Тарихи шындықтың таразысы

Кеше Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин журналистер мен қоғам белсенділерімен кез­десіп, Саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын толық ақтау жөніндегі мем­лекеттік комиссия 2023 жылғы қызметінің қорытындысын бөлісті.

Осыдан үш жыл бұрын Президент архивінің жанынан ХХ ғасырдағы Саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы құрылған еді. Аталған орталықта саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты мемлекеттік комиссия қызметінің негізінде жинақталған  тарихи мәні зор деректер қоры сақталған.  Бүгінде мұрағатта 1918 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта жиналған, мемлекеттің тұрмыс-тіршілігі туралы, соның ішінде экономика, әлеуметтік даму және т.б салаларды қамтитын 700 мыңнан астам материал бар. Ал соңғы үш жылдың ішінде ҰҚК, ІІМ, бас прокуратура және т.б жабық қорлардағы жалпы саны 2 миллионнан аса құжат құпиясыздандырылса, 600 мыңнан  астам іс мұрағатқа табысталған. Сонымен қатар 688 мың іс ХХ ғасырдың 20-50 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарға қатысты жинақталған материал екені анықталған.

Әрбір істе бірнеше том қарастырылған. Қазір біз ат басын бұрған Президент архивінің қызметкерлері ғасырға жуық уақыт ішінде жинақталған материалдарды сақтап, оны қорғаумен айналысуда.

– Мұрағатқа келіп түскен әрбір мате­риал­ға залалсыздандыру жұмысы жүр­гізіледі. Мұны жүзеге асыру үшін арнайы аппараттар пайдаланылады.  Материал­дардың құрамында заттай дәлелдер бар. Тіпті, кейбірінің құрамында улы заттар болуы мүмкін. Сондықтан залалсыздандыру ісінің маңызы айрықша. Одан кейін реставрациялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Мұнда мамандар әр қағазды қайта қалпына келтірумен айналысады. Содан соң цифрландырылады. Қазір Мемлекеттік комиссия өзінің жұмысын аяқтағанымен, алда кем дегенде 5-10 жыл ішінде материалдың барлығына залалсыз­дандыру жұмысы жүріліп, қайта қалпына келтірілуі тиіс. Қазір жалпы саны 2 миллион құжат құпиясыздандырылса, 600 мыңнан астам іс құжаттары мұрағатқа берілген, – дейді мемлекеттік кеңесші Е.Қарин. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Түркістанда өткен құрылтайда Мемлекеттік комиссияның жұмысы нәтижесінде бұрын белгісіз болып келген материалдардың табылғаны жөнінде айтқан еді. Нақтырақ айтсақ, елімізде 100-ге жуық саяси қуғын-сүргін құрбан­дарының жерленген орындары мен тарихқа беймәлім күйінде қалған көтеріліс орындары, белгісіз лагерлер анықталды. Қазір оларға сараптама жүргізілуде. Зерттеу жұмысы нәтижесінде көз жеткізген тарихи дерек – Әлихан Бөкейхановтың Семейдегі орталыққа жіберген хаты. Ең басты тың жаңалықтардың  бірі – көрнекті жазушы, ақын Жүсіпбек Аймауытовтың бұрын-соңды ешжерде  жарияланбаған шығармасының табылуы. Өлең үш бөліктен тұрады және үшеуі үш түрлі мазмұнға келтірілген. Зерттеушілер бастапқыда шумақтар бір-бірімен ұйқаспағандықтан,  күмәнмен қараған. Болжамның нақты­лығына көз жеткізуі үшін өзге де құжаттарды ақтарып, соңында дәлел боларлық ақпаратқа көз жеткізген. Одан өзге бес адамның куәлік сөздерінде шығарма Жүсіпбек Аймауытовқа тиесілі екені көрсетілген. «Әзір өлмеймін» («Тез өлмен») –   Жүсіпбек Аймауытовтың  абақтыда жатқан жылдары елге деген сағыныш сезімімен жазған соңғы өлеңі. Сондай-ақ шығарманың астарында адамға рух сыйлай­тын алпауыт күш жатыр. Деректерге сүйенсек, абақтыда жатқан өзге азаматтар шығарманы бір-біріне ауызша таратқан деседі. Зерттеушілер осындай мәліметке көз жеткізгеннен кейін ғана шығарма Аймауытовқа тиесілі деген тұжырымға келді.

– Біз құжаттарды жүйелеп, тақырып­тарға бөлудеміз. Одан өзге Алаш қайрат­керлеріне қатысты құжаттарды жарияладық. Бұл құжаттарды зерттеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Осының арқасында бұрын жарияланбаған, тіпті алаштанушы ғалымдар естіп көрмеген материалдардың жинағын әзірледік. Ең соңғысы қызықты том болмақ. Он екінші томда Алаш қайраткерлеріне қатысты 50-жылдары жасалған алғашқы ақтау әрекеттері бойынша деректер қамтылған. Біз сол құжаттарды жариялап отырмыз. Бірақ мұнда тергеу материалдары қарастырылған. Мемлекеттік комиссияның негізгі жұмысы – іздестіру, жүйелеу, сараптама жасау, талдау. Әзірге осы жұмыстар аяқталды. Енді алдымызда ретке келтіру, залалсыз­дандыру, цифрландыру міндеті тұр. Осыдан кейін ғана тарихшылар мен арнайы мамандар құжаттарға өзара талдау жасай алады, – деді Е.Қарин

Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина баспасөз өкілдерін зертханадағы реставрациялық өңдеу кезіндегі процесс барысымен таныстырды. 

– ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығында 20 қызметкер жұмыс істейді. Саяси қуғын-сүргін құрбандары тарихына  қоғам тарапынан қызығушылық ерекше. Сондықтан бізге көбіне қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың туысқандары мен қоғам қайраткерлері тарапынан сұраныстар келіп түседі. Сұраныстарды жүзеге асыру үшін ғылыми-ақпараттық анықтамалық жасаймыз. Қызметкерлеріміз әр істі қарап, түбіне дейін зерделеп, негізгі базаға енгізеді. Шын мәнінде, жабық қорларда бұл іспен ешкім айналыспады. Бүгінде 600 мың материалдың ішінде 40 мыңнан астам істі зерттеп, оларға сипаттама жасадық. Бұл бір жыл уақыт ішінде жасалған жұмыс. Архивтік істің өзіндік тәртібі бар. Материалды жабық қордан алғаннан кейін архивтік істің талаптарына сәйкес оларды жүйелеп, реттеп, бір жүйеге келтіреміз, – дейді Президент архивінің директоры.

Әлия Құсайынқызының айтуынша, құжаттар ондаған жылдар бойы жабық қорларда тәртіпке сай емес жағдайда сақталып келген. Қазірдің өзінде мұнда өте нашар күйде сақталған материалдар бар. Нәтижесінде, 686 істі қайта қалпына келтіру мүмкін болмай тұр...

– Осы кабинетте қалпына келтіру жұмыстарын жасаймыз. Қабылданған құжаттардың 51 пайызы толық қалпына келтіруді қажет етсе, 47 пайызы ішінара қалпына келтірілуі тиіс. Залалсыздан­дырылған, қайта қалпына келтіруден өткен құжат қолжетімді болмақ. Әрбір парақты залалсыздандырып, қайта қалпына келтіруіміз тиіс. Оларды белгілі бір жүйеге келтіргеннен кейін ғана зерттеушілер жұмыс істей алады. Олай болмаған күнде біз құжаттан айрылып қаламыз, – дейді Президент архивінің директоры Ә.Мұстафина.

Жиын соңында Ерлан Қарин Орталық жұмысының қорытындысы жыл сайын ғылыми жинақ ретінде жарық көріп, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарына берілетінін айтты.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы