Жол-көлік оқиғасының салдарынан жеңіл көліктегі өзбекстандық әйел мерт болды. Екі жолаушы медициналық көмекке жүгінді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы 20 қаңтарда болған.
«Жол апаты 20 қаңтар күні сағат 16:30 шамасында республикалық маңызы бар Ақтөбе-Атырау-Астрахан тасжолының 659-шақырымы тұсында тіркелді. Сhevrolet Cobalt маркалы көліктің рулінде Өзбекстан Республикасының 1992 жылғы азаматы болған. Шетелдік жүргізуші көлікті басқара алмай, қарсы бағытта келе жатқан Mercedes Benz Actros маркалы жүк көлігіне соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Chevrolet Cobalt автокөлігінде отырған 1982 жылғы жолаушы қаза тапты. Марқұм болған әйел Өзбекстан Республикасының азаматы екені анықталды», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ жеңіл көлікте болған 2 жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
«Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Атырау қаласынан Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ресей Федерациясының Астрахан облысы бағытындағы жолмен жүретін жүргізушілерге қауіпсіздік ережесін сақтау жөнінде үнемі ескерту жасайды. Осындай ескерту Атырау қаласының маңындағы Сарыөзек елді мекені тұсында Сhevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісіне берілген. Алайда полиция қызметкерлерінің ескертуін елемеген жүргізуші жол апатына түсіп, жолаушының көз жұмуына себепші болды», – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.