Қорғаныс министрлігі Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев ескерткішінің алынып тасталуына қатысты пікір білдірді

Қазіргі уақытта ескерткіш қорғаныс ведомствосы ғимараттарының бірінде уақытша сақталып тұр.

Қорғаныс министрлігі Ұлттық қорғаныс университетінің аумағында ҚР Тұңғыш Президентінің ескерткішін бөлшектеуге (демонтажға) қатысты Aikyn.kz редакциясына арнайы жауап берді. 

Ведомствоның хабарлауынша, ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен "ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті" атауы "ҚР Ұлттық қорғаныс университеті" болып өзгертілді.  

"Осыған байланысты Ұлттық қорғаныс университетінің аумағында орналасқан ҚР Тұңғыш Президентінің ескерткішін ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының ғимаратына көшіру және орнату туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта ескерткіш қорғаныс ведомствосы ғимараттарының бірінде уақытша сақталуда тұр. Тиісті дайындық шараларын өткізгеннен кейін ескерткіш мұражай ғимаратына көшіріледі", – делінген ақпаратта.