«ҚазТрансГаз Аймақтың» Жезқазған филиалы басшысына қатысты тергеу басталды

Филиал басшысы мен бас маманы азаматтардан 70-тен 300 мың теңгеге дейін ақшалай сыйақы сұраған.

ҚМА «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жезқазған филиалының басшысы мен бас маманына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Ұлытау облысындағы екі елді мекеннің тұрғындары Агенттіктің аумақтық Департаментке шағымданған. Агенттік қызметкерлерінің араласуынан кейін халық көгілдір отын қолдануға мүмкіндік алған.

ҚМА мәліметінше, Қабанбай батыр кенті мен Талап ауылында ұзақ уақыт бойы газ тарату желісінің жабдығына қосылу мүмкіндігі болмаған. Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жезқазған филиалының басшысы мен бас маманы азаматтардан 70-тен 300 мың теңгеге дейін ақшалай сыйақы сұраған.

«Олар бұл қаражатты тұрғын үйлер мен шаруашылық объектілерін газдандыру бойынша монтаждау жұмыстарының сапасын тексермей, кедергісіз қабылдау үшін талап еткен. Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде қазіргі уақытта аталған елді мекендерді газдандыру мәселесі шешілді, тұрғындардың үйіне табиғи газ жеткізілді», – делінген хабарламада.