Супербактерияларды өлтіретін антибиотик табылды

Адамды қоршаған бактериялар қазіргі антибиотиктерге бейімделіп, төзімді бола бастады. Денсаулық сақтау ұйымдары мұны жаһандық проблема деп отыр. Ғалымдар супербактерияларды бірден жойып жіберетін күшті полимерлер тапты.

Алдағы онжылдықта антибиотиктерге төзімді бактериялар жаһандық денсаулық сақтауда күрделі проблемаға айналуы мүмкін. Бұның шешу жолдары туралы newatlas.com сайты жақсы жаңалық жариялады. Осы материалға сүйене отырып Aikyn.kz жаңа дәрінің тиімділігін бағалайды.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Alissa Eckert/Science Photo Library

Жаңа дәрілер жасау жарысында Техас A&M университетінің ғалымдары бактерияға қарсы полимерлердің жаңа тобын жасады. Бұл полимерлер «супербактерияларды» жойып жіберумен қатар, олардың дәріге деген төзімділігін болдырмайды екен.

Пенициллиннің ашылуы ХХ ғасырдағы ең маңызды ғылыми жаңалықтардың бірі болды. Инфекциялардан туындайтын аурулар азайды, антибиотиктер миллиондаған адамның өмірін ұзартты, көптеген хирургиялық және медициналық емдеу әдістерін ашты. Бірақ бактериялар мен антибиотиктердің соғысы толастаған жоқ.

Фото biomolecula.ru сайтынан алынды

Бактериялар кішкентай, бейімделгіш зиянкестер, сондықтан олар антибиотиктерге қарсы қорғаныс түрлерін тез тауып алады. Ғалымдар, өз кезегінде, жаңаларын жасады, бірақ, бактериялар да көп ұзамай оларға қарсы бейімделіп, көбейе бастады. Және бұл цикл ондаған жылдарға созылып келеді.

Өкінішке қарай, соңғы жылдары жағдай бактериялардың пайдасына шешіле бастады: адамдарда жаңа препараттар таусылып барады, ал бірақ эволюция жалғасуда. Адамдардың соңғы қорғаныс сызығы сәтсіздікке ұшырай бастады, қазір медицинада қолданылатын кез келген дәріге қарсы күшті қорғаныс иммунитеті бар супербактериялар пайда болды.

Фото mir-znaniy.com сайтынан алынды

Жаһандық денсаулық дағдарысының алдын алу үшін адамзатқа мүлдем жаңа тактика қажет, ал антибиотикалық полимерлер бұл бағыттағы лайықты қадам деп бағалануда. Бұл синтетикалық молекулалар бактериялардың сыртқы қабықшаларын басып алып, бұзады, зиянкестер қарсылық көрсете алмайтындай шабуылдап, оларды жояды.

Жаңа зерттеуде Техас A&M командасы супербактериялармен тиімдірек күресу үшін оларды бағдарлауға мүмкіндік беретін реттелетін жаңа полимерлерді әзірледі. Табыстың кілті – зарядтардың жоғары концентрациясына төтеп бере алатын және суда еритін AquaMet деп аталатын катализатор. Бұл жерде зарядқа төзімділік қасиеті маңызды болып тұр: өйткені бактерияға қарсы полимерлердің оң заряды бактериялардың теріс зарядына тартылу арқылы жұмыс істейді.

Супербактериялар туралы мына видеодан көбірек білуге болады:

Ғалымдардың жаңа әдіспен полимерлерді жасауы оларға молекулаға нақты бөліктерді қосуға болатын жерді дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. Бұл алдыңғы зерттеулер көрсеткендей өнімділікті жақсартуға жол ашады.

Зертханалық сынақтарда жаңа полимерлер бактериялардың екі негізгі тобына – метициллинге төзімді Staphylococcus aureus (MRSA) сияқты грам-позитивті және E.coli сияқты грам-теріс бактерияларға қарсы өте тиімді екені анықталды. Бұның өзі осы жасалған молекулалардың әртүрлі супербактерияларға қарсы жұмыс істейтінін көрсетеді. Препараттар төмен концентрацияларда да тиімді екенін дәлелдеген.

Антибактериалды полимерлердің негізгі қиындығы – қызыл қан жасушалардың да теріс заряды бар, яғни оларға соларға да тартылуы мүмкін. Бірақ бұл жағдайда молекулаларды дұрыс бейімдеу әдісін қолданып олардың бактерияларға ғана шабуылдауын қамтамасыз етуге болады. Дегенмен зерттеу тобының пікірінше, бұл сала әлі де көп жұмысты қажет етеді және келесі зерттеулерде жалғасатын болады.

Супербактериялардан сақтану керек, олардың қаншалықты қауіпті екенін мына видеодан білесіз: