Тіл тазалығы теміржолға жетті

Бірқатар облыстар мен қалаларда теміржол стансаларының атауы ауысады.

Кезінде жаңылыс жазылып, жаңсақтық кеткен атаулар түзетіліп, түпкі мәнін таппақ. Көлік министрлігінің бірнеше теміржол стансасы мен разъездің атауларын өзгерту туралы қаулы жобасы қоғам талқысына түсу үшін «Ашық НҚА» порталына шығарылды.

Шын мәнінде де жеріңнің аты – еліңнің хаты, ата-бабалардың аманаты, тарихтан жеткен тағ­лым. Атауы бұзылғанымен қоймай, тұтас ұрпақты адастырып жүрген шаласауат, сақау аударма­лардан арылатын кез жеткендей.

Құжатқа сәйкес, атауларының транс­крип­циясы өзгертілген теміржол вокзалдары мен разъездерінің тізіміне мыналар кіреді: Ақмола облысында Джалтыр стансасы – Жалтыр болып жазылса, Косшеку стансасы – Қосшоқы деп тү­зе­тілмек. Көлік министрлігі бастамашы болған бұл жобаны ғалымдар да құптап отыр. Филология ғылымдарының докторы, белгілі тіл маманы Шерубай Құрманбайұлы теміржол бойындағы бекеттердің о бастағы тарихи атауын алып әрі қатесіз жазылуын сауаттылықтың басы деп біледі. «Мысалы, осы уақытқа дейін стансаның маңдайшасында, жолаушылар вагонының ішін­дегі ақпарат парағында «Косшеку» деп немесе «Косчеку» деп жазылып тұрды. Оқыған сайын қынжылатын едік. Косшеку атауы қандай мағына береді? Түсініксіз. Шет мемлекеттен бір адам келіп сұраса не деп жауап берер едік? Бұл жердің тарихи, негізгі атымен Қосшоқы деп сауатты жазылуы өте орынды. Яғни, ол екі тау, екі шоқы деген мағына береді. Қазақ жердің табиғатын сипаттауға, жер мен суға ат қоюға келгенде шебер халық. Ұзақ жыл төрт түлікті кәсіп еткен ата-бабамыз жер жағдайынан, жер мен судың қадір-қасиетін, қазіргі ғылыми тұжы­рым­дамалар негізінде тіпті одан да тереңірек таныған. Бейнелі түрде ат қойған. Ономастикалық кеңістік, тарихи атаулар біздің елдігіміздің бел­гісі, таным-түсінігіміздің өлшемі болмақ», – дейді ғалым.

Одан бөлек, елордамыздағы Нұр-Сұлтан теміржол стансасының атауы – Астана теміржол стансасы, Нұр-Сұлтан Нұрлы жол теміржол стан­са­сы Нұрлы жол болып өзгертілмек.  

Ал Маңғыстау облысында Өзен стансасы – Жаңа­өзен стансасы деп аталса, осы күнге дейін Сай-Өтес стансасы деп қоссөз ретінде жазылып келген атау Сайөтес болып жазылмақ. Тарихқа жүгінсек, бұл жердің атауы Өтес Байгелдіұлы деген сынықшы-емшінің атына қойылған екен. Үстірттегі үлкен сайға теміржол жолдың тарты­луына әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев бастамашы бо­лып, 1964 жылы №9 бекет – Сайөтес теміржол өт­келінде жол құрылысы түйіседі. Бұл оқиға Маң­ғыстау өңіріне теміржолдың алғаш келуі болып тарихта қалды.

Сондай-ақ бұдан былай Маңғыстау облысын­дағы №1 теміржол разъезі Күйкен теміржол разъезіне ауысса, №10 теміржол разъезі «Боздақ» деп аталмақ. Өңірдегі № 460 теміржол разъезі Сарға, Тірек теміржол стансасы Боранқұл болып өзгертіледі. Атырау облысындағы Майкөмген теміржол разъезі «Толтыр» деген жаңа атауға ие болса, Батыс Қазақстан облысындағы станса Уральск – Орал стансасы, Жамбыл облысында Сүрім стансасы «Сұрым» деп жазылады. Со­н­ы­мен қатар Жетісу облысындағы №13 теміржол ра­зъезі «Ақши» деп, Қызылорда облысындағы №26 теміржол стансасы «Жетітөбе» деп аталмақшы.  

«Қазақтың жер-су атаулары халықтың өз дүниетанымына сәйкес, жер бедерін бейнелейді. Осы атаулар отарлау кезінде көптеген бұрмалау­шы­лықтарға ұшырады. Тіпті, адам түсінбейтіндей жағдайға жеткен атаулар көп. Қазақша тарихи атаулар бұрмаланып, сырттан келген тұрғындар­дың ыңғайына, таным-түсінігіне қарай өзгеріп кетті, орта жолдан, негізсіз қосылған атаулар жетерлік. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің ономастикалық кеңестігінің қазақтың таны­мына, түсінігіне ыңғайланып және ерте заманнан келе жатқан тарихи атаулардың қалпына кел­тірілу жұмысы басталды. Өңірлердегі өлкетану­шылар, ғалымдар, ономастикалық комиссия бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарды. Бұл – өте дұрыс, оңды іс. Тарихи әділдік. Осы үрдісті әлі де жалғастырып, бұрмаланған атаулар­ды тарихи атымен ауыс­тыруға жергілікті халық пен билік өкілдері де үлкен мән беріп, атсалысқаны жөн. Се­бебі жер-су аты дегеніміз – халықтың төл­құжаты іспетті дү­ние», – дейді тіл маманы Шеру­бай Құрман­байұлы.  

Айта кету керек, бұл орайда теміржол вокзал­дары мен трассалардың атауларын өзгерту «Қа­зақ­стан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ қаржы ресурстары есебінен жүзеге асырылатын болады.

Ұлағат БЕКБОЛАТ