Беделді бәйгеде қазақстандық тұлпар Кабирхан жеңіске жетті. Екі шақырымдық жарысқа 13 жылқы қатысты. Шабандоз Пэт Доббс мінген Кабирхан мәре сызығын бірінші болып кесті. Қазақстанның атынан қатысқан тұлпар Дубайда өткен бәйгеден әлемдік турнирде алғаш рет жеңіске жетті. Бұл – сенсация! Кабирханның иесі Тілек Мұхамбетқалиев – белгілі атбегі Батыс Қазақстанның тумасы.
«Тұлпарым үшін өте қуаныштымын. Бұл менің ғана қуанышым емес, бүкіл Қазақстанның мәртебесін арттырған жеңіс болды. Өйткені ел болып тілеуін тілеп, жанкүйер болды. Сондықтан бұл – ортақ жеңіс», – дейді.
Жалпы, тұлпардың статистикасы таңғаларлықтай. Тұлпар бұған дейін 9 жарысқа қатысып, 8 рет бірінші және 1 рет екінші орын алған. Дубайдағы жеңіс – ең үздік нәтиже. Елді елең еткізген жетістікке әлемдік жарыста Қазақстанның аты тұңғыш рет жетіп отыр. Сондықтан бұл – біздің еліміз үшін тарихи жеңіс. Сәйгүлік екі апта демалыстан кейін Al Maktoum Challenge екінші кезеңіне қатысады.