Алёна қазақша үйретіп жүр

«AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанынан ашылған тіл клубында қазақ тілін үйренемін деген жандардың қара­сы қалың. Ең бастысы, тіл үйренушілерге қа­зақ тілін оқытып жүрген мұғалім – орыс ұлтының қызы Алёна.

Бір жылдан бері Алёна Малькова-Солопова партия ғимаратына келіп, кешкі уақытта тегін сабақ беріп жүр.

Мемлекеттік тілді жетік меңгерген орыс қызы Зеренді өлкесіндегі Троицк ауылында дүниеге келген. Бұл ауылда негізінен өзге ұлттың өкілдері тұрады. Мектеп те орыс тілді болған. Алёнаның мемлекеттік тілді тез меңгеріп алғанына бойындағы тіл үйренуге деген қызығушылық әсер етсе керек. 

Алёнаның бірінші мамандығы – биология пәнінің мұғалімі. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін қызыл дипломмен аяқ­таған бойжеткен екінші рет қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына түскен. Бүгінде Көк­шетау құрылыс-технологиялық кол­леджінде сабақ бере жүріп, кешкілік партия жанынан ашылған «Сөйле» клубында қазақ тілін үй­ретеді.

«Біз Қазақстан Республикасының азаматы болғандықтан мемлекеттік тілді білу міндеті-міз деп ойлаймын. Қолымнан келгенше қазақ тілін үйренемін деушілерге мемлекеттік тілді мең­гертуге тырысамын. Тіл үйренуге келуші­лер­дің дені өзге ұлт өкілдері. Олардың қатарын­да мұ­ғалімдер, студент­тер, дәрігер­лер мен зейнет­керлер де бар», – дейді Алёна.    

Тіл жанашыры пауэлифтингтен 13 дүркін Қазақстан және үш дүркін Азия чемпионы. Осы арада, пауэрлифтинг ауыр атлетика спортының бір түрі екенін, онымен айналысу екінің бірінің қолынан келе бермейтінін айта кет­кеніміз артық болмас. Осындай батыл қа­дам­ға барып, онымен қоса халықаралық жа­рыс­тарда еліміздің абыройын асқақтатып жүрген Алёнаға тек сәттілік тілейміз. 

Айта кететін болсақ, жалпы ел аумағында пар­тия­ның бастамасымен мемлекеттік тілді үйретуге арнал­ған 12 клуб ашылған. Бүгінде онда 2 000-ға жуық адам қазақ тілін үйреніп жатыр.