Тіршіліктің тынысы – «Жалқау қыздың жұмысы»

Соңғы уақытта әлем басқаша құбылуда. Өркениет дамыған сайын құныдылықтар да өзгере бастады. Бұрын адамдар жұмысты тек нәпақа табу көзі деп санады.

Бүгінгі ұрпақ түсінігінде жұмыс тек табыс көзі ғана болмауы керек, өміріңнің бір бөлігі болғандықтан сүйікті ісің де болуы қажет деген ойда. Иә, қазіргі заманда «екі қолға бір күрек» табылмаса, жарқын өмірдің ауылы алыс деген сөз. Жаңа киім, жақсы ас мәзірі, қызықты сапар, баспана мен көлік – барлығы жалақыңның көлеміне байланысты. Дегенмен бүгінгі ұрпақтың көпшілігі таңнан кешке дейін кеңседе отырып, өмірінің біраз бөлігін төрт қабырға ішінде өткізуге бейілсіз. Олардың екі қолына бірнеше «күректі» ұстаса да, еркін графикті жұмыс істеп, өз уақытын бағалауды қолға алып, қалған уақытын өздерінің сүйікті істеріне арнағысы келетіні байқалады. Сонымен қатар жас ұрпақ кеңседе отырса да, жауапкершілігі мен ауыртпашылығы аз, жүйкеге салмақ салмайтын жұмыстарды таңдауға бейім.

Тренд қалай пайда болды?

Соңғы уақытта TikTok желісінде «жал­­қау қыздың жұмысы» (#lazygirljob) деп аталатын тренд танымал болып тұр. Бұл тренд адамдарды мансап сатысымен кө­­­те­­­­рілуді емес, стрессіз жұмыс іздеуге ша­­­қырады. Осындай хэштегпен біршама адамдар (әсіресе, нәзік жандылар) ноут­­­бук немесе компьютер алдында кофелерін ұрттап, еркін графиктегі жұмыстарын желіге жүктеген. Сарапшылар егер 2010-2020 жылдар кеңседе немесе кәсіпте бастық болғысы келетіндердің онжыл­­­дығы болса, 2020-2030 жылдар анти-жұ­­­мыс онжылдығы болуы мүмкін дегенді айта­­­ды. 2020 жылы ғаламдық пандемия басталғаннан бері бұл үрдіс қатты байқал­­­ған. Бүкіл әлем бойынша миллиондаған адам бірнеше айдың ішінде еңбек келі­­­сімшартын өзгертіп, өздеріне лайық­­­ты кестеде жұмыс істеуге бейіл болған. Яғни, жұмыстың адам өміріндегі рөлі басқаша сипат алды деген сөз. TikTok әлеуметтік желісінде #жалқауқызжұмысы хэште­­­гімен жиналған көптеген бейнероликтер бар. Соңғысы платформада миллиондаған көріністерге ие, бұл тұжырымдаманың өскелең ұрпақ арасында танымалдылығын көрсетеді. Мысалы, #lazygirljob хэштегі өткен жылдың өзінде 12 миллионнан астам қаралым жинаған. Оның ішінде өзін «жалқау қыздар» деп атайтын бей­­­нелер жұмыстағы өмірдің қанша­­­­лықты оңай екендігі туралы баяндайды. Ол бейнелерде «Менің жұмысым – электрон­­­дық поштадағы хаттарға жауап беріп, күніне 3-4 қоңырау шалу, үзіліс жасау және жақсы жалақы алу» деген секілді атаулар бар. Мұндай бейнелердің астын­­­дағы пікірлерде «жалқау қыздың жұмы­­­сын» қалай табуға болатыны туралы кеңес­­­­тер сұрайтын адамдар басым болған. Мәселен, ағылшындық Габриэль есімді қыздың жүктеген видеосында көп күш жұмсамай-ақ, жылына 60-80 мың доллар табуға болатынын айтады. Көптеген адамдар мұндай нәтижелерге қол жеткізу үшін көп уақыт пен күш қажет деп ой­­­лайды, бірақ Габриэльдің айтуынша, мұн­­­дай кірісті ең аз жұмыс көлемімен қамта­­­масыз ететін лауазымдар бар. «Бұл – ақша табудың және өзіңізге ұнайтын сүйікті ісіңізді жасауға уақыт табудың құралы», – дейді ол. 

Бір қарағанда, қыздар өздерінен аз күтілетін мамандықтарда жұмыс істеген­­дерін мақтан тұтады, тіпті осы салада бі­раз тәжірибесі бар екенін айтады. «Мен өз жұмысымды «жалқау қыз» ретінде жақсы көремін. Маған адамдармен сөйлесудің қажеті жоқ, мен кеңсеге аптасына екі рет қана келемін», – деп түсіндіреді TikTok қолданушы­­­ларының бірі.

Бұл тенденцияның TikTok-та кең етек алғаны таңғаларлық емес, өйткені Z буы­ны «жұмысқа қарсы ұрпақ» ретінде бел­­гілі. Статистика бойынша, Ұлыбрита­­ния­ның Z ұрпақтарының 49%-ы жұмыс олар­дың өмірінің маңызды бір бөлігі екенін мәлімдеген. Бұның да себебі бар. Ұлыбританияда 1997 жылдан кейін ту­­­ғандар үй бағасының рекордтық өсуін бай­­­қа­­­ған және қазіргі уақытта кең тарал­­ған экономикалық дағдарыс кезеңін бас­­тан кешіріп келеді. Яғни, бүгінгі жас ұрпақтың ойынша, егер атқарған жұмы­­­сың өз үмітіңді ақтамайтын болса, жеке бас қажеттіліктеріңді өтемейтін болса, кеңседе күн ұзақ отырып, өміріңнің көп бөлігін өткізу тиімсіз. Яғни, тынымсыз еңбектен түк шықпайтын болса, олай еңбек­тенудің қажеті жоқ деп санап, «біз өз денсаулығымыз бен бақытымызды ман­­сап пайдасына айырбастамаймыз», – дегенді айтады. 

«Бізде жеңіл ақша қуу көрінісі басым»

Осы ретте TikTok желісі бойынша сарапшы Амина Қадылбекқызынан аталған тренд туралы ойын білуге ниет­­­тендік. Ол #Lazygırljob – қазір Z ұрпақтың арасында, әсіресе әйелдер үшін тренд болып жатқанын атап өтті. «Заман­­­ның өзгерісіне, интернеттің қарқынды дамуы­­­на байланысты трендке онлайн жұмыстар термині енді. Аме­­­­рикада, Ресей­­­­де онлайн тапсырыстар алатын үлкен сайттар көп. Бүгінде үйде отырып мақала, пост, аудар­­­малар т.б. көптеген жұмыс істеп, жақсы гонорар алуға бола­­­ды. Бұл трендтің мақ­­­са­­­­ты – бастыққа бағынып, өмір бойы бір айлықпен отыр­­­мауды насихаттайды. Әйел­­­­­­дерге жеңіл жұмыс жасап, жақсы табыс табуға бола­­­ты­­­­­нын айтады. Бұл жерде тренд шын мәнінде жеңіл жұмысты меңземейді. Біз­де қазақ аудиториясында да осы сияқ­­­ты алаяқтардың хабарла­­­­малары толып жүр. «Лайк басып ақша таба­­­сың» деген сияқты. Бұл трендтің негізгі мақсаты – адамның жұмыстағы психологиялық сау күйі, ұзақ жұмыс күнінен алатын стресті азайту, жеке өмір мен жұмыстың арасын­­­дағы шекараны сақтау, онлайн жұмыстың, мамандық­­­тардың артықшы­­­лығын көр­­­сетеді.

Біздің елде де бұл әдіспен жұмыс істеп жатқан адамдар көп. Фриланстардың қазір табыстары да жақсы. Бірақ бұл жаңа заманның үйрену керек қабілеттері. Бізде мұндай тапсырыстардың басын бірікті­­­ретін ортақ сайттар жоқ. Бізде бұл тренд­­­тің түпкі мәнін саралайтын аудитория аз. TikTok-та, мысалы 40-50 плюс адамдар жиі отырады. Жігіттер аудиториясы да өте көп. Көбі мұндай жұ­мысты түсінбейді, жеңіл ақша, тез ақ­ша табатын жұмыс деп ойлайды. «TikTok ақша төлейді екен ғой, лайк басуға арнал­­­ған жұмыс бар екен ғой» деп менен де жиі сұрайды. Бізде аудиторияда масылдық, жеңіл ақша қуу көрінісі басым. Сонымен қатар білім мен білік аз. Америкада мұн­­­дай жұмыстар өмір салтына айналған. Сондай-ақ арнайы онлайн қабілеттерді жаппай меңгерген. Жалпы, әу баста бұл тренд әйелдер арасында шыққан еді. Се­­бебі шетелде гендерлік саясатқа аса көңіл бөледі. Трендтің түбінде көп мән бар. Бірақ біз әлі оны терең түсіндік дей ал­май­­­­мын», – дейді сарапшы маман.

Фриланстық өмір философиясы

Қазіргі еңбек нарығы жұмыс іздеу­­­­шілерге еңбек етудің түрлі жолдарын, не­­­­­бір шарттарын ұсынады. Біраз уақыт қана бұрын тілімізде «фриланс» деген ұғым пайда болды. Және бұл сөз штаттан тыс жұмыс істеу деген мағынаны білдіреді. Фрилансер бір уақытта бірнеше жобамен айналысып, бірнеше компаниямен жұ­­­мыс істеуі мүмкін. Кейбір адамдар үшін фриланс болып жұмыс істеу мүм­­­кіндігі еркіндікпен тең ұғым: ерте 7-де түрудың қажеті жоқ, кеңсеге асық­­­пай­­­­сың, жұмы­­­сыңды бақылап отыра­­­­тын бастығың жоқ, автобусқа отырып, кеп­­­телісте тұрмай­­сың – себебі фриланс үйден жұмыс істейді.

Дәстүрлі жұмыс орындарының па­­­­радигмасы ковид пандемиясының арқасында сейсмикалық өзгерістерге ұшырады. Нәтижесінде, қашықтан жұ­мыс істеу басым тренд ретінде пайда бол­­­ды. 2023 жылғы жағдай бойынша толық уақытты қызметкерлердің 12,7%-ы үйден жұмыс істесе, ал 28,2%-ы гибридті мо­­дель­­­­де жұмыс істеген. Қашықтан жұмыс істеудің тұрақты өсуіне қарамас­­­­тан, жұмыс күшінің көпшілігі (59,1%) әлі де кеңседе жұмыс істейді. Бұл қашықтан атқаратын жұмыс күшінің күшейіп жат­қанымен, кеңседегі дәстүрлі жұмыс ескірмейтінін көрсетеді. Дегенмен келер шаққа болжам жасасақ, қашықтан жұмыс істеудің болашағы зор болып көрінеді. Upwork мәліметтері бойынша, 2025 жыл­­­ға қарай шамамен 32,6 миллион америка­­­лық қашықтан жұмыс істейтін болады, бұл жұмыс күшінің шамамен 22%-ды құрайды. Себебі жұмысшылардың 98%-ы кем дегенде біраз уақыт қашықтан жұмыс істегісі келсе, компаниялардың 16%-ға жуығы қазірдің өзінде толық қашықтан, физикалық кеңсесіз жұмыс істейді. Мәсе­­­лен, 2023 жылы компьютер және IT секторы қашықтан жұмыс істеуге арнал­­­ған жетекші сала болған. Бұған осы сек­тор­­­­дағы тапсырмалардың көбінесе сан­дық сипатқа ие болғандығынан, тек се­­німді интернет жылдамдығын қажет етеді. Дегенмен басқа салалар да артта қалған жоқ. Маркетинг, бухгалтерлік есеп және қаржы және жобаларды басқару жұмыс үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін цифрлық құралдар мен платформаларды пайдалана отырып, қашықтан жұмыс істеуді қабылдады. Медицина және денсаулық сақтау саласы, ең алдымен телемедициналық қызметтердің өсуіне және денсаулық сақтау жазбаларын цифрландыруға байланысты қашықтан жұмысқа ауысуды жөн көрді. Тіпті, дәстүрлі түрде физикалық кеңселерге сүйенетін HR, рекрутинг және тұтыну­­­­шыларға қызмет көрсету сияқты сектор­­­лар қашықтан жұмыс істеудің артықшы­­­лықтарын сезініп келеді. Виртуалды әлем бұл салаларға орналасқан жеріне қарамас­­­тан тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік берді. 

Марк Цукербергтің Меtа компания­­­сы – географиялық шектеусіз рекрутинг­­тің ең жақсы үлгілерінің бірі десек болады. Компанияның кем дегенде (2022 жылғы маусым есебі бойынша) әр елдің түрлі қа­лаларында жұмыс істейтін 80-ге жуық қызметкері болған.

 

2024 ЖЫЛЫ ҚАШЫҚТАН ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН 

ЖҰМЫСШЫЛАР ҮШІН ЖЕТЕКШІ САЛА:

Компьютер және IT

Маркетинг

Бухгалтерлік есеп және қаржы

Жобаны басқару

Медицина және денсаулық

HR және рекрутинг

Клиенттерге қызмет көрсету

 

Егер статистикаға сүйенсек, онда фри­­­­лан­­­­серлер компанияда дәл сол қызметті атқаратын мамандарға қараған­да, 1,5-2 есе көп табыс табады. PwC болжамдары бойынша, фриланстың жаһандық нарығының 2025 жылға дейінгі орташа жылдық өсу қарқыны 16%-ды құрайды, ал нарықтың өзі 6,54-тен 13,84 трлн долларға дейін өседі. 

Жаһандық компаниялардың 40%-ы жұмыстағы фрилансерлер санын артты­­руды қаласа, ал компаниялардың 25%-ы қызметкерлердің 30%-ына дейін фрилан­­серлермен алмастыруды жоспар­­­лап отыр. Бұл әлемде жұмыс беруші мен қызметкер арасында делдал ретінде әре­­кет ететін және әркімнің мүдделерін қор­ғауға мүм­­кіндік беретін сандық еңбек тұғырна­­­маларының кең таралуына әкел­­ді. Бұл сайттарда жұмысшылар онлайн немесе қашықтан жұмыс пен тапсырма­­­ларды орындай алады. 

Бүгінде Dice, Fiverr, Freelancer, Pchel, HireMyMom және Mediabistro сияқты фрилансерлерге арналған америкалық және ресейлік интернет-ресурстар бар. Олардың басты артықшылықтарына сала немесе санат бойынша мамандандыруды, бір қызметті сату емес, жобаны орындау үшін команда қалыптастыруды, алдыңғы жұмыстарды қарау мүмкіндігін және фрилансерлерді қызмет көрсету сапасы бойынша саралауды жатқызуға болады. Қазақстанда сондай-ақ Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) фрилан­­­серлер үшін олардың табыс табу мүмкін­­­діктерін кеңейтуге жұмыс іздеу сервисін іске қосу жоспарлануда. Сондықтан қа­­­­зірдің өзінде жұмыс берушілер қашықтан жә­не кеңселік жұмыспен қамтуды үйлестіретін жұмыс форматының «гиб­­­­ридті» моделін енгізу туралы ойлана бас­­тады. McKinsey бағалауы бойынша, пан­­­демия аяқталғаннан кейін 10 ұйымның 9-ы осы модельді ұстанатын болады. Жұ­­­­мыс берушілер мұндай жұмыс форма­­­­­тының – әкімшілік шығындарды азайту – жалдау ақысын төлеудің қажеті жоқ, электр қуаты, кеңседегі ауызсуы, қағаз, кең­­се тауарлары үшін ақы төлеудің қажеті жоқ және т.б. сияқты пайдасын түсінді. Жұмысшылар үшін де жақсы артықшы­­­­­лықтар бар: жолға уақытты үнемдеу, түскі асқа, киім-кешекке шығындарды азайту және т.б. Тек қана жұмыс беруші тәртіпті көрмейді, әркім өз қызметкерлерін бақы­лағысы келеді.

Еліміздегі жағдай қандай?

Осы мақаланы індету барысында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мекемелік бағынысты ұйымы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» (ЕРДО) акционерлік қоғамының 2021 жылғы сараптамасын шолып шыққан едік. Жалпы, бұл ұйым әлеуметтік-еңбек сала­­­сындағы талдамалық және IT-орталығы болып саналады. Онда пандемиядан кейінгі кезде елімізде қандай өзгерістер болуы мүмкіндігі қамтылған екен. 

Мысалы, бүкіл әлем бойынша 5 қыз­­­меткердің біреуі 2020 жылы үйде жұмыс істеуге мәжбүр болды, ал ЕО елдерінде қызметкерлердің 40%-ы тележұмысқа көшкен. Пандемия аяқталғаннан кейін дамыған елдердегі жұмысшылардың 20-25%-ы (Франция, Германия, Жапония, Испания, Ұлыбритания және АҚШ) және дамушы елдердегі 10%-ы (Қытай мен Үндістан) үйде аптасына 3-тен 5 күнге дейін жұмыс істей алады. Біздің аймақ туралы айтатын болсақ, BCG талдауына сәйкес, сандық және білімге негізделген секторларда жұмыс істейтін қашықтықтан жұмыс істейтін жұмыс­шылардың үлесі Қазақстанда пандемияға дейін 41%-ды құраса, ал COVID-19 кезінде бұл көрсеткіш 50%-ға дейін өскен екен. Жалпы, 2030 жылға қарай Қазақстандағы жұмыс күшінің 28%-ын басқа сипаттамалар мен құндылықтарға ие «Z» ұрпағы (1998 жылы туған және одан кіші) құрайды. 

Ресми статистика деректері бойынша, 2021 жылдың 1 тоқсанында 73,7 мың адам немесе жұмыспен қамтылған халықтың 0,8%-ы ресми түрде жұмыс орнынан тыс жерде жұмыс істеген, олардың 86%-ы же­ке коммуникация құралдарын қолданған екен. Оның 70%-ы әйелдер болса, 69%-ы қала тұрғындары болған. Сараптамалық бағалауға сәйкес, Қазақстанда 2,2 млн-ға жуық жұмыспен қамтылғандар немесе бі­лім беру (саладағы қызметкерлердің 80%-на дейін), қаржы және сақтандыру (62%), мемлекеттік басқару (58%), кәсіби және ғылыми қызмет (50%), сондай-ақ ақпарат және байланыс (45%) сияқты салаларда әрбір төртінші қызметкер қашықтықтан жұмыс істей алады. Нә­­­тиже­­­сінде, локдаун кезеңінде осы сала­­­лардағы жұмыспен қамту айтарлықтай азайған жоқ, керісінше, бір жерлерде өсті. Үшіншіден, халықтың бір бөлігі жұмыс күші құрамынан экономикалық белсенді емес санатқа көшті. Мысалы, 2020 жылы олардың саны 143 мың адамға немесе 4%-ға өскен. 

 

ТҮЙІН: 

Технологияның жылдам ілгерілеуі экономика келешегі үшін ғана емес, еңбек саласында жаңа сын-тегеуріндердің туындауына алып келді. Осылайша, жақын болашақта 85 млн-нан астам жұмыс орны еңбек нарығынан ығыстырылуы мүмкін. Ал адамдар, машиналар мен алгоритмдер арасында еңбекті бөлуге неғұрлым бейімделген 97 млн жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Сонымен қатар әлемнің 8 ірі экономикасының соңғы зерттеуіне сәйкес, 2030 жылға қарай шамамен 100 миллион жұмысшы немесе әрбір 16-шы адам қызмет түрін өзгертуге мәжбүр болады. Өз кезегінде, ЭЫДҰ бағалауына сәйкес, таяудағы 15-20 жылда қолданыстағы жұмыс орындарының 14%-ы автоматтандыру нәтижесінде жоғалып кетуі мүмкін, ал тағы 32%-ы жеке міндеттерді автоматтандыру шамасына қарай өзгеруі мүмкін. Бұл дегеніміз, қалаулардың, бизнес-модельдердің және келісімшарт түрлерінің өзгеруімен бірге адамдар тереңірек өзгерістерге тап болады: көпшілігі тек жұмысын ғана емес, сонымен қатар кәсібін де өзгертуге мәжбүр болады, көпшілігі өздерінің дағдылары мен жұмыс әдістерін жетілдіруге мәжбүр болады. Ендеше алдағы еңбек нарығында бәсекелестік көбейеді деген сөз. Бәсекеге төтеп беру үшін біліміміз бен білігіміз қатар шабатынын естен шығармаған жөн.

Наурызбек САРША