Бірыңғай уақыт: табиғатпен үндестік

Көктемнің алғашқы күні кірісімен елімізде бірыңғай уақыт белдеуі енгізілмек. Иә, енді елдің барлық аймағындағы тұрғындар бірдей уақытпен өмір сүреді.

Нақтырақ айтқанда, UTC+6 сағаттық бел­­деу­дегі Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары уақытты бір сағат артқа жылжытады. Тиісінше, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында бұрынғы сағаттық белдеу сақталады.

Бүгінге дейін қордаланған мәселені ғалымдар ой таразысына салып, уақыт бел­­­деуінің қа­лып­­тан тыс өзгеруі биологиялық ритмнің бұ­­­­зылуына алып келетінін айтып дабыл қақ­­­қан еді. Әлем тарихының қой­­­науына үңілсек, 1859 жылдары күллі жер ша­­­рын біртұтас жүйеге енгізу туралы алғашқы идеялар ортаға са­лын­ды. Зерттеушілер бұл өз кезегінде қоз­­­ға­­­­­­­лыс­­тарға байланысты қиын­­­дықтарды ше­­шіп әрі сауданы жеңілдетеді деді. Ал 1870-1871 жыл­дары барлық мемлекет үшін бір нөл­дік меридианды таңдау мәселесі талқы­ланды. Дәл сол тұста Гринвич жүйесінің ыңғайлы тұстары айтыла бастады. Дерекөз­­дерге сүйенсек, ашық судағы кемелердің көп­­­шілігі осы жүйені қолданған деседі. Нә­­­­тижесінде, 1884 жылы қазан айында 25 мем­­­­­­­­­­ле­кеттің өкілдері АҚШ-тың Уа­­­шинг­­­тон қаласында кездесіп, әлемге Гринвич жүйесін ен­гізді. Қазір біз қолданатын UTC+5 және UTC+6 сағаттық белдеуі де аталған жүйеге негізделген. 

1930 жылы Кеңес Одағы тұсында Сталин­нің жарлығымен уақыт 1 сағат ілгері жылжы­­тылды. Уақыт белдеуін өзгертуге табиғи жа­рықты тиімді пайдалану, сондай-ақ электр энер­­гиясын үнемдеу мәселесі себеп болған. Мамандар елімізде наурыз айынан бастау алатын бірыңғай уақыт белдеуінің тиімді тұсы көп екенін алға тартады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымдарының док­то­ры, хроно­биолог Сұлтан Төлеуханов «дек­реттік уақыт­­тан шығып, сағаттық белдеу­ді қал­пына кел­­тіру – Қазақстанның қалыпты жағдайына жа­қындауға жасалған қадам», – дейді.

– Табиғаттағы барлық құбылыс пен болып жатқан өзгерістер ырғақты. Бір уақытта күн шығады, бір уақытта күн батады. Бұл – күн­де­лікті қайталанатын процесс. Қазақстанның жер аумағы үлкен. Кезінде Кеңес Одағы тұ­­­сында геофизиктердің талқылауының нәти­жесінде уақыт белдеуі төртке бөлінді. Ал 1930 жылы «уақыт декреті» қабылданды. Сол ше­шім­нен кейін біздің сағаттық белдеуіміз таби­ғи уақыттан бір сағат алға озып кетті. Маман­дар бір сағатты алға жылжытқанда орта есеп­­­­­пен уақыт біркелкі болып тұрады деген пікірді ұстанды. Бұл – әлеуметтік көз­қарас. Ал әлеуметтік фактор – объек­тивті­­лікке жатпай­ды. Яғни, табиғаттан туындаған дүние емес. Субъектив болған соң уақыт белдеуін өзгерте беруге болады, – дейді ол. 

Тағы бір атап өтерлік маңызды жайт, 2014 жылы Ресей декреттік уақыттан бас тар­тып, қайтадан 1 сағатты қайтарып алған. Осы қа­дам­нан кейін елде уақыт өз қалпына келе бастаған көрінеді. Хронобиолог уақыт бел­деуін өзгертудің ең маңызды тұсы адам ден­­сау­лығына тигізер әсері екенін назарға алды.

– Уақыт белдеуі ауысқанда солтүстіктен оңтүстікке қарағанда, батыс пен шығысқа қара­ғанда айырмашылық жарты сағат болады. Кейбірі «біз ұйқыға ерте жатып, ерте тұрамыз» деп наразы болып жатады. Түптеп келгенде, мұның барлығы табиғи уақыттан ауытқып, әлеуметтік уақытты пайдаланып отырғаны­мыздың себебі. Хронобиология, хрономеди­цина тілімен айтқанда, «десин­­­хроноз». Бұл – ырғақтың шайқатылуы. Мұн­­дай жағдай адам ден­сау­­­лығының нашар­лауына, психология­­сына кері әсер етеді. Белгілі бір істі атқаруға де­ген ынтасы тө­­­мендейді. Заңдылық бойынша барлық қо­­­ғамдық ырғақты процесс табиғидан шығып тұру керек. Дамыған мемлекеттерді алып қарасақ, мәселен, Германияда сабақ таңғы 07:00-де басталса, оқушылар сол уа­қыт­та аудиторияда отырады. Бұл – тәртіп. Тәр­тіп болмай ештеңе де жүйелі түрде жүзеге аспай­­ды. Ғылыми көзқараспен қарасақ, тәртіп бұл – реттік. Реттік – ырғақ. Ырғақ – са­пасы бар қуат. Біздің сапалы қуатымыз көп болса, денсаулығымыз да мықты болмақ, – дейді хро­нобиолог.

Маман табиғи ырғақпен өмір сүру – ұзақ ғұмыр кешудің басты «формуласы» екенін атап өтті.

– Бір стаканға ыстық суды ақырындап құйып, шайқатып отырсақ, ыдыс жарыл­майды. Ал стаканға ыстық суды бірден құйып жіберсек, жарылып кетуі мүмкін. Сонда қара­ңызшы, бір сағатта қандай өзгерістер бола­­ды?! Ерте жатып, ерте тұру қандай жақ­сы. Бұрын ата-балаларымыздың кезінде өмір сүру қан­шалықты қиын болса да, ұзақ өмір сүретіндер көп болған. Себебі біз табиғаттың ырғағымен жүрген едік. Олар табиғатқа жақын болды. Жастың ұзақ болуы – осының арқасы. Таби­­ғаттың барлық факторы бізге әсер етпей қой­май­ды. Мида эпифиз безі орналасқан. Күн сәулесінің әсерінен трипто­­фан мида серото­нин түзеді. Серотониннен мелатонин туады. Ал мелатонин шайқатылған ырғақтарды ретке келтіреді, – дейді С. Төлеу­ханов.

Әлеуметтік сағат ауысуы синдромы

Қолданбалы хронобиология маманы, Сау­да және интеграция министрлігі жа­­­нындағы уақытты есептеу тәртібі бойынша ведомство­­ара­лық жұмыс тобының мүшесі Болат Нұр­­­қожаев қазіргі қолданыстағы уақыт өлшемінің зиянды тұстары бар екенін соңғы 5-10 жыл ішінде әлемдегі ғылыми зерттеулер дәлелдеп отырғанын айтады. Өзінің табиғи уақытына мейлінше жақын стандарттық уақытпен өмір сүру – адамдардың, әсіресе буыны қатпаған балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы үшін тиімді.

– Өзіңіз де 9 ай оқудың 5-6 айында, яғни қыста балалар түгілі ересек адамдардың ұй­қы­дан тұра алмауын байқайтын шығарсыз. Себе­бі біз тап қазір қыста да жазғы уақытпен өмір сүріп отырмыз. Ал ұйқы мен иммунитет егіз ұғым болса, ағзадағы, тіпті клеткалық деңгейдегі жаңару, тазару, емделу процестері тек түнде өтеді. Бұл өміріміздің 3/1 уақыты жұмсалатын ұйқы мезгілі босқа кететін уақыт емес екені дәлелденген. Ал қазіргі декреттік уақыт қараңғы мезгілді әлеуметтік уақытпен кеш түсіріп немесе кеш жатып белгіленген оқу, жұмыс уақытына ерте тұрғаннан кейінгі ұйқы қысқаруына соқтырады. Ол, әсіресе 1 сағаттық белдеудің шығысынан гөрі баты­­сын­да жақсы көрініс табады, – дейді маман.

Болат Нұрқожаев белдеулік уақыттан озық уақыт қолдану «әлеуметтік сағат ауысуы синдромына» шалдықтыруы мүмкін екенін айтады. Оның сөзінше, аурудың негізгі симп­томдарының бірі – ұйқы жетіспеушілігі. Бұл рак, диабет, қан тамырлары, семіздік секілді әлеуметтік қауіпті аурулардың бастауы екенін медицина ғалымдары да жоққа шығармайды. 

– Біз мәселені табиғи уақытқа сәйкестен­­дірсек, физикалық, психикалық денсау­­­лық­­тың қорғалуына ғана емес, экономика, қауіп­сіздік, еңбекке қабілеттілік пен өмір сүру ұзақты­ғының артуына, тіпті жол-көлік оқи­­ғаларының төмендеуіне, қоғамдық, от­басылық қаты­настарға, мінез-құлықтың өз­геруіне тек оң әсер етеді. Мұның әрқай­­­сы­сына әлем ғылым­дары зерттеулерінің нақты ғы­­лыми дәлелдері бар. Мысалы, 2018 жылы Қызылорда облы­сында уақытты бір сағат өзгерткеннен ешқан­дай қиындық бола қой­­­ған жоқ. Бірінші күні-ақ балалар «ұйқыдан өзіміз тұрдық» деп мек­­тептеріне күлімдеп кетіп бара жатты, – дейді қолданбалы хронобиология маманы Б.Нұр­қожаев.

Қытай халқы бір уақыт белдеуімен өмір сүреді

«Сіз үшін уақыт белдеуінің ауысуы тиімді ме?» Біз дәл осы сауалымызға оқырмандардың көзқарасын анықтау мақсатында арнайы сауалнама жүргізген едік. Бір қызығы, пі­кірлер ағыны екіге бөлінді. Сауалнамаға қатысу­­шы­­лардың 60 пайызы «иә, тиімді» деп жауап бер­се, қалған 40 пайызы сағаттың артқа жыл­жуы күнделікті қалыптасқан тұр­мыс-тірші­лікке қиындық алып келуі мүмкін деп алаңдайды.

Ақтөбе өңірінің тумасы Ернұр Бақберген қазір Алматы қаласындағы жоғары оқу орын­дарының бірінде білім алады. Ол – уақыт бел­деуінің өзгеруін қос қолдап қолдайтын­дардың бірі. Кейіпкеріміз, әсіресе демалыс уақытында Ақтөбеден Алматыға, Алматыдан Ақтөбеге қатынау кезінде жергілікті уақыт тұрғысынан қолайсыздықтар туындайтынын айтады.

– Бұл – мен үшін өте тиімді шешім. Се­бебі Батыстан Алматыға қарай жол жүретін болған­дықтан, уақыттан шатасу жиі болады. Үлгер­мейсің немесе кешігіп қаласың. Елі­­мізде бірың­ғай уақыттың енгізілуі батыс­тықтар үшін ғана емес, жалпы Қазақстанға тиімді деп ойлаймын. Мәселен, Қытайдың жер көлемі бізден едәуір үлкен болса да, UTC+8 сағаттық белдеумен жүрсе де халқы бір уақыт белдеуімен өмір сүреді. Одан өзге тағы бір мәселе, қазір Алматыда кешкі 17.00-де қараңғы түседі. Ал батыс аймақтарда күн 22.00 шамасында батады. Осындай қарама-қайшылықтар бар. Егер сағатты бір сағатқа кемітетін болса, сәйкесінше Алматыда жаз­дың уақытында күн 20:00-де бататын болады. Ал қысқы уақытта 19:00-де батады. Сондық­тан уақыт белдеуін өзгерту дұрыс шешім деп қабылдаймын. 

Ал Мерей Маханбетова уақыт белдеуінің өзгеруіне келіспейді. Өйткені биологиялық сағаттың өзгеруі адам денсаулығына кері әсе­рін тигізуі мүмкін деп алаңдайды. 

– Мәселен, бізде күн ерте батса, батыста кеш батады. Егер мұндай өзгеріс енгізетін бол­са, адамдардың тұрмыс-тіршілігі, бала­­­лардың сабаққа, үлкендердің жұмысқа баруы кезінде қиындық туындайды деп ойлай­­­мын. Адамның өмір сүру дағдысына әсер етеді. Тым қараңғыда сабақтан, жұмыстан қайту әрі қауіпті. Қалай алып қарасақ та, бастапқыда қолайсыз болатын секілді, – дейді ол.

Сауалнама барысында жиі байқағанымыз, сағаттық белдеудің өзгеруін қалыпты қабыл­­дайтын тұрғындар жиі ұшырасты. «Сағат өзгерсе де, тіршілік сол баяғыша жалғаса бере­ді», – дейді алматылық тұрғындар. Қа­ың топтың қатарында Динара да бар. 

– Меніңше, жаңа уақыт белдеуіне ауыс­­қанда тұрған ештеңе жоқ секілді. Бастапқыда үйреніспеуіміз мүмкін, әрине. Бірақ бұл өзгеріске де үйреніп кетерміз. Уақыт бел­­­­деуі­нің ауысуы өзім үшін аса маңызды дүние емес. Күн­делікті атқарып жүрген ісім, уа­­­­қытым сол баяғыша өте беретін сияқты кө­рінеді. Керемет айырмашылық күтпеймін. Иә, бастапқыда кейбірі үшін ұйқы режимі жағынан қиындық туғызуы мүмкін. Себебі жаңа дүниені бастап­қыда қабылдау қиынға түседі. Кейін үйрен­­шікті дағдыға айналады. Адамдардың өмірі үшін қолайсыздық тудырады деп ойламай­мын, – дейді Динара.

Естеріңізге салайық, адамзат өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған уақыт белдеуі мәселесін реттеу ісін Сауда және интеграция министрлігі жанынан құрылған арнайы топ пысықтаған еді. Жалпы саны 60-тан астам мүше қатысқан топта Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, ғылыми институттар, медициналық жоғары оқу орындары маман­дары, орталық және жергілікті орган өкілдері бар. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, 

Алматы қаласы