Ет жегеннен кейін газдалған сусын ішуге шақыратын жарнама өте ауыр зардаптарға әкелетінін айтады. Осы тұста Stan.kz тілшісі нутрициолог маманнан ет жегеннен кейін газдалған сусын ішкен қаншалықты зиян екенін сұрап көрді, – деп жазады Aikyn.kz.
Желі қолданушысы Халиса Алманиязова Facebook-тағы парақшасында билбордқа қойылған “Үйге әрқашан да жақын. Дәмді бешбармақ. Мұзды Coca-Cola” деп жазылған жарнаманың өте қауіпті екенін айтады. Сөзінше, газды сусындарды ішу салдарынан бүйрекке тас жиналады.
Нутрициолог Айгүл Олжанованың сөзінше, Coca-Cola сияқты сусындардың құрамында газ өте көп болғандықтан, ол ішті кептіреді.
"Адамдардың көбі тамақтан кейін газдалған сусын ішу еттің немесе майлы тамақтың қорытылуына көмектеседі деп ойлайды. Керісінше, оның зияны көп. Газды сусын кальций, темір сынды минералдарды шайып кетеді. Ағзаға қажет пайдалы элементтердің бәрі ыдырайды. Сондай-ақ оның құрамында қант көп, салдарынан адам қант диабетіне ұшырауы мүмкін. Сонымен қатар салқын сусынды іште жылыту үшін асқазан көбірек энергия жұмсайды. Оның пайдасы жоқ", – дейді ол.
Маман оның орнына тамақтан кейін сорпа немесе қымыз ішуді кеңес етеді.
"Ет коласыз-ақ өз бетімен қорытылады. Бірақ тамақтан кейін асқазанда ауырлық сезсеңіз, сорпа ішкен жөн. Сорпаға құрт пен айран қосуға болады. Сондай-ақ қазақтар бұрын еттен кейін қымыз ішетін. Себебі ол ауыр тамақты тез ыдыратып, қорытуға көмектеседі", – деді диетолог.