«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Қайрат Боранбаевтың туыстарынан «30 миллион доллар берсеңдер, ағаларыңды түрмеден босатамын» деген желеумен пара сұраған, - деп хабарлады КТК арнасы.
Бүгін елордада былтыр мамырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұстаған Мырзахметовтің алдын ала сот тыңдауы өтті. Ол алаяқтық және пара беруге итермелеу бабымен күдікке ілінген еді.
Бүгінгі сотта прокурор «Атамекеннің» бұрынғы басшысына қатысты біраз тың деректі айтты.
Тергеу мәліметінше, Қайрат Боранбаев істі болған соң Мырзахметов оның туыстарын жағалай бастаған. «Бостандықты сатып алып беретін жоғарыда тамыр-таныстарым бар» деп, оның туған бауыры Талғат Боранбаевтан әуелі 15 миллион доллар алған. Кейін 5 миллион сұратып, қалғанын іс біткен соң алуға уағдаласқан.