Биыл жас түлектер Ұлттық бірыңғай тестілуді 5 рет тапсыра алады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Facebook-тағы парақшасында жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Құрметті болашақ студенттер! Сіздер үшін ҰБТ-2024 өзгеріссіз қалатындығын қуана хабарлаймын. Тестілеуде сіздер тек екі пән тапсырасыздар: Қазақстан тарихы (20 тапсырма, шекті балл – 5) және Оқу сауаттылығы (10 тапсырма, шекті балл – 3). Тапсырмаларды орындау уақыты – 70 минут. Ал шығармашылық емтихандар жоғары оқу орындарында өтеді», – деп жазды министр.
Министрдің айтуынша, бұл шешім талапкерлердің қалауы мен бейінді ведомстволардың сараптамалық пікірі негізінде қабылданды.
«Қорытындылай келе, өткен жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен грант тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігін ресми түрде бекіткенін еске саламын. Егер ақылы негізде түсу үшін ҰБТ тапсырудың тағы үш мүмкіндігі (қаңтар, наурыз, тамыз) бар екенін ескеретін болсақ, онда 2024 жылғы талапкерлер тестілеуден бес рет өте алады», – деді Саясат Нұрбек.