Алыс жол – артық шығын

Қызылорда облысы Арал ауданының халқы жолға қа­тысты түйткілді мәселенің түйіні жеделдете тарқа­тыл­ғанын қалайды.

Жергілікті жұрт­шылық «Бейнеу-Бозой» жолы Сексеуіл кенті арқылы салынса, өңірдегі жолға қа­тысты біраз мәселенің оң­­тай­лы шешімін табатынын ал­ға тартып отыр.

Кент тұрғындары күре жолдың Шалқар өңірі арқылы салынатынын қолдамайтынын айтады. Себебі «Шал­қар-Бейнеу-Бозой» жобасы 825 шақы­­­рымды құраса, «Сексеуіл-Бейнеу-Бо­зой» жобасы жүзеге асырылса, 515 ша­­қы­­­­­­рымды жүріп өтуге болады екен. Яғни, бірінші жоба бойынша салынса, 320 шақырым артық жол жүруге тура келеді. Әрі бұл жол құрылысы артық шығынға соқтырады деп есептейді. 

«Негізінен, «Бейнеу-Бозой-Сек­сеуіл» жолын салуға шешім қабылданса нұр үстіне нұр. Қазір аталмыш авто­­жолдың салынуын Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан және Арқа өңірінің халқы да қолдайды. Себебі бұл ең жақын, әрі жол азабынан құтқаратын бірегей жоба ретінде танылып отыр. Ең бастысы, бұл жол салынса көліктердің  техникалық ахуалына жағдай туғызатын Сексеуіл, Қосаман Қотанбұлақ, Ақбасты, Құ­­­ланды, Бозой сынды елді мекендердің арасын байланыстырады. Бұған қоса, жол құрылысына бөлінетін қаржы көлемін үнемдеуге де мүмкіндік артар еді», – дейді Арал қаласының тұрғыны Айнұр Рыспаева.

Бүгінде Маңғыстау халқы да Қазақ­станның орталық оңтүстік бөлігінен шығатын жол «Шалқар-Бейнеу-Бозой» болып салынуын түсінбей дал. Қырық жылдан бері тартылған теңіздің азабын көріп отырған Арал өңірі халқының да айтар назы аз емес. Халықтың пікіріне сүйенсек, Аралдың қыр жағы әбден тозған. Кеңес уақытында ұшақпен, кеме қаты­насымен қатынауға мүмкіндік болатын. Қазір көлік қатынасы үлкен қиындық туғы­зып отыр. Соған орай наразы топ петиция жинап, 2 000-ға жуық адам қол қойыпты. 

Бұған дейін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына енген бұл жоба Аста­надан – Ырғызға, Ырғыздан – Шалқарға, Шалқардан – Бейнеуге деп жоспар­­ланған. Кейіннен бұл жобаның тиімсіз­­дігі дәлелде­ніп, өзгертуге ұсыныс жасал­ған. Алайда ал­­ғаш­қы жоба әлі күнге өзгеріссіз қалып келеді. Назын білдірген халық «Сексеуіл-Бейнеу-Бозой» жобасы мақұлданып, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолымен қосылса, Сексеуіл, Ақеспе, Қосаман, Бо­зой тұрғындарының күнкөрісіне үлкен кө­мек болатынын алға тартады. Ең басты­сы, алғашқы жобаның ел қазынасына кел­тірер шы­ғыны шаш етектен деп есеп­тейді.

«Жолдың ұзаруы бі­рінші кезекте қыс мезгіліндегі Ырғыз бен Шалқар ара­сының көк тайғақтығы, Оңтүстіктен Атырауға ағылған көлік кептелісінің ұлғаюына әкеп соқты­ра­тыны анық. Ал Сексеуіл жобасының тиімділігі зор.  Бұл жол азабын азайтуға, әрі  уақытты үнемдеуге сеп болар еді. Сондықтан Атырау, Маңғыстау, Ақтау әкімшілігінің жанындағы халықтық кеңесі және Оңтүстік өңірдегі халық кеңесі Сексеуіл-Бейнеу-Бозой» автожол жобасын қалап тұр. Көптің талабы тез арада шешімін тауып, елдің үміті еселеніп қайтса деген үміт бар», – дейді өңір тұрғыны Уәлихан Жұмағұлов.

Бұл мәселе былтыр Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген Көлік министрі Марат Қарабаевтың Сексеуіл халқымен кездесуінде де көтерілді. Көптің базынасын тыңдаған министр жаңа жылдан кейін орынбасарын өңірге арнайы жіберіп, мәселенің мәнісін зерделеуге уәде беріпті. Жергілікті жұрт­шылық осы уағдаластыққа үмітпен қарайды.

«Бұл мәселе туралы Президент Тоқаевқа хат жолдадық. Бұдан кейін ха­тымыз Үкіметке, министрлікке жол­данып, жауапты комитеттің мамандары айналысып жатқанынан хабардар болдық. Соның нәтижесінде 27 қарашада қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды.  Оған Арал ауданы әкімі, жобалау ме­кемесінің өкілдері, «ҚазАвтоЖол» ме­кемесінің мамандары, экологтар қа­тысты. Өзіміздің ұсыныс-пікір­лерімізді айттық. Нәтижесінде, бірауыз­дан қол­дағаны жөнінде шешім шыға­рылып, жауапты мамандар протоколын алып кетті. Қазір жоба жасалып жатыр деген ақпар бар. Бұдан кейін бір топ тұр­ғындармен облыс орталығы Қы­­зылорда қаласына да барып, жұмыс сапарымен келген Көлік министрімен кездестік. Минстрге мәселені бүге-шіге­сін қал­дырмай баяндадық. Министр тарапынан жаңа жылдан кейін Сыр өңіріне келіп, қайтадан қоғамдық қабыл­дау өткізіп, халықпен кездесіп, заң шең­берінде  түйткілді мәселенің түйінін тар­қата­тынын айтты. Бүгінде осы мә­селеге орай тиісті жұмыстар жасалып жатқаны мәлім болып отыр. Ендігі кезекте мін­детті жұмыстар аяқсыз қал­май, түбегейлі ше­шілуіне назар ауда­­рылса игі», – дейді Сексеуіл кентінің тұрғыны Серік Жанұзақов.

Қалай дегенде де, Сыр елінің, Оң­түстік және Батыс өңірі халқының талап-тілегі бір арнада тоғысып тұр.  Жұрт­шылық алғашқы жоба қай қырынан алып қараса да тиімсіз болатынын алға тартады. 

Жол азабын тартқан жамағаттың басты талабы – екінші жоба оңтайлы шешімін тауып, құрылыс жұмыстарының жеделдете жүргізілу болып тұр. Елдің тілегі ескеріліп, табиғи апаттың аранын­да улы шаң жұтып отырған Сыр халқы­ның жайлы өмір сүруіне жағдай жасалса деген тілегін жеткізді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ