Аймақта атқарылар шаруа көп

Жылды аймақтарға сапарынан бастаған қос палатаның депутаттары Астанаға келіп, өңірлердегі қордаланған мәселелерді шешу жолдарын қарастырып жатыр.

Облыс орталықтарынан шалғай орналасқан ауылдардың да, шағын елді мекендердің де қазіргі жай-күйі жайында өткен аптада Алматы облысына арнайы барып келген Парламент мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауов айтып берді.

 - Данияр Алдабергенұлы, жыл бастала салысымен сіздер өңірлерді араладыңыздар. Қазір әлеуметтік желі, өзге де интернет платформалар арқылы ол жайында ел тұрғындары хабардар. Өзіңіз Алматы облысының нақты қай жерлерінде болдыңыз?

- Алматы облысының Балқаш, Іле, Жамбыл және Қарасай аудандарында болып, олардың әрбірі ауқымы жағынан үлкен әрі халқының тығыз орналасуымен ерекшеленеді. Әр ауданда бірнеше ауылдық округ бар.    

- Бұл аудандар Алматыдан онша қашық емес, тіпті іргесінде десек болады. Ондағы жұртшылықты қандай мәселелер толғандырып отыр?

- Өңірді аралаған кездегі ең күрделі мәселелердің бірі - Қарасай ауданында болды. Алматы облысы бойынша өте үлкен проблема десем де артық айтқандық болмас еді. Іргелі, Кемертоған, Көксай деген елді мекендер қалаға іргелес жерде орналасқан. Сол жерлер кезінде оңды-солды сатылып кеткен. Тұрғындар да құжаттарын түгендемей, сатып ала берген. Қызыл жолақта тұрған жерлер де сатылған. Жолдары да реттелмеген. Архитектураның да талаптары мүлдем ескерілмеген екен. Тұрғындары жаңа айтқанымдай құжаттарының кейбір тұстары заңсыз екенін біледі. Бірақ кезінде сатылған уақытта неге жергілікті әкімдік дұрыстап қарамаған деп уәждерін айтты. Осыны қалай заңдастырамыз деп алаңдап отыр. Өйткені көбі жиған-терген ақшасына үй тұрғызған. Құжат, жол, су, газ жоқ.

- Ірі қалалар маңында болса да әлі күнге дейін газ, су мәселелері неге түбегейлі шешілмеген? Түйткілді шешудің қандай жолдары бар?

- Инфрақұрылымға неге соншалықты салғырт қарағанын түсіне алмай-ақ қойдым. Халыққа күнделікті қажетті су, газ деген мәселелер мүлдем қадағаланбай жатыр. Бұл енді тікелей жергілікті әкімдіктердің міндеті деп ойлаймын. Кейбір тұрғындар аулаларына суды, газды, жарық бағаналарын өздері түсіріп, оны өзге көршілері белгіленбеген бағамен сатып, кез келген уақытта өшіріп тастап отыр. Бұл - мүлдем қисынға келмейтін шаруа. Бұл - жалғыз Қарасай ауданы бойынша ғана көтеріліп отырған мәселе. Бір күндік емес, көптен бері қордаланып, шешімін таппай отырған түйткіл. Енді осы проблеманы жан-жақты зерттеп, көтеру керек.     

- Көп жер жекеменшікке өтіп, ауылдағы көптеген ағайынға қиыншылық тудырғанын естіп жатырмыз. Өйткені негізгі нәсібін ауыл шаруашылығынан табатындар үшін жайылым жер, жем мен шөптің, судың мәселесі өзекті. Енді олар не істеуі тиіс? 

- Бұл мәселеден құлағдармын. Өзім жақында барып, бәрін көріп қайттым. Жамбыл ауданында жайылымға арналған жер мәселесі ушығып тұр. Негізгі үмітіміз алдағы уақытта жайылым жер туралы заң қабылданса 20 млн гектар жер қайтарылуы тиіс. Осылайша жергілікті тұрғындарға да, шағын шаруа қожалықтарына да қолайлы жағдай туындауы тиіс. Ушығып тұрған тағы бір келеңсіз дүние мал ұрлығы екен. Жамбыл ауданы тұрғындарының жергілікті полицияға мүлдем көңілі толмай отыр. Сондай-ақ, аудан орталығы Ұзынағаш елді мекенінде мал базары бар. Еліміздегі ең ірі базарлардың бірі. Сол жерде санитарлық талаптар дұрыс қадағаланбаған. Өйткені әр ауылдан келген мал да, мал еті де базарға кірерде арнайы тексерілуі тиіс. Ауру мал кірсе, базардағы басқа төрт түлікке жұқтырады. Ол ауру малдың етін тұрғындар пайдаланып, соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан облыстық ветеринарлық қызмет осы олқылықтың орнын толтырса деген тілек бар.

- Сіз Алматы облысы Балқаш ауданының тұрғындарымен жүздесіпсіз. Сол жерде туризм мәселесін талқылапсыздар. Жалпы, жұмыс жүйеленген бе? Болашақта ол жерді жерлестеріміз шет ел меймандары тынығатындай орынға айналдыруы мүмкін бе?  

  • Балқаш ауданы Іленің бойына демалыс күндері мың машина келеді екен. Әрбірінде үш адамнан болса сенбі, жексенбі күндері үш мың адам келеді. Адам көп келетіндіктен инфрақұрылымды реттеу керек қой. Іле өзенінің сағасында орналасқан ауданда туризм саласын дамытуға мол мүмкіндік бар. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс жүйеленбеген. Мәселен, өңірде 28 демалыс орталығы бар. Бірақ соның тек 12-сі ғана аудан бюджетіне салық төлеп отыр. Қалғанынан көк тиын пайда жоқ. Сондай-ақ өңірде заңсыз аң аулау дерегі көбейген. Браконьерлер табиғатты талқандап, аң-құстарды қынадай қыруда. Бірақ оларға қой дейтін қожа жоқ. Сондықтан аудан халқы аң аулауға мараторий жариялауды сұрап отыр. Табиғатты сақтап, жабайы аң-құстардың қырылуын тоқтату үшін шұғыл шешімдер керек. Бұл мәселелер бойынша алдағы уақытта өз ұсынысымды білдіремін. 

- Ауылдардағы инфрақұрылым, спорт кешендері, білім ошақтарының жағдайы сын көтере ме?

- Ауызды құр шөппен сүртуден аулақпын. Барған аудандар қалаға жақын болғандықтан тиісті инфрақұрылым бар. Жаңа спорт кешендері де біртіндеп салынып жатыр. Жұмыс істеп тұрған кешендер де жеткілікті. Ал мектепке келер болсақ, бұл барлық жерде кездесетін мәселе. Әсіресе Іле, Жамбыл, Қарасай аудандарында бірнеше мектептің құрылысы жүріп жатыр. Алайда үш-төрт ауысымды білім ошақтары жеткілікті. Бұл, ең алдымен, білімнің сапасына әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Бір жағынан бұл аудандарда халық саны да артып келе жатыр. Сондықтан орта білім беру мекемелері көптеп салынса деймін. Жол да сын көтермейді. Мәселен, Байсерке ауылының маңында үлкен логистикалық орталық бар. Теміржол өтеді. Сондықтан сол маңда осыдан он жыл бұрын да көлік кептелісі болатын. Қазір ол мүлдем созылып кеткен. Ауыр жүк көліктері көп қатынайды. Сол жерге көпір салынса дейді. Бұл - жергілікті жұрттың негізгі мәселелерінің біріне айналған. Өйткені кептеліс жұмысқа, сабаққа уақытында қатынауға кедергі болары белгілі ғой. Сондықтан сапар барысында көрген-түйгенімді сауал ретінде жолдамақпын.

 -Әңгімеңізге рақмет!