Бұл киноға барушылардың ынтасы қалың екенін билет сатылымындағы аншлагтан-ақ аңғаруға болады. Көрермен санасын жаңа жанрмен жаңғыртқан «Дәстүр» жайында кинотанушы, өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, «Құрмет» орденінің иегері Нәзира Рахманқызымен әңгімелестік.
– Нәзира апай, бір фильмге байланысты түрлі көзқарастың болатыны – заңдылық. Дегенмен бүгін біз «Дәстүрдің» аясында ой өрбітсек деп отырмыз. «Дәстүр» – режиссер Қуаныш Бейсектің туындысы. Хоррор жанрында түсіріліп отырған алғашқы фильм. Кассалық тұрғыдан алғашқы аптаның өзінде мол қаражат жинады. Бұл фильмді көргенде қандай ой түйдіңіз?
– «Дәстүр» фильмі – қазір біздің қоғамда ең көп талқыланып жатқан тақырыптардың бірі. Бұл, әрине, көрерменнің өз киносына, жалпы өнеріне бейжай қарамайтынының дәлелі ғой. Ең алдымен, айтқым келетіні – бұл фильмге дейін хоррордың элементтері бар немесе хоррор және тағы бір жанрдың синтезінен құралған фильмдер болды. Мысалы, 2020 жылы көктемде (пандемия басталар алдында) прокатқа Ернар Нұрғалиевтың қара комедия мен хоррор жанрлары әдемі үйлестірілген «Жаным, айтсам сенбейсің» деген фильмі шықты. Шын мәнінде, бұл фильм де көрермен үшін қызықты болды, айналдырған 4 күннің ішінде бюджетін толық ақтамаса да, жақсы қаражат жинады. Кейін қырықтан астам фестивальге қатысып, соның он тоғызында жүлдеге ие болды. Яғни, кез келген дүние өздігінен пайда бола қоймайды. Сол сияқты «Дәстүрдің» дүниеге келуіне ықпал еткен осындай фильмдер, одан бөлек басқа да алғышарттары болды.
Фильмді көргенде мені ең алдымен қызықтырғаны – бұл жанрдың экранымызда он-жиырма жыл бұрын, тіпті одан да ерте емес, неліктен соңғы үш-төрт жылда пайда болды деген сұрақ болды. Сондықтан сұрағыңыздың жауабын сәл әріден бастағым келіп отыр. Жалпы, хоррор жанры кеше пайда болған жоқ. Кино өнерінің алғашқы жылдарында-ақ, мысалы Жорж Мельестің біраз фильмдерінен хоррордың элементтерін көруге болады. Ал нағыз өнер ретіндегі бастауы ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы неміс экспрессионизмімен тығыз байланысты. Сонан соң тағы бір қызық сәт бар: қоғамда, әлеуметтік өмірде үлкен сілкіністер туындағанда хоррор жанрына деген сұраныс тым көбейіп кетеді. Жаңағы айтқан экспрессионизмнің өзі Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Германиядағы әлеуметтік, психологиялық, моральдық, экономикалық, саяси дағдарыстардың кезінде тарих алаңына шықты. Немесе Екінші дүниежүзілік соғыстың адам баласына алып келген күйзелістері 1945 жылдардан кейінгі Америкадағы хоррор жанрының аса сұранысқа ие болуына ықпал етті. Одан кейінгі кезеңдердегі жағдайлар, тіпті кешегі пандемияның өзі хоррор жанрына тағы да қарқынды дем берді.
Сондықтан соңғы жылдардағы қоғамның көңіл күйі, түрлі әлеуметтік жағдайлар бұл жанрдың бізде пайда болуына әсер еткен секілді. Ендігі жерде – авторлар бұл фильм арқылы не айтқысы келеді, мәселе осында болып отыр. Ең алдымен, фильмнен көретініміз – қазір ең көп талқыланатын мәселелерді тақырып етіп алған. Соның бірі – екі күннің бірінде жаңалықтардан көріп-біліп отырған әрі ең бір жан ауыртар зорлық-зомбылық мәселесі. Осы тақырыпты экранға алып шығарда авторлардың бір ғасырдан астам тарихы бар хоррор жанрының бай тәжірибесіне сүйенгені әрі жанр табиғатын жақсы зерттегені көрініп тұр.
– Кез келген фильмнің көтеретін тақырыбы болады. Соңғы жылдары комедиялық жанрға көбірек бет бұрып кеткендіктен, «Дәстүрдің» көпшілікті елең еткізгені рас. Хоррор ретінде өз жанрын ақтай алды ма?
– Жалпы, комедия – кірпияз әрі күрделі жанр ғой. Кино тарихында осы жанрда түсірілген қаншама тамаша фильмдер бар. Соңғы бірнеше жыл бойы экранымызда көркемдік сапасы сын көтермейтін, тек табыс табуды көздейтін комедиялық фильмдер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені белгілі. Пандемияға дейін тіпті көп түсірілді, қазір де шығып жатыр. Өкініштісі, бұл фильмдердің көрермен санасында комедия жанры туралы белгілі бір талғамның қалыптасуына ықпал еткені. Бірақ сан бар жерде, сапа болатыны белгілі. Осындай фильмдер ақыр-соңы сапалы комедиялардың дүниеге келуіне ықпал етері сөзсіз. Әрине, біртектес комедиялық фильмдерден жалыққаны және дәл осы кезде «Дәстүрдің» экранға шыққаны көрерменді елең еткізгені де рас. Бірақ бұл бір ғана себебі. Жоғарыда айтып өткендей, «Дәстүрге» қоғамның аса назар аударуының басқа да себептері бар деп ойлаймын. Ең алдымен, тақырыбы біздің қоғамға өте таныс әрі ең бір өзекті мәселелердің қатарынан екені белгілі. Екіншіден, әрине, жанры. Хоррордың өзі әу бастан көрерменді қызықтыратын негізгі жанрлардың бірі екенін жоғарыда айттық. Осы жанрмен бір Америка киносының өзі әлем экранын жаулап, қаншама табыс тауып отыр. Үшіншіден, прокатқа шығар алдында фильмнің жарнамасы өте жақсы болды. Әлеуметтік желілерді, тизерін айтпағанның өзінде, Қанат Бейсекеевтің бір ғана «Замандас» бағдарламасы бұл фильмге едәуір жарнама жасап берді деп ойлаймын. Оның үстіне, режиссері Қуаныш Бейсектің атышулы «Ирина Кайратовна» тобының клиптерін, сондай-ақ «Отыздан асып барамын» фильмін түсіргені белгілі. Топ та, фильм де көрерменге өте жақсы таныс. Осылардың барлығы көрерменнің фильмге деген қызығушылығын арттырғаны белгілі. Әрине, басты әрі негізгі себеп – фильмнің өзінің қалай жасалғаны. Біздіңше, фильм жанр табиғатын толық сақтаған. Актерлерік ойын, операторлық жұмыс, монтаж, т.б., яғни кинематографиялық тұрғыдан тәп-тәуір шыққан фильм деуге болады. Бір жарым сағат бойы экран алдында тапжылтпай ұстап отыратыны да рас. Бұл да жақсы жетістік деп ойлаймын.
Алайда көптеген көрермен секілді, фильмнен соң мені де бір сұрақ мазалады. Фильмде бір ғана жағымды кейіпкер бар, ол – ауыл мешітінің имамы. Және соңына қарай, әсіресе кульминациясында бар басымдық имамға, ол оқитын жын-перілерді қуатын сүреге беріледі. Әрине, жын-пері хоррор жанрында жиі кездесетін мотивтердің бірі ғой. Бірақ дәл осы мотивтің шешімі бұл фильмде қалай көрініс тапқаны ойлантып қойды. Оған аса мән берілмес те ме еді, егер имам, жаңа айтып өткендей, фильмдегі жалғыз жағымды кейіпкер болмаса. Жаңағы эпизодты бүкіл ауылда Болаттың бейнесіндегі зұлымдықты құрықтауға жан адамның қауқары жетпейді, осындайда тек әлдебір тылсым күштің, яғни сүренің ғана күші жетеді деп қабылдауға да болатын шығар. Алайда фильмде жын-пері мотиві күтпеген жерден басталады, яғни оның пайда болуының алғышарттары нанымды берілмеген. Ал ол өте маңызды еді. Өйткені бұл мотивтің ұшы имамға әкеліп тірейді. Сондықтан қазір осыған байланысты түрлі пікірлердің туындап жатқаны заңды деп ойлаймын.
– Хоррор фильміндегі алғашқы кейіпкерлер қанішер болғанымен, олар жиіркеніш тудырмайтын. Алғашқы хоррорларда мелодрама мен романтика басым келетін, қазіргі «Дәстүрде» мистика көбірек. Әлде бұл қалыпты жағдай ма?
– Ең алғашқы хоррор жанрындағы фильмдер біз үшін аса қорқыныш тудырмауы мүмкін. Бірақ сол заманның көрермені үшін ерекше әсер етті. Ол фильмдерді қабылдағандар да, айыптағандар да болды. Жалпы мистика хоррор жанрындағы фильмдерде жиі кездеседі, кейде тіпті негізгі элементтерінің бірі ретінде қолданылады. Алдында айтып өткенімдей, «Дәстүр» жанр табиғатын әдемі сақтай отырып, мистикаға назар аударған және оны шебер қолданған. Сондықтан фильмде мистикаға басым назар аударылғанын жаңалық деп қабылдаудың қажеті жоқ. Осы тұста әлемнің белгілі фильмдеріне сілтеме жасағанын немесе тәжірибесін қолданғанын да байқауға болады. Мысалы, негізінен хоррор жанрында фильмдер түсіретін белгілі америкалық режиссер Тай Уэстің кинематографистер, көрермен тарапынан өте жақсы қабылданған әрі тұсаукесері 2022 жылы Венеция фестивалінде өткен «Пэрл» деген фильмі бар. Осы фильмнің соңына қарайғы бір эпизодта басты кейіпкер алдында ғана өзі өлтірген әке-шешесін үстел басына отырғызып қояды. Осыған ұқсайтын көрініс «Дәстүрдің» соңғы эпизодтарының бірінде де кездеседі. Немесе бөлмедегі құрт-құмырсқалар, иә болмаса Болаттың қабырғамен өрмелеуі, т.б. секілді сәттер хоррор жанрында түсірілген фильмдердегі таныс көріністер ғой.
– «Дәстүрдің» атауына қатысты да сын көбірек айтылып жатыр. Егер «Дәстүр» болмағанда қалай атауға болар еді?
– Фильмнің тақырыбы мен мазмұнына жүгінсек, атауы сәтті берілген деп ойлаймын. Бұл жерде фильм авторлары әрбір адам үшін қастерлі халық дәстүрлерінің мазмұны емес, формасына ғана мән берілетінін айыптап, сынап отыр. Ауыл әкімінің ақылымен, Болаттың ата-анасы қыздың әке-шешесіне келіп: «Бүкіл ауыл естіді. Қыздың тағдыры енді не болады, одан да дәстүріміз бойынша екі жасты қосайық», – дейді. Әрине, бұл тек кеше ғана мектеп бітіріп, үлкен сахнаға шықсам деген үкілеген арманы бар бүлдіршіндей жас қыздың болашағына балта шапқан жалғыз ұлын түрмеден алып қалу үшін жасалған қадам екені белгілі ғой. Бұл жерде өздері айтып отырған дәстүр алдында ғана үлкен қылмыс жасаған Болатты ақтап алу үшін керек болып тұр. Әрі қарай қыздың әкесінің Болаттың әкесінен қомақты ақша алатын, мешіттегі неке қию, тойдағы, т.б. көріністерді есімізге түсірейікші. Ауылдарында қандай қылмыстың болғанын біле тұра, бәрі білмегенсиді. Өйткені той да, неке қию да, бәрі-бәрі «дәстүр» бойынша өтіп жатыр. Яғни, екі жасты бір-біріне атастырып, ел мен елді жақындатқан, мың жылдық құда болып, өрісін кеңейткен, ұрпағының, әулетінің қамын ойлап, болашағына алаңдатқан осынау дәстүрдің шын мәніндегі маңызының жұрнағы да қалмаған. Оның орнына өзінен кішілерге, әлсіздерге әлімжеттік көрсету, қыз зорлау, бірақ ештеңе болмағандай, әрі қарай тайраңдап жүре беру, жағымпаздана, жарамсақтана жүріп, бақай есебін түгендеп алу, көз алдарында қыздары зорланады, бірақ оны білсе де білмегенсу, т.б. бұл ауыл адамдары үшін шын мәніндегі дәстүрге айналған. Біздіңше, фильмнің «Дәстүр» деп аталуының астарында осындай ой жатқандай.
Бүгінде қазақы дәстүрдің мазмұны жоғалып, тек сыртқы формасы қалғанын сынау осыдан екі-үш жыл бұрын түсірілген Серік Апрымовтың «Ауыл» деген фильмінде де бар. Ол енді авторлық кино бағытында түсірілген фильм ғой. Ол фильмнің де негізгі нысаны – қазіргі қазақ ауылы мен оның тұрғындары. Басты кейіпкері сол ауылдағы жалғыз қонақүйдің иесі, ауыл шетіндегі зиратты трактормен сырып, ондағы адамдардың мәйітін қазып алып, басқа жаққа жерлемекші. Мақсаты – жаңағы зираттың орнына бензин сататын орын ашу. Бірақ үнемі «біз дәстүрімізді сақтауымыз керек» дейді де жүреді. Істеп жүргені – зұлымдық, аузындағы сөзі – жаңағыдай. Осы фильмде кішкентай баланың тұсауын кесетін эпизод бар. Ауылына талай зұлымдық жасап жүргендер сол жерде дәстүр туралы жалынды сөздер айтады.
Көріп отырғанымыздай, бүгінгі таңдағы дәстүр тақырыбы «Дәстүр» фильмінде тұңғыш рет қозғалып отырған жоқ. Стилистикасы, формасы, жанры жағынан әрқилы екі фильмде де бір мәселенің айтылуы кездейсоқ емес. Олай болса, бұл біздің қазіргі қоғамдағы бар мәселе деген сөз ғой.
– Соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы эфирге жиі шығып кетті. Баян Есентаеваның «Бақыты» да сондай мәселені арқау етті. «Дәстүрге» де хоррор деп қарағанымызбен, астарында зорлық-зомбылыққа қарсылық көрсетілген. Дегенмен фильм – идеология құралы деп есептесек, бір жағынан ашық насихат жасап отырған жоқпыз ба?
– Иә, өте маңызды мәселені қозғап отырсыз. Мұндай фильмдердің біртіндеп көбейіп келе жатқанына – ең алдымен күн сайын естіп-көріп жүрген негативке толы жаңалықтардың да әсері бар деп ойлаймын. Байқасаңыз, қоғамда қай тақырып көбірек қозғалады, сол тақырып көп уақыт өтпей-ақ сценарий болып жазылып, фильмдер түсіріліп жатады. Әсіресе, әлеуметтік желілер, интернет тек өзіміздегі ғана емес, әлемдегі жаңалықтардан лезде хабардар болуымызға мүмкіндік беруде. Әрқилы мазмұндағы ақпарат легінің қарқыны соншалық, адамдар оларды талдап, қорытып үлгере алмай жатады. Екіншіден, қазір көрерменді экран алдында тапжылтпай ұстап отыру да оңай емес, сондықтан адам санасына мейлінше әсер ететін фильмдер түсіруге талпыну да себептердің бірі деп ойлаймын. Оның үстіне, мұндай қатігез көріністері бар дүниелер ютубқа шығатын сериалдарда пайда бола бастады. Мысалы, «Дәстүрге» дейін «5:32» сериалы шықты. Ол сериалдың да қорқыныш, үрей туғызатын, қатыгез көріністері бар хоррордан еш айырмашылығы жоқ.
Сондықтан зорлық-зомбылықты көрсететін фильмдердің пайда болуына ықпал ететін себептері көп деп ойлаймын. Бұл мәселені біржақты қарастыру мүмкін емес. Қазіргі қоғам қаншалықты күрделі болса, мұндай фильмдердің пайда болуы да соншалықты күрделі мәселе. Екеуін бір бірінен бөліп қарастыра алмайсыз.
Шын мәнінде, осындай күрделі кезеңде, керісінше, адам жанын нұрландыратын, санасына ізгілік себетін дүниелердің көптеп түсірілуі өте маңызды. Бар мәселе авторлардың таланты мен ниетіне, пайымына байланысты.
– «Дәстүр» нені мансұқтайды? Саяси көзқарас па, діни фанатизм бе, әлде… Сіздің ойыңыз қалай?
– Фильм қазіргі қоғамда ең жиі қозғалатын тақырыптарды алып, хоррордың қалпына (формасына) салған. Кейіпкерлердің есімдері, ауылдың, дүкендердің аты, былай қарасаңыз, саяси мәселені қозғағандай көрінеді. Бірақ бұл кинода әбден таптаурын болған тәсіл, мұнысымен фильм ешқандай жаңалық ашқан жоқ деп ойлаймын. Екіншіден, жоғарыда айтып өткенімдей, соңына қарай, фильм оқиғасының шешуші сәтінде дін өкіліне аса назар аударылып, басымдық беріледі. Яғни, астарынан қаласаңыз да, қаламасаңыз да, барлық жамандық атаулыдан құтқаратын тек мешіт деген ой оқылады. Алайда жын-шайтанды сүремен аластау мотиві арқылы жанрды халықтың дүниетанымының кейбір сәттеріне жақындатуға талпыныс та болуы мүмкін. Қалай десек те, фильм өз жанрынан ауытқымай, қаншалықты жақсы шықса да, осындай сәттері ойлантып қойғанын жасырмаймын.
– Қуаныш Бейсек – жаңа буынның өкілі. Кәсіби режиссер емес, әуесқойлықтан бастаған адам. Жалпы, оның фильм түсіруге деген бағыт-бағдарын қалай қабылдайсыз?
– Қуаныш Бейсек бұған дейін клиптер, сериалдар, қысқаметражды фильмдер мен «Отыздан асып барамын» атты толықметражды фильмін түсірді. Жас режиссерді толғандыратын тақырыптардың кейбір белгілерін сол түсірген дүниелерінен аңғаруға болады. Алдындағы «Отыздан асып барамыммен» салыстырғанда «Дәстүр» фильміне режиссердің кинематографиялық тұрғыдан біраз дайындықпен келгені байқалады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ