Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысында партияның 2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы бекітілді. Бағдарламаның 2015-2020 жылдарға арналған алғашқы Жол картасында көрсетілген іс-шараның барлығы толыққанды орындалды. Атап айтқанда, ол құжатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қоғамдық кеңестер, ақпаратқа қол жеткізу, мемлекеттік қызметті жетілдіру, мемлекеттік сатып алу туралы заңдарды қабылдау көзделді. Бұл заңдар қабылданып, жұмыс істеуде. Енді аталған бағдарламаны жүзеге асырудың ІІ кезеңі қолға алынып отыр. Жаңа Жол картасы 21 баптан тұрады. Онда мысалы, коррупцияны қоректендірер тәуекелдер көзі саналатын мемқызметті автоматтандыру қарастырылған. Электронды түрде ұсынылатын қызметтер үлесін 90 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, заңнаманы жетілдіру шаралары көзделеді. Қоғамдық бақылауды күшейтетін, үй салу үшін жер учаскесін алу кезіндегі бюрократияны азайтатын заңнамалық түзетулер әзірленеді. Халық мемлекеттік мекемелер мен олардағы басшыларға шағым айтып жүгінеді, алайда сырғытпа, жалтарма жауап алады. Салдарынан төменгі деңгейде шешім мен әділдік таппаған азаматтар жоғары жаққа шабады. Жыл сайын қаншама тонна арыз түседі. Осының алдын алу үшін ең алдымен жергілікті жерде жұртшылықты қабылдап, мұң-мұқтажын қарайтын органдар жұмысы сапалы болуы керек. Осы мақсатта олардың жауапкершілігін арттыру қажет. Демек, өз өкілетіне сай ел мәселесін шешпесе, салғырттығы мен сергелдеңге салғаны үшін жазалануы тиіс. Мұны да заңда қарастырсақ деген ой бар. Барлығын заңмен реттей беру қиын. Сондықтан тәрбие бағытына да назар аударылады. Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша біраз жобаларға мемлекеттік тапсырыс жасалып, бюджеттен қаржы бөлінбек. Бүгін бекітіліп, алда қолға алынатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы партияның беделін арттыруға, коррупциямен күресті жандандыруға, саладағы істердің нәтижелі болуына септігін тигізеді деген сенімдемін. Бұл заңдар кезең-кезеңмен биылдан бастап, 2024 жылға дейін қабылданады деп күтілуде. Қазір қарасақ, елімізде жемқорлықпен күреспей жатқан орган жоқ. Партиямыз да, қоғамдық ұйымдар да соған жұмылған. Әйтсе де, бұл қоғамдық кеселді жеңу үшін қоғамға отаншылдық керек. Екіншіден, заңнамада олқылықтар бар және соны біліп алған қарау ниетті жандар, пысықтар олқы тұсын өз орайына пайдаланып, заңсыз кіріс тапқысы келеді. Сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттер ашық, жария болмай тұр. Осы кемшіліктер түзелсе, бұл жемқорлық тамырының өркен жаймауына ықпал етеді. Омархан ӨКСІКБАЕВ, Мәжіліс депутаты