– Құрметті Әлихан Асханұлы! Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы мен бірқатар депутаттарының Шығыс Қазақстан облысы басшылығымен, мәслихат депутаттарымен кездесуде және де осы жылдың қаңтарында өңірлерге іс-сапарымыз барысында арнайы білім беру ұйымдарының, оның ішінде оңалту орталықтары тәрбиешілері жалақысының өспеуі жайлы мәселе көтерілді.
Бүгінде республиканың білім беру жүйесінде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларының (ПМПК) есебінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 188 мың бала тіркелген. Оның ішінде 55 мыңы немесе 29 пайызы – мектеп жасына дейінгі балалар.
Мүгедектігі бар балалардың білім алуына жағдай жасау мақсатында білім беру жүйесінде арнайы білім беру ұйымдарының желісі жұмыс істейді. Оның ішінде орта мектепке дейінгі білім саласында – 44 арнайы балабақша, 99 арнайы мектеп-интернат, 9 бақша-мектеп кешені бар. Осы мекемелерде 20 мыңға жуық тәрбиеші еңбек етеді, – деді сенатор.
Дегенмен депутаттың айтуынша, инклюзивті және арнайы білім беру саласында бірқатар мәселелер болып отыр. Атап айтқанда:
- арнайы мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептер желісінің саны өспей, орын тапшылығы көбеюде;
- осылайша, еліміздің 11 өңірінде 29 арнайы мекемелер ашу қажеттілігі бар. Оған себеп республика бойынша 24 мыңнан астам бала кезекте тұр;
- сондай-ақ арнайы балабақша мен мектептерде оқыту сапасы дұрыс бақыланбайды;
- интеллектісі бұзылған балаларға арналған мектеп түлектерін жұмысқа орналастыру деңгейі өте төмен;
- бұдан бөлек, арнайы педагогтердің, әсіресе сурдо мен тифлопедагогтердің тапшылығы мен олардың біліктілігін арттыру курстары жетіспейді;
- бүгінгіде арнайы мектеп-интернаттардың материалдық базасы әлсіз, жабдықтау нормаларына сәйкестігі тек – 40 пайызды ғана құрайды.
Сонымен қатар былтырғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, педагогтердің жалақысын 30 пайызға арттыру тізіміне арнайы мектептер мен мектеп-интернаттардың, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған күндізгі топтары бар оңалту орталықтарының тәрбиешілері мен қызметкерлері кірмеген. Қазіргі жағдайда, бұл мекемелерден білікті және тәжірибелі кадрлардың кетуіне әкелуі мүмкін.
Осындай жағдай әлеуметтік қорғау жүйесінде де байқалады. Онда балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің 21 орталығы, оның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған 4 орталық жұмыс істейді. Патологиясы бар балаларға арналған 17 орталық және 98 жартылай стационар бар. Онда 4 700-ден астам балаға білім беру қызметтері көрсетіледі.
Депутаттық сауалда айтылғандай, еліміздің медициналық-әлеуметтік мекемелерінде де ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен педагогтер қызмет атқарады. Бірақ олардың мәртебесі «Педагог мәртебесі туралы» заңда қарастырылмаған және олардың еңбекақысы білім беру жүйесіне қарағанда әлдеқайда төмен.
– Құрметті Әлихан Асханұлы, баяндалғанның негізінде, келесі мәселелерді шешуді қолдауыңызды сұраймыз. Біріншіден, республикалық бюджетті нақтылау кезінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын іске асыратын арнайы білім беру ұйымдары тәрбиешілерінің жалақысын көбейту. Екіншіден, әлеуметтік қорғау жүйесінде білім беру, түзету және балаларды тәрбиелеуді жүзеге асыратын медициналық-әлеуметтік мекемелерде жұмыс істейтін педагогтер үшін «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес мәртебе беру мүмкіндігін қарастыру.Үшіншіден, арнайы мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептердің санын кезең-кезеңімен көбейту, олардың жабдықтау деңгейін арттыру, сондай-ақ осы білім беру мекемелері үшін кадрлар даярлау мәселесін қамтамасыз ету.
Айтылғандардың маңыздылығын ескере отырып, депутаттық сауалға, заңда көзделген мерзімдерде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз, – деді сенатор Талғат Жүнісов.