Күнсұлу Закария жаңа қызметке тағайындалды

Күнсұлу Закария жаңа қызметіне дейін Президент жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті қызметін атқарды.

Ұлттық ғылым академиясының президенті қызметін атқарған Күнсұлу Закария Президенттің кеңесшісі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Мемлекет басшысының өкімімен Күнсұлу Дальтонқызы Закария Қазақстан Республикасы Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды", – деп жазылған Ақорданың ресми сайтында.

Айта кетейік, Күнсұлу Дальтонқызы әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі, Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі, СOVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы QazCovid-in (QazVac) қазақстандық вакцинасын әзірлеуге қатысқан.

«Биоқауіпсіздік және биотехнология» ғылыми журналының бас редакторы. 200-ден астам ғылыми жарияланымның, 8 ғылыми-әдістемелік құралдың, 5 монографияның, 29 өнертабысқа берілетін патенттің, оның ішінде 2 халықаралық патенттің, профилактикалық және диагностикалық препараттар өндірісі бойынша 7 нормативтік-техникалық құжаттың авторы.

2022 жылдың 22 тамызынан 2023 жылдың сәуіріне дейін «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ бас директорының лауазымын атқарды. Оған дейін ҚР ДСМ «Биологиялық қауіпсіздік проблемасын ғылыми-зерттеу институты» РМК бас директоры болған.

Күнсұлу Закария жаңа қызметіне дейін Президент жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті қызметін атқарды.