Күні кешеге дейін әжелеріміздің басқан киізі әр үйдің төрінде төселіп, қабырғаға ілініп тұрушы еді. Бүгінде бұл қолөнер бұйымы заман талабына сай қолданыстан шықты. Тіпті, оның жасалу әдісі де көптің көкейінде ұмыт болып келеді.
Негізінен киізді қойдың күзем жүнінен қалың, әрі тығыз етіп жасайды. Ал бетіндегі ою-өрнегіне жабағы жүні қолданылған. Ежелден оны көшпелі қазақ өмірінде кеңінен пайдаланған. Тарихи деректерге сәйкес, бұл қолөнер бұйымы Ноин-ула, Пазырық қорғандарынан да табылған. Демек, оның шығу тарихы тереңде жатыр деген сөз.
Киіздің түрлері де сан алуан атауға ие. Қолөнер бұйымының жас киіз, өре киіз, аяқ киіз, жабу киіз секілді түрлері қазақ мәдениетінде кеңінен таралған. Соның ішінде откиіз, төркиіз, текемет, сырмақ, талдырма киіз секілді түрлері төсеніш ретінде қолданылған.
Қазіргі қоғамда ұмыт бола бастаған көне қолөнер бұйымдарын қайта дәріптеп, заманауи үлгіде қолданысқа енгізіп жүрген жандар бой көрсетіп келеді. Соның бірі – көне киізді кәдеге жаратып, елдің алғысына бөленіп жүрген сырбойылық Айдана Әлайдарованың ісі көпке үлгі.
Сыр өңіріндегі Қорқыт ата университетінде шәкірттерге тәлім беріп жүрген ұстаз ұмыт бола бастаған ұлттық құндылығымызды дәріптеуді азаматтық парызым деп біледі. Ол Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, педагогика ғылымдарының магистрі, «СырЭтноДизайн» қолөнер орталығы директоры ретінде өңір халқына жақсы таныс. 2001 жылдан бастап аталмыш оқу орнының «Дизайн және технологиялар» кафедрасында оқытушы болып жұмыс істейді.
Бала күнінен анасының киіз басу тәсілін көріп, қызығушылығы артқанын айтады. Уақыт өте келе өзі де қолөнер бұйымдарын жасауға ден қойып, түрлі тәсілін меңгеріпті. Бүгінде киіз басудың қыр-сырын шәкірттеріне үйретіп, қойдың жүнінен түрлі бұйым жасауға бет бұрыпты.
«Қазір киіз ұмыт болып барады. Соңғы 30-35 жыл көлемінде мүлде тұтынбайтын болдық. Бұған дейін әр отбасының төрінен табылатын қазақы төсеніш жайында бүгінгі жас ұрпақ біле бермейді. Кейінгі жылдары қойдың жүнін кәдеге жарата алмай, өртейтін болды. Киіз үйлер киізсіз қалды. Осыдан кейін ұлттық құндылығымызды дәріптеп, өскелең ұрпақтың жадында жаңғыртуды парызым деп білдім. Осы ойымды жүзеге асыру мақсатында ұлттық өнерімізді заманауи технологиямен ұштастыруды қолға алдым. Нәтижесінде, қойдың жүнінен, көне киіздерден түрлі бұйым жасауға көштім», – дейді қолөнерші.
Қолөнер шебері қой жүнінен панно, бас киім түрлерін, кеудеше, аксессуар, текемет, сырмақ, құмыра мен қоржындарды, күнделікті тұтынуға арналған түрлі бұйым жасайды. Шебердің қолынан шыққан көздің жауын алатын дүниелерге тұтынушылар тарапынан да сұраныс жоғары.
Ұлттық өнерді ұлықтауда еселі еңбек сіңіріп жүрген қолөнерші қой жүнінен заманауи үлгіде бұйымдар жасаудың өзіндік ерекшелігі бар екенін де атап өтті. Шебер өз бұйымдарын жасауда ешқандай тігіс пайдаланбайды екен. Қой жүнінен дайындалған бұйым жеңіл, әрі жылы болып келеді. Экологиялық таза өнім болып саналады. Сонысымен де тұтынушыларға өте қолайлы.
«Негізінен, Сыр өңірінде өсірілетін қойдың жүнінен текемет басып, аяқ киім жасауға ғана пайдалана аламыз. Өйткені Сыр бойын мекендейтін қойдың жүні қаттылығымен ерекшеленеді. Ал киімге және басқа да бұйымдар жасауға Алматы, Тараз қаласынан арнайы тапсырыспен «Меринос» тұқымды қойдың жүнін алғызып отырмын. Бұл өнім зауыттан арнайы тазартылып, әрі жұмсақ болып келеді. Жалпы, киізден түрлі бұйым жасап, одан нәпақа табуды көздеген емеспін. Тек арнайы тапсырыс берген адамдарға ғана ақылы түрде жасаймын. Негізгі мақсатым – бүгінгі қоғамда ұмыт бола бастаған ұлттық құндылығымызды қайта жаңғырту», – дейді Айдана Әлайдарова.
Қолөнерші қолдан жасаған бұйымдарына еліміздің барлық өңірінен, тіпті шетелдерден де тапсырыс түсіп тұратынын айтты. Әсіресе, өзге елдің қазақы нақыштағы бұйымдарға қызығушылығы басым екен.
Бүгінде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде Қорқыт ата университетінен арнайы аудитория беріліп, этно дизайн бойынша сабақ өткізіп тұрады. Сондай-ақ жас ерекшелігіне қарамай, студенттерден бастап, егде жастағы адамдарға киіз басудың қыр-сыры мен қой жүнінен түрлі бұйым жасаудың тәсілін үйрететін арнайы трениг ұйымдастырып келеді. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, ерекше балалардың ата-аналарына заманауи технология арқылы ұлттық бұйымдарды дайындаудың тың тәсілін үйретіп жүр.
Оның айтуынша, киіз бен қой жүнінен жасалған бұйымдардың қоршаған ортаға және адам ағзасына пайдасы зор екен. «Бәріміз де бала күнімізде киіздің үстінде аунап-қунап өстік. Кейіннен бойына шаң жинайды деген желеумен киіздерді жаппай далаға шығарып тастадық. Өйткені апта сайын қағып, тазалау үлкен қиындық туғызатын еді. Осылайша, бұл төсеніштің орнын синтетикалық кілемге ауыстырдық. Алайда бүгінде киіздің пайдасы орасан екені дәлелденіп отыр. Мәселен, киіз ауадағы жағымсыз энергияларды, шаң-тозаңды бойына сіңіріп, астына тастайтын қасиеті белгілі болды. Сондықтан да апта сайын топыраққа, шаңға толып қалады. Ал синтетикалық кілемдер шаң-тозаңды бойына сіңірмейді. Соның салдарынан зиянды қалдықтарды ауа арқылы жұтып жатырмыз. Ел арасында аллергиялық аурулардың асқынуының бірден-бір себебі осы. Сонымен қатар қойдың жүні аяқ-буын ауруларына таптырмас ем болады», – дейді қолөнерші.
Қолөнерші 2015 жылы Моңғолияда киізден бұйым жасаудың заманауи технологиясы, оны бизнеспен ұштастыру бағытында өткен семинарға қатысып, шеберлігін шыңдағанын айтады. Бұған дейін өз бұйымдарын талай байқауда көпшілік назарына ұсынып, жоғары бағаға лайық танылып келеді. Осыдан жеті жыл бұрын ұйымдастырылған «Экспо-2017» көрмесіне де өз өнімін ұсыныпты. Алдағы уақытта туып-өскен жері Сырдария ауданына қарасты, Ақжарма ауылында «Туған елге тағзым – перзент парызы» атты жеке авторлық көрмесін өткізуді жоспарлап отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ