Отырыста партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасында биыл жүзеге асырылатын жобалар бойынша білім және денсаулық сақтау нысандарының құрылысы мен жаңғырту жоспарлары туралы Батыс Қазақстан облысы Білім, Денсаулық сақтау, Құрылыс басқармаларының хабарламалары тыңдалып, кеңестің 2024 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша БҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Қаналиев баяндады.
Баяндамаға сәйкес, биыл бірқатар медициналық нысан күрделі жөндеуден өтпек. Нақты айтар болсақ, Жаңақала ауданындағы Сарыкөл, Аққұс, Жуалыой, Мұқыр ауылдарындағы 5 медициналық пункт, Бөкейорда ауданындағы Көктерек, Жетібай, Шонған, Әжен ауылдарындағы 4 медициналық пунк, «Облыстық психикалық денсаулық орталығының» №4 корпусының ғимараты және облыстық көпбейінді аурухананың №11 корпусындағы 2,3 қабаттары толық жөнделеді.
Келесі сөз БҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары Аяжан Жүнісоваға берілді. Жауапты мекеме басшысы орынбасарының мәлімдеуінше, облыс бойынша білім беру нысандары ішінен 76-сы күрделі жөндеуді қажет етеді, соның ішінде 26 нысанның жобалық-сметалық құжаттамалары сараптамадан өтті. Бүгінде 4 мектептің жөндеу жұмыстары аяқталды (Бөкей ордасы ауданы Жәңгір хан мектебі, Казталов ауданы Казталов мектеп-лицейі, Бәйтерек ауданының Чувашин мектебі, Тасқала ауданы Амангелді мектеп-бөбекжай-балабақша кешені). Сонымен қатар осы жылы 6 мектептің (Орал қаласындағы 4 мектеп, Ақжайық және Бәйтерек ауданындағы 2 мектеп) жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы бойынша биылғы жылы 9 мектептің құрылысы жоспарланғанын атап өтті.
Жиынды қорытындылаған БҚО Құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нүркен Молдашев өткен жылы 12 медициналық нысан пайдалануға берілгенін айтып, осы жылы 5 медициналық нысан (Ақжайық ауданы Базартөбе ауылында ДА, Бөрлі ауданы Қарағанды ФАП, Қаратөбе ауданы Үшағаш ауылында МП, Жаңақала ауданы Мәштексай ДА, Сырым ауданы Бұлдырты ауылында ДА) құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.
Бұдан басқа, 3 эталондық жоба (Ақжайық ауданы Сайқұдық ауылында ФАП, Бөрлі ауданы Облавка МП, Шыңғырлау ауданы Ащысай ФАП) мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жыл соңына дейін 12 медициналық нысан (2-ауыспалы, 10-жаңа эталондық жоба) пайдалануға беріледі. Сөйтіп, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Батыс Қазақстан облысы бойынша 2025 жылға дейін ауылдық елді мекендерде 50 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанының құрылысын толықтай аяқталу мүмкіндігіміз бар екенін айтты.
Берік БЕК