Ақтөбе облысында қаржы пирамидасын ұйымдастырғандарға қатысты сот үкімі шығып, олар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аталған фактіні Қаржы мониторингі агенттігінің аумақтық департаменті тергеді.
«2022 жылдың наурыз айында Д.И. Дәулетов, А.Т. Жанасаевтың жетекшілігімен құрамында К.А.Құдасов, О. Б.Жайлаубай және басқа да тұлғалар бар қылмыстық топ Аuto Seller ЖШС деген атпен автокөлік құралдарын жоғары бағамен сатып алып, төмен бағамен сатумен айналысатын қызметті бүркемелеп, қаржы пирамидасын құрған», – делінген ҚМА хабарламасында.
Аuto Seller ЖШС басшылары автокөлік иелеріне (тіркеу есебіне қарамастан) екі-үш ай ішінде тең бөліктермен төлей отырып, нотариалды куәландырылмаған сатып алу-сату шарттарын жасасып, олардың автокөліктерін 20%-ға қымбат сатып алуды ұсынған.
«Осыдан кейін бұл автомобильдер көлік сатуды жүзеге асыратын жаңа тұлғаларға ақшалай қаражатты одан әрі төлеу мақсатында үшінші тұлғаларға төмендетілген бағамен сатылды. Сатып алу-сату шарттарына сәйкес залал сомасы 404 млн теңгені құрады»,– делінген хабарламада.
Сот Д.И.Дәулетовті 9 жылға, А.Т.Жанасаевты 8 жылға, К.А.Құдасовты 7 жылға және О.Б. Жайлаубайды 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.