Оқиға Махамбет ауданының Бейбарыс ауылындағы «Балдырған» балабақшасында болған, – деп жазды Aiqyn.kz.
Түскі демалыс уақыты кезінде бақылаусыз қалған балалар ұйықтап жатқан бүлдіршінді тұрғызып алып, бірнешеуі жабылып, ұрып-соққан көрінеді. Жылаған баланың дауысын біразға дейін ешкім естімеген.
Видеода балалардың түскі ұйқының кезінде емін-еркін жүргені көрінеді. Олар 3 жасар Әлібиді оятып алып, келесі бөлмеге алып шығады. Кейін орнына жатқызып, жан-жақтан ұра бастайды. Тіпті, біреуі үстіне шығып секірген. Бұл жағдай жарты сағатқа созылған. Тек біраздан соң ғана көрші топтың күтушісі келіп, тәрбиешіні шақырған. Әлібидің өзі сөйлей алмайды. ЗПР-Р диагнозымен ем алып, жақында балабақшаға қосылған екен.
25 сеанс күніне қалмай, басына ток алған, микрополяризациясы, БАК терапиясы бар, бәрін алған бала. Ток алған баланы келеді де төпеп, 4-5 бала ұрады. Ал не қалды баламның миынан?! Ішкі органдарына секіріп жатыр, одан не қалды?! Мынаған кім жауап береді? Мен анық-қанығына жеткізуіңізді талап етемін, – дейді Әлібидің анасы Мөлдір Отарбаева.
Тәрбиеші 1 сағаттай топта болмағанын мойындады. Баланың беті сәл қызарып тұрған соң, медбикені шақырмай, өзі жақпа жаққанын айтты.
Балалар ұйықтаған соң бір жарысқа баратын болып, соның қағаздарын сұрайын деп үлкен топқа бардым, қыздармен ақылдасайын деп. Сонда отырып қалдым. Өзімнің кінәмді білемін. Күнде шықпайтын, сол күні шығып, жарысымның қағазын сұрайын деп кетіп едім, – дейді тәрбиеші Марита Есенғазиева.
Жағдайдан балабақша меңгерушісі де хабарсыз. Барлық камера қосылған экран алдында тұрса да көрмеген.
Педагогім іште болмай қалып тұр. Оны мен өзім білмедім. Ол кісілер маған ескертпеді. Мен төменде отырамын ғой. Маған кететінін ескертпеген. Кеше ата-ана хабарласып тұр, осындай жағдай болды деп. Мен ата-анадан естіп отырмын, – деді балабақша меңгерушісі Ләззат Орынбаева.
Аудандық полиция тергеп-тексеруді бастады. Жағдайға байланысты ата-анасы мен балабақша қызметкерлерінен түсінік алып, балаға сараптама тағайындалды.