«Қазақстан Жазушылар одағы» мен «Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығы» ЗТБ бірлесіп ұйымдастырған әдеби байқаудың ресми ашылуы Алматыдағы Жазушылар одағының бас ғимаратында өтті.
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкенов көркем әдебиетте мүддеге сай келетін туындылардың үлесін арттыру қажет екенін атап өтті.
«Ұлттық өнердің ішіндегі ең бір қастерлісі – көркем әдебиет.
Сондықтан шығармашыл зиялы қауым өкілдері мен жазушы қауым үшін «Құлагер» әдеби байқауының маңызы зор болмақ. Сонымен бірге өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға бар күш-жігерімізді саламыз», – дейді МерекеҚұлкенов.
Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов республикалық әдеби байқаудың ұлттық спорт саласының дамуына үлкен үлес қосатынына сенім білдіріп отыр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық идеология мен жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға баса назар аударғаны белгілі. Бұл ретте, биыл өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында қаламгерлер арасында «Құлагер» республикалық байқауының жариялануы қуанышты жаңалық болып отыр. Әрине, байқау атауы кездейсоқ таңдалған жоқ. Ілияс Жансүгіровтің «Құлагері» – ешқашан ескірмейтін, мәңгі жас поэзия. Қазақ әдебиетіне жаңа есімдер мен тың туындылар қосылып, ұлттық құндылықтарымыздың маңызын асқақтатады деген сенімім мол», – деді Исламбек Салжанов.
Жиынға Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, сондай-ақ Жазушылар одағының мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Сонымен байқау төмендегідей номинациялар бойынша өткізілетіні белгілі болды. 1. Үздік поэзия, 2. Үздік проза, 3. Балаларға арналған үздік шығарма, 4. Үздік комикс, 5. Үздік драма, 6. Үздік деректі проза, 7. Үздік фантастикалық/мифологиялық шығарма.
Байқауға бұрын еш жерде жарияланбаған, тек қана осы жылғы қаңтар мен маусым аралығында жазылған жаңа туындылар ұсынылады.
Бердібек ҚАБАЙ