2016 жылдан бері Юпитер жүйесін зерттеп келе жатқан және жақында ғана Io серігінің жанартаудан әбден жараланған бетіне жақын ұшқан Juno ғарыш кемесі алып планета жүйесінің суреттерін жіберген. Aikyn.kz бұл оқиғаның маңызын gizmodo.com сайтында жарияланған мақалаға сүйеніп түсіндіреді.
NASA-ның Юпитер зонды 30 желтоқсан күні Иомен 1500 шақырымға жақындасып, оның жанартаулардан жараланған бетінің суреттерін адамзатқа алғаш рет көрсетті.
NASA мәліметтері бойынша, бұл Жерден соңғы 20 жылда жіберілген аппараттардың ішінде Ионың жанынан ең жақын қашықтықта ұшып өткен алғашқы ғарыш кемесі. Осы миссия кезінде Juno барлық үш борттық камераның көмегімен Юпитердің серігінің анық суреттерін түсірді. Жексенбі күні NASA ғарыш кемесінен көрінген спутниктің алты суретін жариялаған.
Юпитердің спутнигі – Күн жүйесіндегі жанартаулары ең белсенді дене болып саналады. Жаңа суреттерден көрініп тұрғандай, Ионың бетінде жүздеген жанартаулар мен балқыған лава көлдері бар. Беті әбден жыртылған ландшафт күйік шалған тыртықтарға ұқсайды.
Юпитердің төрт серігінің ең ішкі бөлігі ретінде Ио планетаның орасан зор тартылыс күші мен Еуропа мен Ганимед серіктерінің тартылыс күші арасында қозғалады. Бұл спутниктің вулкандық белсенділігіне ықпал етеді, өйткені Ио өзінің орналасуына байланысты үнемі созылып, қысқарып тұрады.
Ересектер мен балаларға танымды мына анимациялық видеода Юпитердің Ганимед, Еуропа, Каллисто мен Ио спутниктерінің оқиғасы баяндалады:
Juno ғылыми тобы Ио жанартауларының қаншалықты жиі атқылайтынын, олардың қаншалықты жарқын және ыстық екенін және лава ағынының пішіні қалай өзгеретінін зерттейді.
3 ақпанда Juno кемесі Иоға екінші рет ұшуды жоспарлап отыр, оның барысында ғарыш кемесі тағы да спутниктің бетінен 1500 шақырым қашықтықта өтіп зерттеулерге қажетті өлшеулер жүргізеді, суреттер түсіреді деп күтілуде.