Бала құқығын қорғау маңызды

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен кездесті.

Онда саладағы бірқатар өзекті мәселелер, оның ішінде мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік сапалы білім беруді қамтамасыз ету мен балалар құқықтарын қорғаудың мән-жайы талқыланды.  

Депутат Сенат басшылығы мен депутаттар мек­тептерде орын алған жағдайларға алаңдаушылық білдіріп отырғанын министрлік жетекшісінің назарына жеткізді. Атап айтқанда, оқушылар арасындағы қоқан-лоққы мен қорқыту, жасөспірімдер қылмысы, оқу­шылар мен мұғалімдердің сыртқы қатерден қауіпсіздігі және т.б. мәселелер туралы айтылды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қазан айында Республикалық педагогтер съезіне қатысқаны баршаға белгілі. Мемлекет басшысы өз сөзінде мектепті ең қауіпсіз орынға айналдыру қа­жеттігін атап өткен болатын. Сенаторлар Президенттің тапсырмасы мен халықтың ерік-жігерін сапалы орындау үшін Үкімет сіздің министрлік атынан қол­даныстағы заңнамалық актілер мен мектеп меке­мелеріндегі қауіпсіздік шараларын түбегейлі қайта қарауы тиіс деп санайды. Қажет болған жағдайда мек­тептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі кешенді шараларды, оның ішінде ықтимал қауіптердің алдын алу, анықтау және жолын кесуді көздейтін тиісті құжаттарды әзірлеудің маңызы зор», – деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өз кезегінде сала бойынша барлық деңгейде білім алу үшін қажетті жағдайлар жасауға, білім беру жүйесін дамытуға, білім беру саласындағы тиісті нормативтік-құқықтық акті­лерді жетілдіруге бағытталған үздіксіз жұмысы туралы депутатты хабардар етті.