Сол туындының жазылуына түрткі болып, асыға күткен бірінші оқырман – өзім. Оның өзіндік себептері жеткілікті еді. Мәселен, өскелең жастардың назарын Ұлт ұстазы мұрасына дендету үшін жаңаша пайыммен жазылған заманауи көзқарастағы кітаптың керек екенін үнемі сезінетінмін. Иә, тұлғаның шығармашылығына, қайраткерлігіне қатысты жазылған зерттеулер легі жетерлік және жазыла берері де анық.
Десе де, біздегі қалыпты ғылыми зерттеулер немесе әдеби туындылардан ерек, құрылымы бөлек дүниенің болғанын қаладым және оны Дидар жазады деп үміттендім. Өйткені дәріс оқитын студенттерім, тұлғаның Алматыдағы музей-үйіне келетін жас ұрпақтың дені Дидардың қаламгерлігін талқылайтынын жиі аңдадым.
Бірде «Қазіргі қазақ әдебиеті» пәні барысында жас маман Айнұр Ахметованың философ жазушымен жүздесу on-line сабағына қатысып, Дидарға көптен санама қонақтаған сауалымды қойдым... кейін жазушымен арамызда түрлі сұхбаттар болды. Шынын айтсам, оның тілін түсінбейтінімді, шығармаларын аса қабылдай алмайтынымды жасырмадым. Ол үндемеді.., бірақ әңгімеміз өрби берді. Аңдағаным, бір заманның төлі болсақ та ойымыздағы кереағарлық айқын көрінді. Бірақ бізді Ұлт ұстазы мұрасының тоғыстыратынына кәміл сендім. Жазушыға тарихи тұлғаның 150 жылдығын мерекелеу қарсаңына дейін туындыны шығаруымыз керектігін басыңқырай айтып, қажет материалдармен қамтамасыз етуді жауапкершілігіме алдым.
Дидар замандас сырқаттанып жүргеніне қарамастан, келісілген мерзімге қолжазбасын әкелді. Азаматтың уәдеге беріктігі қандай да құрметке лайық емес пе?! Разы болдым. Әйтсе де, бұл қолжазбаны 2022 жылы бастырудың сәті түспеді. Тіпті, 2010 жылы жарық көрген «Ғасыр саңлағы: Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны» атты монографиямды толықтырып, қайта өңдеп әдеби туынды ретінде қаражат тауып өзім шығаруға тура келді. Бір қызығы, ғұламаның 150 жылдығын мерекелеуге Үкімет тарапынан арнайы бөлінген қыруар қаражатқа ілінбеген біздегі ахуал ахметтанушы әріптестерімнің біршамасының басында да болды.
Жә, пәлсапалық пайым сүзгісінен шыққан соны туындыға оралайын. Қолыма тиген қолжазбаны індете оқыдым. Құрылымы өзгешелеу көрінген Дидардың сөз саптасы да бөлек-ақ екен. Батысшыл Дидардың тосын сөздері мен оқыс ойларын тосырқадым. Іркілдім, қайта-қайта пысықтап оқуға, түсінбеген тұстарымды ғаламтордан іздеуге мәжбүр болдым. Ғұлама ғалым мұрасына қатысты жазылған талай-талай кітаптардан ұстанымы бөлек Дидардың ділмарлығы оқушыны өзіне еліктіре алуының сырын ұққандаймын. Жазушының аз уақытта қаламына қуат берген талантына тәнті болдым. Қаламгердің Ахметтің мұрасын, болмысын, тұлғалық қайраткерлігін құлай сүйгеніне қуандым.
Роман-эссе мазмұны баламалы тақырыпшаларды қамтыған негізгі үш бөлімнен тұрады. Атаулары да қилы-қилы, бірақ мазмұны мәндес. Сөз пайымдауы орағытқан қайыңды ормандай қалың ойға жетелейді. Кітапта талдануы тиіс негізгі нысан – Ахмет Байтұрсынұлының ұлт жазуындағы ұстанымы, қазақ тіл білімі мен ұлттық әдебиеттанудың негізін салудағы болмыс даралығы, көсемсөздегі кемеңгерлігі, жалпы сан қырлылығы қамтылған. Көркем ой мен философиялық пайым бастамасын жазушы тіл мұраты және ұлттық мүдде туралы толғаныстарын аңдатуда ұлылар – өз дәуірінен озып туған озық ой иесі екендігін, заман тудырған ағартушыны ұлт тілімен бөлінбес бірлікте қарастырады. Сананы селт еткізер оқтын-оқтын төгілген соны ой өрнектеле байланысқан сөйлемдер салмақты тұжырымға жетелейді.
Автор Ахмет Байтұрсынұлының ғұмырбаянын Қарқаралы кезеңі (1896–1907), Торғай уақыты (1872–1892), Орынбор дәуірі (1910–1924), Орынбор дәуірі (1910–1917) деп бөліп қарастырғанымен, хронологияға бағынбайды. Қарқаралы кезеңінен басқасы мұрағат деректерімен дәйектелген.
Бірінші бөлімнің жалғасы «Жазу тәртібі. Жаңа әліппе жолындағы бейнет», «Жазу тәртібі. Күміс латын – алтын латын», «Жазу тәртібі. Ахмет Байтұрсынұлы баяндамасын талдау» тараушаларында «Азаттық әліппеден басталды, әліппе – Ахаңнан» деген кесекті ойларға құрылған талдауларды көреміз. Жазушы А.Байтұрсынұлы шығармашылығын зерделеп, ғалымның араб қарпіне, латынға қатысты көзқарастарын сараптап-саралайды. «Жазу тәртібі. Күміс латын-алтын латын» тақырыпша атауы латын тілінің даму тарихына байланысты қойылуындағы ұтқырлықты байқауға болады. Қаламгер А.Байтұрсынұлының «әр сөзді тұрпатына қарап танып айтады» деген қисынын Людвиг Витгенштейн теориясымен салыстырады. Лингвист ғалымның танымына таңданысын да білдіреді.
Екінші бөлім «Әдіс және қолтаңба. Ана тілі философиясы, Логика/Диалектика», «Тіл және технология», «Мемлекет», «Ғаламдану» атты бас тақырыпшаларға сүйенген тараушаларынан құрылған. Әр ғылымның бастапқы іргетасын құрайтын таным философиядан бастауын алады. Жазушы Д.Амантай ғалымның еңбектерін зерделей келе, Ахмет «саяси-қоғамдық табысқа қол жеткізе алды ма, елді сауаттандыру жолында тұрған әлеуметтік мәселені шешті ме, филологиялық арман-мұраты орындалды ма?» деген сауалдардың жауабын философиялық тұрғыда нақты атап көрсетеді. Роман-эссенің сонылығы осы бөлімде айқындалғандай. Ахметтанудағы пәлсапалық әдістеменің өзіндік айырма-белгілерін тізбелеп көрсетеді: «біріншісі, абстрактілік қасиеті, яғни жалпыламалығы, біржақты мағыналы немесе нақты амал еместігі, екіншісі, эвристикалық сипаты, түсінуге жеңілдетілген әдіс-амалдар құрамынан көрінуі, кейде, тіпті, сілтеме, нұсқау, белгі түрінде бой беруі». Ғалым-реформатор қалыптастырған ұғымдардың (термин) өміршеңдігі, ана тілі атауын үлкен философияға айналдыруы, табиғатын жете ұғынуын түсіндіреді.
Үшінші бөлім «Ахмет Байтұрсынұлы жазып алған «Ер Сайын» жыры», «Талқы: автор шығармасы «Тіл – құралдың» үш кітабы: философиялық талдау», «Талқы: «Әдебиет танытқыш»: герменевтикалық талдау және постмодернизм» тақырыбында түйіседі. Автор «Ер Сайын» жырының мазмұны мен мәні, ғалымның жырдағы негізі айтпақ ойларын тарқатып, қазақ тіл білімінің негізі – «Тіл – құрал» және ұлттық әдебиеттің іргетасы – «Әдебиет танытқыш» еңбегіне толғам-пайымдарын қоса отырып, тіл мен сана, тәпсір өнеріне т.б. қатыстылығын, реформатор ғалымның бір кітабының арқалар жүгін қос кітапқа балайды. Мәтінді талдау теориясы, «әлем-мәтін» түсінігі, жаңаша пайым роман-эссенің мәнін айқындайды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, роман-эссе Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылық мұрасы жайында жазылған зерттеушілік бағыты басым «сөзі де оқушысын сынайтын» тың туынды.
Ақиқатында, кітапқа өрілген ойдың сана таразысы, ол – оқырман. Ендеше алдағы айтылар сөз сарасы – оқырман өзіңіздің еншіңізде.
Райхан ИМАХАНБЕТ,
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі жетекшісі,
«Тіл – құрал» ОӘҒЗО директоры