4 қаңтарға қараған түні «Майқайыңалтын» АҚ-на қарасты шахтаның жанында топырақ опырылып, автобус шұңқырға түсіп кетті. Көліктің ішінде жүргізушіден бөлек, үш құтқарушы болған. Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары бірнеше сағаттан кейін шұңқырдан екі адамның денесін алып шықты. Олар – 24 жастағы Сарқыт Берліқан мен 53 жастағы Олег Тышкевич. Енді бір құтқарушы мен жүргізуші әлі табылған жоқ.
Төтенше жағдайлар қызметінің 9 қаңтар күні таратқан мәліметіне сүйенсек, кеніш аумағында күндіз-түні жұмыс істеп жатқан құтқарушылар мен ауыр техникалар ойықтан 70 мың текше метрден астам топырақ пен тау жынысын шығарған. Автобус жатыр деп шамаланған жерге жету үшін әлі де тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет. «Іздеу жұмыстарына барлығы 142 адам, 49 техника, 3 кинологиялық есеп және 2 ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон) жұмылдырылды. Бүгін топырақтың қозғалысын және шұңқырдың түбін өзгерту үшін ТЖД құтқарушыларын маркшейдер маманмен бірге ойыққа түсіру жоспарланған», – делінген өңірлік ТЖД-ның 9 қаңтардағы хабарламасында.
Апаттың айтып келмейтіні анық. Алайда «алдын алудың да жолдары бар» дейді мамандар. Себебі аталған кеніште қайғылы оқиға бұдан бұрын да тіркелген. 2015 жылы 12 мамырда Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы кеніш карьерінің ішіндегі вагонетканың үстіне тау массасы опырылып құлап, бір адам ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмған болатын. Сол кездегі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті аумақтық департаментінің басшысы Марат Келдібеков апаттың себеп-салдарын зерделеу үшін комиссия құрылатынын да уәде еткен. Өкінішке қарай, алтынын алуды білген компания адамын сақтауға мән бермей отыр. Кісі өлімі 9 жыл өткенде тағы тіркелді. Оған қоса, 2014 жылы қыркүйек айында «Майқайыңалтын» АҚ-на қарасты «Алпыс» кенішіндегі жұмысшылар еңбекақының төмендігі мен жұмыс уақыты ережесінің сақталмауын айтып, кеніштегі ауыр жағдайға шағымданған болатын.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ». Десе де, айдың – күннің аманында автобусты жұтып қойған мұндай апат еліміздің басқа өңірлерінде қайталануы мүмкін бе? Сәтбаев университеті Тау-кен ісі кафедрасының профессоры Ердулла Сердалиевтің сөзінше, Қазақстандағы көптеген кеніш ХХ ғасырдың 30-40 жылдары ашылып, содан бері үзіліссіз жұмыс істеп келе жатыр. Жер қойнауында жатқан пайдалы қазбаларды игеріп алу барысында таужынысы массивінің табиғи күйі бұзылады, ол әрине орнына келмейді. Яғни, жерастында бос кеңістіктер пайда болғаннан кейін оның бастапқы орнықтылығы жойылады. Міне, осындай себептерден массивте опырылыстар, бұзылыстар болып, оның салдары жер бетіне де әсер етіп, осындай Майқайың кенішінде болған апатты жағдайларға алып келуі мүмкін», – дейді ол.
Тау-кен ісінің маманының айтуынша, қауіпті жағдайдың алдын алу үшін негізгі әдістің бірі – кен орнындағы массивті үзіліссіз бақылап, мониторинг жасап отыру. «Егер массивте қандай да бір өзгерістер байқалса, дер кезінде оны бекемдеп, геомеханикалық процестер жіті бақылауда болуы қажет. Екіншіден кен орындарының тау-кен геологиялық, тау-кен техникалық шарттары бірдей емес, әр кен орнының өзіндік ерекшеліктері бар. Осыған орай кеніштің инженерлі-техникалық құрамы мен жұмысшылар құрамын жыл сайын өнеркәсіп қауіпсіздігінің талаптарына үйретумен қоса, сол кеніштің мүмкін болатын қауіп көздерін, оның болу себептерін, қолданылатын қарсы шараларды да үйреткен дұрыс болар еді. Ол үшін білім беру бағдарламаларының мазмұнына, құрылымына және тақырыптық жоспарларына көңіл бөлу керек»,– дейді маман.
Қазақ жерінде кені таусылып, пайдалы қазбалары азайған соң тастап кеткен, қараусыз қалған карьер мен шахта көп. Әсіресе, Қарағанды мен Шығыс Қазақстанда көптеген шахта ашық-шашық жатыр. Эколог мамандар шала көмілген шахталардан қоршаған ортаға зиянды улы химикаттар тарайтынын айтады. Былтыр 18 маусымда Қарағандыда да қайғылы жағдай болды. 16 жастағы бозбала Майқұдықтағы тас карьерге жиналға суға шомылуға барып, батып кетті. Осыдан кейін барып, ашық жатқан карьер топырақпен көмілді.
«Таусылған кенорындарына заң бойынша рекультивация жасалуы керек, яғни шахта толық қауіпсіздендіріліп, жер бедері көгалдандырылуы қажет. Кеніштерде жұмыс істейтін маркшейдер деген маман бар, кез келген жерасты қазбасына жол көрсетіп, пайдалануға рұқсат беретін солар. Сол маркшейдерлер кені игеріліп алынғаннан кейін де шахта, карьерлердің жай-күйін бақылап, қабылдап алып отырғаны дұрыс болар еді», – дейді тау-кен маманы Ердулла Сердалиев.
Дегенмен өндірістік барлауға, шикізат өндіруге қаражатты көптеп салатын жеке компания кен орнын қайта қалпына келтіруге келгенде сараңдық танытатыны рас. Себебі ол едәуір қаражатты қажет етеді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті ұсынған мәлімет бойынша, бүгінде көмір қоры балансындағы жойылған шахталардың үлесі – 0,47 % болса, резервтік шахталар – 45,3%. Бұл тұрғыда Қарағанды облысы бойынша 11 шахта жойылған. Мәселен, 1995 жылы Теміртаудағы Qarmet комбинатына қарасты 15 шахта жұмыс істеп тұрса, қазір сегізі қалған.
Былтыр Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының тұрғындары «Бектау» карьеріне қатысты мәселе көтеріп, шағымданған болатын. Осыған орай облыстық Экология департаматенті 2023 жылдың 28 қарашасы мен 12 желтоқсаны аралығында «Дәнекер Жол» ЖШС-на қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізген. «Тексеру барысында кәсіпорынның қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаты және «Бектау» кен орнына рекультивациялық жұмыстарға мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы бар екені анықталды», – деп хабарлады облыстық Экология департаменті. Кейіннен анықталғандай 26 қарашада аталған мердігер ұйым тасты ұнтақтау және карьердің бетін жоспарлау үшін жарылыс жұмыстарын жүргізген. Алайда мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысында жарылыс жұмыстары көзделмеген. «Осы факті бойынша департамент ҚР ӘҚБтК 328-бабының 1-бөлігі және 332-бабының 2-бөлігі бойынша жалпы сомасы 488 504 теңгеге әкімшілік айыппұл салды. Сондай-ақ департамент мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысында көзделмеген жарылыс жұмыстарын жүргізу бөлігінде кәсіпорын қызметіне тыйым салу туралы талап арыз жолдады. Қазір іс сотта қаралып жатыр», – деп мәлімдеді ведомство.
Жер асты кендерін алу үшін қазып алынған топырақ үйінділері (отвалдар) Ұлытау облысында да жетерлік. Жезқазған қаласының тұрғыны, қоғам белсендісі Жүрсінбай Лекеров ашық карьерлерді аршу кезінде алынған үйінділер туралы жергілікті әкімдікке сұрау салғанымен нақты жауап ала алмағанын айтады. «Бір топ адам «Сарыарқа» қоғамдық бірлестігінің атынан сауал жолдадық. Ол бойынша әкімдіктен: «Сәтбаев қаласы–Жезқазған кенті–Жезді кенті жолы бойындағы солтүстікке қарай орналасқан №1 үйінді «Восток» кен-тау компаниясы» ЖШС-ның атында, Сәтбаев–Малшыбай көлік жолы бойындағы Сәтбаев қаласының шекарасы аумағындағы үйінді «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-ның атында екендігін мәлімдейміз» деген жауап алдық. Бірақ үйінділерді рекультивация жасау бойынша қандай жұмыстар атқарылғаны туралы әзірге нақты мәлімет жоқ», – дейді Ж.Лекеров.
Шығыс Қазақстан облысы да кеңестік кезеңнен бері келе жатқан кен орындарының қалдықтарынан зардап шегіп келе жатқан өңірдің бірі. Мысалға, Алтай қаласының аумағындағы 1949 жылы ашылған «Капитальная» шахтасынан шығатын қалдықтар Красноярка өзенін ластап жатқанына біраз уақыт болды. 2019 жылы Красноярка өзенінен алынған сынамада цинктің шекті концентрациясы мөлшері 35,7 есеге артқан. Мұндағы ауыр металдар Красноярка өзенінің бір саласы Березовск өзенін де лайлауда. ШҚО-ның Экология департаменті Шубинск кенішінде рекультивациялық қабатты қалпына келтіру, дренажды жинау және тазарту жұмысы орындалмауына байланысты 2019 жылы №397 бұйрық негізінде кеніштегі тау-кен жұмыстарын тоқтатқан.
Қазақстанда ұзақ жылдан бері шешімін таппай келе жатқан экологиялық апатты орынның бірі – Маңғыстау облысындағы «Қошқар-ата» қалдықтар қоймасы. Бұл шынымен де аймақтағы ең көне және өзекті экологиялық проблемалардың бірі. «Қошқар атаға» 1965 жылдан бері улы радиоактивті өндірістік қалдықтар төгіле бастаған. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, онда барлығы 105,0 млн тонна қалдық орналастырылған. «Оның ішінде радиоактивті қалдық – 51,8 млн тонна, жиынтық белсенділігі 11,2 мың кюри. Орналастырылған қалдықтардың жалпы ауданы 6 600 гектар құрайды», – делінген министрлік жолдаған мәліметте.
«Қошқар ата» қоймасын залалсыздандыру туралы бастама көтерілгеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Жергілікті халық пен эколог мамандар үздіксіз дабыл қаға берген соң жұмыс қолға алынған. 2020 жылы мердігер болып «Павлодар өзен порты» АҚ анықталып, 15,5 млрд теңге сомасына шарт та жасалды. Алайда аталған шарт орындалмай, жобалау-сметалық құжаттамасы бірнеше рет қайта түзетіліп, жобаның құны да бірнеше есе өсіп кетті. «Қошқар ата» қоймасын улы қалдықтан тазарту жұмысы әлі де созыла түсер ме еді кім білсін. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2021 жылғы қыркүйекте Маңғыстау облысына жұмыс сапарында Үкімет пен облыс әкімдігіне «Қошқар ата» қалдық қоймасындағы жұмыстарды үш жыл ішінде аяқтауды тапсырып, нақты міндеті белгілеген еді. Министрлік дерегінше, осыдан кейін 2021 жылдың 10 қарашасында республикалық бюджеттен 1,0 млрд теңге аударылған. «Мердігер 2021 жылы 30 арнайы техникамен рекультивациялық жұмыстар жүргізді және 266,2 гектар жерге 70-ге жуық адам 819,3 мың м3 топырақ құйды. Бөлінген 1,0 млрд теңге толығымен игерілді», – деп көрсетіліпті ведомстводан жолданған мәліметте. Президент пәрменінен кейін 2022 жылға республикалық бюджеттен 3,0 млрд теңге бөлініп, 905 гектарға рекультивациялық жұмыстар жоспарланған, бірақ «Мемсараптама» РМК Батыс филиалы 2022 жылғы 22 қарашада түзетілген жобаның мемлекеттік сараптамасын жойды. «Түзетілген жобалау-сметалық құжаттаманың таратылуына байланысты мердігер 2022 жылы тек 253 гектар жерге рекультивациялық жұмыстар жүргізді, келісімшартқа сәйкес тамыз айында 890,1 млн теңге төленді. Осыған байланысты, жұмыстар тоқтатылды және қараша және желтоқсан айларында 2,1 млрд теңге көлемінде қалған қаражат игерілмеді. Содан кейін Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.Склярдың 23.12.2022 жылғы тапсырмасына сәйкес, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Н.Қилыбайдың төрағалығымен өткен техникалық кеңесте республикалық бюджеттен және жергілікті бюджеттен 90/10 пропорцияда нысаналы трансферт қаражаты есебінен жобаны түзету мен қаржыландыруды бастау туралы заңнамада белгіленген тәртіппен шешім қабылданды. «Бүгінде басқарма жалпы сметалық сомасы 49,5 млрд теңгеге түзетілген жобаны бекітті. Бұл жоба 31.10.2023 мемлекеттік сараптаманың қарауына жіберілді», – делінген министрлік жауабында.
Жердің асты-үстін қазып, табиғи байлықты игеріп отырған мемлекет жалғыз біз емес. Әйтсе де, басқа елдерде талап жоғары. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, АҚШ, Канада мен Чили мемлекетінде – «Зиян келтірме!» қағидаты шегелеп тұрып бекітілген. Яғни, тау-кен жұмыстарын бастамас бұрын, кәсіпорын алдымен қазба жұмысы аяқталған соң нысанды жою жоспарын қоса ұсынуы керек. Қазақстан да осындай тәжірибені енгізуге болады. Gulstan жобасының құрылтайшысы әрі жетекшісі Гөзел Құлжабаева қараусыз қалған жерлерге екінші өмір сыйлап, ашық карьерлерді көгалдандырудың тиімді жолы бар дейді. «Шетелде жақсы кейстер жетерлік. Осылардың ішіндегі маған ең жақыны – өнеркәсіптік учаскелерге рекультивация жүргізіліп, ауылшаруашылық жерлеріне айналдыру, ормандар отырғызу. Мәселен, Батыс және Орталық Еуропада халықтың тығыздығы мен урбанизация деңгейіне байланысты бұрынғы кен орындарын саябақтарға немесе ауылшаруашылық жерлеріне айналдырды. Германияда кенді тауларға, бұрынғы тас көмір өндірісінің орнына орман отырғызды. Цзянсу провинциясының билігі бұрынғы шахтада үлкен бақша-саябақ кешенін құруда. Мұндағы идея саябақты әртүрлі ағаш пен бұта, сондай-ақ жабайы және мәдени гүлдері бар ботаникалық баққа айналдыру. Тіпті, оның аумағында өсімдіктердің «Қызыл кітапқа» енген түрлерін өсіруді де қолға алуда. Әр елде ұлттық саябақтар салынуда. Қазақстан жағдайында осы тәжірибені енгізуге болады», – дейді ол.
Ғалымдардың зерттеуінше, бүгінде Қазақстанда 90 млн гектардан астам жер эрозияға ұшыраған оның 29 млн гектары ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланып отырған жер. Бір ғана 2018 жылдың өзінде елімізде 35 млн гектардан астам жер сортаңданып, 17 млн гектарға жуық жайылымдық ресурстар тозып кеткен.
«Негізі мұндай объектілерді қайта қалпына келтіру сол кәсіпорындардың есебінен жүргізілетін заңдар күшейтілуі керек. Енді шенеуніктердің, сәулетшілер мен экологтардың міндеті – табиғатты қалпына келтіру және жұмыс істемейтін кәсіпорындарды заманауи инфрақұрылымдық нысандарға айналдыру болуы шарт. Табиғаттың өсімдіктер арқылы өзін-өзі тазарта алатын құпиясын адамзат әлі толық бағалаған жоқ. Бұл өндірістік аудандардағы қоршаған ортаны жақсартуға ықпал етеді, топырақты эрозиядан қорғайды, гидрологиялық режимін жақсартады. Нәтижесінде, құнарлы қабат тез қалыптасады», – дейді Г.Құлжабаева. Сөз жоқ құнарлы топырақ, күтімдегі жер климаттық өзгерістерге де төтеп беріп, жемісін де мол береді. Сондықтан мамандар жерді бейберекет пайдаланып, бүлдіріп жатқан компанияларға тоқтау салып, жаңа технологияны талап ететін уақыт жеткенін айтады.
Бауыржан БАЗАР