Ана туралы жыр» әні арқылы жеткізді. Бұл ән  кез келген жанның  жүрегін елжіретіп, анаға деген сағыныш сезімін оятады. Себебі, бұл ән жүректен, анаға деген шексіз мейірім мен махаббаттан туған ән. Композитор консерваторияда оқып жүрген кезінде анасы өмірден озды деген суық, қаралы хабар естиді. Анасының мезгілсіз қазасы оның жанына қатты батады. Алматыға оралған бойда ол ақын-жазушы замандастарына жолығып, ана туралы ән жазғанын айтып, сол әннің сөзін жазып беруді сұрайды. Сонда замандастары Ғафу Қайырбековтің анасы да өмірден өткенін айтып, соған жолығуға кеңес береді. Анадан айрылудың ауырлығын бастан өткерген қос мұңдас, бір-бірін сөзсіз-ақ ұғынады. Осылайша бала күнімізден тыңдап өскен, балалық шақтың әнұранына айналған «Ана туралы жыр» әні дүниеге келеді. Ана туралы жыр Кешті «ALEM»  эстрадалық би ансамблі ашып берді. Жанды дауыста өткен концертті «Сарыарқа» фальклорлық ансамблі сүйемелдеп отырды. Одан кейін елге танымал өнер жұлдыздары, «ALEM» эстрадалық би ансамблі, Айдос  Оңғарбай, Айдын  Жұмабай, Мұратбек  Хайролда, Дихан  Ильяшев, Күнсұлу Тұрлыбекова, Көркем Шолошова, Нұрлан Тлеужан, Асқар  Жайлау, «Өрлеу» тобы, Нұрай Танабаев, Айгүл  Қосанова, Алуа  Қалымбекова, Дәстүр Асылхан, Алтынай Жорабаева ән шырқады. Келген халықтың Шәмші әндерін сағынғаны анық байқалды. Өнер жұлдыздарымен қосыла ән шырқаған қалың көрермен соның дәлелі. Кешті, ҚР еңбек сіңірген артисі Майра Ильясова «Ана туралы жыр» әнімен түйіндеді.