Ауыл шаруашылығына негізделген мемлекет болғандықтан, саладағы кез келген бастамалардың түпкі негізі ғылыми жобалар мен техниканың мүмкіндігіне келіп тірелетіні белгілі. Осыған сай біздің мемлекет жыл сайын шаруаларға ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға деп 60 миллиард теңгеге жуық қаражат бөліп отырады екен.
2022 жылдың басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаржыландырудың барлық мүмкіндігін пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаппай жаңартуды тапсырған. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Арнайы қаржы көздері есебінен отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу мақсатында жеңілдетілген несиелеу механизмін енгізуді тапсырамын» деген еді.
Қазынадан қанша қаржы кетті?
Білуімізше, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру 2022 жылдың тамызында басталған. Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке беру бағдарламасына сол жылы 40 млрд теңге бөлінген. «Жасыл даму» АҚ 30 млрд теңге және «Бәйтерек» ұлттық холдингі» АҚ 10 млрд теңге коммерциялық қаражат есебінен жұмсаған. Бүгінде шаруалар жылдық 6 пайызбен бастапқы жарнасыз несие алып отыр. Бұл қатарда барлығы 872 шаруаға 1 053 бірлік техниканы (176 комбайн және 877 трактор) лизингке алуға мүмкіндік берген.
Үкімет «Жасыл даму» АҚ қорынан 2023 жылы тағы да ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке деп 20 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, былтыр 18 қазаннан бастап бағдарламаның бас операторы «ҚазАгроҚаржы» АҚ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтінімдерін қабылдауды жүзеге асырып жатқан көрінеді. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 2024 жылы 20 млрд теңгеге және 2025 жылы тағы да 30 млрд теңгеге жем-шөп жинау техникасын жеңілдетілген лизингке қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асырмақ ниетте көрінеді. Бұл туралы APK-NEWS.KZ сайты ресми түрде жариялаған.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында 2023-2025 жылдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на жыл сайын 30 млрд теңгеге дейін ұзақмерзімді бюджеттік кредит бөлу көзделіп отырған көрінеді. Бір қуанатыны – бұл шешімде Қазақстанда жасалған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды қаржыландыру жұмысы да қолға алынбақ көрінеді. Егер бұл жоба мықтап тұрып қолға алынса, отандық ғалымдардың жұмыстары оңға басып, еліміздегі аграрлық техника жасаушы шағын өндірістер алып кәсіпорынға айналатыны шын.
Осы шараларды бекітуге қажетті уақыт ұзақтығын ескере отырып, «ҚазАгроҚаржы» АҚ 2023 жылғы 26 маусымнан бастап ішкі резервтер есебінен (26,5 млрд теңге) отандық өндірілген ауыл шаруашылығы техникаларына жеңілдікті лизинг бағдарламаларын бастағанын хабарлап отыр.
Техниканы дамытуға не кедергі?
Елімізде ауыл шаруашылығы техникаларының жалпы қоры әбден тозып біткен десек, өтірік болмас еді. Отандық ғалымдар мен сарапшылар осы олқылықтың орнын толтыру үшін өзге елден сатып алумен емес, төл техниканың санатын арттыру керек екенін» айтып отыр.
«Елімізде ауыл шаруашылығы техникасының отандық өндірісінің көлемі ұлғайған жағдайда ғана аталған мәселелер оң шешімін табады. Жабдықтарды жеткізудің жалпы мөлшерінде отандық өнім көлемі 37,3%-дан аспайды. 2021 жылы 17 171 бірлік техника жеткізілді, оның ішінде 5 627 трактор болса, 1 256 комбайн, отандық өнім – 937 дана. Оның 74,6 пайызы, қайта монтаждалған және тіркеме механизмдер. Тракторлар мен комбайндар өндірісінде құрамдас бөліктердің 80-90 пайызы сырттан әкелінеді», – дейді еліміздегі аграрлық техника саласының сарапшысы, ғалым Саяхат Нөкешев.
Жалпы, елімізде ауыл шаруашылығын кешенді механикаландыру мен автоматтандыру технологиялары мен машиналарының ескіргені белгілі. Осыған байланысты салада автопаркті жаңартудың жағдайы төмен деңгейде болып отыр. Онымен қоса, жоғары білікті инженерлік-өндірістік кадрлардың тапшылығы бірқатар проблемалық мәселелерді туындатып отыр. Тағы бір айта кететіні – ауылшаруашылық машина жасау кәсіпорындарын ұзақмерзімді қолдау тетіктерінің жоқтығы, саланың дамуына жол ашпай келеді. Елімізде бар бірнеше зауыт жабылудың аз-ақ алдында. Себеп – тапсырыстың жоқтығы.
Саяхат Нөкешев бастаған отандық сарапшылар ауыл шаруашылығы техникасы саласындағы олқылықтарға қатысты бірқатар критерийлерді атап айтты. Мәселен, Ауыл шаруашылығы субъектілерін ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды субсидиялаудың қолданыстағы жүйесі, Қазақстанда өндірілетін техникаға сұранысты ынталандыруға толық ықпал етпейді;
– секторды ғылыми-конструкторлық қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі;
– ауылшаруашылық машиналарының негізгі бөлшектері мен тораптарын жасау үшін импорттық құрылымдық және легирленген болаттардың белгілі бір тапшылығы және оның құнының жоғарылығы;
– Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайларына бейімделмеген шетелдік ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтарын бақылаусыз әкелу және жаппай сату;
– жергілікті нарықта отандық ауыл шаруашылығы техникасын ілгерілету бойынша бірыңғай мемлекеттік саясаттың болмауы, бұл сату шарттарына дилерлердің ықпалының күшеюіне және ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер үшін өңірлік нарықтардың қолжетімділігі;
– ауылшаруашылық машиналары мен қосалқы бөлшектерін өңдіруге арналған құрамдас кәсіпорындар құру т.б.
Мамандарды ынталандыру қажет
Елімізде ауылшаруашылығы техникасы бойынша өндіріс көлемінің үлес салмағы тым төмен екенін айттық. Бірақ ауыл шаруашылығы техникасы деп, тракторды немесе комбайнды ғана айта салу қиын.
Бұл жағынан отандық ғалымдар да қол қусырып қарап отырған жоқ. Бірақ ғалымдарымыздың алдымен жоба жасап, кейін мемлекеттік гранттарға қатысып, жобаның арнаулы гранттарға ілінуінің өзі бұралаңы көп ұзақ сапар болып тұр.
«Біздің ғалымдардың жасап шығарған техникаларының бірнешеуі ғана сатылды. Шаруалар бағасы қымбат деген уәж айтып отыр. Университеттің техникалық факультеті қазірдің өзінде 3 ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Біреуі – тұқым және тыңайтқышты дәлдік негізде себу кешені болса, енді бірі – тыңайтқышты тереңдете енгізгіш. Ғалымдар тобы әрқайсысына кем дегенде 3-4 жыл уақытын жұмсайды. Қазір дайын дүниелердің бірнешеуі қоймаларымызда тұр. Ең өкініштісі сол, мамандар жасап шығарған техника сұранысқа ие болмай отыр. Біз Үкіметке де ұсындық, өндіріс орындарына да көрсеттік. Тіпті, қолдан келгенше жан-жақты жарнама да жасадық. Бірақ ешкім біздің техниканы сатып алғысы келмейді. Ал ғалымдардың жарнамамен немесе өзге де сауда-саттықпен айналысуына уақыты жоқ. Ондай қолымыздан келмейді. Мемлекет отандық ғалымдардың ойлап тапқан дүниелерін өндіріске енгізуге ықпал етсе екен», – дейді С.Сейфуллин атындағы ҚазАЗУ-дың Техникалық факультет деканы, техника ғылымдарының кандидаты Ержан Ахметов.
Ержан Ахметовтың айтып отырған сөзінің жаны бар. Отандық ғалымдар талай дүниелерді ойлап тауып, көп жерге ұсынып та жатыр. Бірақ өндірістік қауқарымыздың төмендігінен не дайын шетелдік дүниені құрастыруға дағдыланып алған өндіріс орындары төл дүниемізді басынан бастап жасап шығуға құлық танытпай отырған жайы бар.
«Алдымен, әр өңірдің техникасының өзіндік ерекшелігінің болуын ескеру керек. Ғалым ретінде талай жылғы тәжірибеме сүйеніп, айтып отырмын. Біз қазір шетелдің техникасына қызығып, сол елден сатып ала салуды тәуір көреміз. Былайша айтқанда, жұмыс жеңіл. Бірақ ол техниканың біздің топырақ жағдайына сәйкеспеуі әбден мүмкін. Мысалы, еуропалық соқаны қазақстанның алқабына әкеліп салсаң, бір күн жүрмей сынады. Себебі біздің топырақ олардағыдай жеңіл әрі борпылдақ емес. Соқаға үлкен күш түседі. Сондықтан ол ең алдымен техниканың жасалған темірінің сапасына мән беру керек. Сосын барып құрылымына өткен абзал. Маман ретінде айтарым, отандық ғалымдардың өнімін өндіріске енгізбейінше, жағдайымыз оңалмайды», – дейді профессор, ҚР АШҒА академигі Мубарак Адуов.
Айтылған мәселеге сай, біздің ғалымдарымыз бен сарапшыларымыздың зерттеуінше, сынақ нәтижелері бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің аймақтық технологиялары бойынша әкелетін монтаждалған және тіркеме машиналарының 30 пайызға жуығы оларға қойылатын агротехникалық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған. Демек, өзгенің дүниесін әкеліп, өндірісті өркендете алмайтынымыз осы жерден анық байқалып отыр.
Қазір елімізде ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын барлығы 25 кәсіпорын бар екен. Бұл негізінен тракторлар мен комбайндарды құрастыратын зауыттар. Монтаждалған және тіркемелерді шығарумен айналысатын кәсіпорындар саусақпен санарлық. Олардың ішінде ең танымал және тұрақты жұмыс істейтіндері – «Қостанай агромеханикалық зауыты» ЖШС, «Дафа Фирмасы» ЖШС, «Экспро» ЖШС, «Авагро» ЖШС, «ДонМар» ЖШС. Бұл кәсіпорындар отандық өндірісті өркендетуге құлшынып-ақ отыр, бірақ қаражат қолбайлау көрінеді.
«Біздің ғалымдардың жасап шығарған техникаларының көбісі неге қолданысқа енбейді?» деген сауалға басты мәселе – еліміздегі зауыттардан, фермерлерден сұраныстың болмауы және техника санының аздығы. Екіншіден, сол шешімдердің техникалық деңгейінің жеткіліксіздігі, үшіншіден, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көбісінің қаражат жағдайының төмендігі. Мысалы, біз стартап компания құрып, қопсытқыш-тыңайтқыш машина жасап шығарып жатырмыз. Осы техникамен күзде сүдері жыртуда қолданған болсақ, өнімді 3-7 ц/гектар арттыруға мүмкіндік береді. Фермерлер қызығып, алғысы келеді, бірақ қаражаттың жоқтығы кедергі», – дейді Саяхат Нөкешов.
Жыл сайын қыруар қаржы шығындап, өзге елден қосалқы техникалар кіргізіп жатырмыз. Әлгі әкелген техникаға сырт елдерде 3 жылдан кейін қосалқы бөлшектер шығарылмайды екен. Білуімізше, бұл – бизнестің өркендеуі не өндірістің өзгеруі. Сондықтан мемлекет қалтасынан мол қаражат шығындап, сатып алынған дүние болашақта сынып кәдеге жарамай тұрып қалғаны қазына үшін де, шаруа үшін де оңайға соқпайды. Сондықтан отандық ғалымдар мен мамандардың дегеніне құлақ асып, Президент пәрмен беріп отырған шақта отандық ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін бірізді етіп жолға қойып алу қажет. Өйтпесек, алдағы 10 жылдықта халіміз бұдан да мүшкіл болуы мүмкін...
Бердібек ҚАБАЙ