Қазақстандағы Іле, Ертіс, Шелек өзендерінде су электр стансалары салынады. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Самұрық-Энерго жобаларының портфелінде қазіргі кезде бірнеше су электр стансасын салу бойынша инвестициялық жобалар пысықталуда. Оның ішінде Іле өзенінде қуаттылығы 50 МВт Кербұлақ ГЭС, Ертіс өзенінде қуаттылығы 300 МВт-ға дейін Семей ГЭС және Шелек өзенінде қуаттылығы 70 МВт ГЭС-29 бар. Осы жобалар бойынша жобалау алды құжаттаманы әзірлеу, сондай-ақ құрылыс үшін жер учаскелерімен қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргізілуде», – деді ол.
Оның айтуынша, Семей ГЭС жобасына қазіргі уақытта әлеуетті инвесторларды іздеу жұмыстары жүргізілуде. Семей ГЭС-і бойынша Катардың Небрас Пауэр компаниясымен, Шелек өзеніндегі ГЭС бойынша қытайлық серіктес Пауэр Чайна компаниясымен ынтымақтастық қарастырылуда.
«Ал Кербұлақ ГЭС-ін өз күшімізбен салуды жоспарлап отырмыз. Жоғарыда аталған гидрожобаларды іске асыруды аяқтау 2027-2028 жылдарға болжанып отыр. Осы ГЭС салу жобаларын ойдағыдай іске асыру үшін Энергетика министрлігімен инвестицияларды қайтару механизмін айқындау жолында бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз», – деді Қайрат Мақсұтов.