Рухани іс-шараға Мемлекет және қоғам қайраткелері, Парламент депутаттары, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшелері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, журналистер мен кітапхана оқырмандары қатысты.
ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен 2023 жыл – Темірбек Жүргенов жылы деп жарияланған болатын. Даңқты тұлғаның құрметіне орайластырылған шаралар жыл бойы Жүргеновтің өмірі мен рухани мұрасын кеңінен дәріптеп, оның Орта Азия мен Қазақстанның мәдениетін, өнерін дамытудағы еңбегін зерделеді. Соның ішінде жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» кітабы түрік тіліне аударылса, жазушы Алмажан Өтеғалиеваның «Темирбек Жургенов: Триумф и Трагедия» кітабы орыс тілінде жарық көрді.
Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» романында мемлекет, қоғам және мәдениет қайраткері, үлкен террор құрбаны Темірбек Қараұлының өмір жолы, өскен ортасы, ел игілігін көздеген жанқиярлық еңбегі, қуғын-сүргінге түскен отбасының ахуалы суреттеледі. Жазықсыз жазаға ұшыраған ерінің есімін қоғам өміріне қайтару үшін жары Дәмеш Әмірханқызы ұзақ жылдар бойы тер төккен. Романда Темірбек Жүргеновтің жары Дәмештің осындай еңбегі де әңгімеленеді.
Ал жазушы Алмажан Өтеғалиеваның орыс тілінде жарық көрген «Темирбек Жургенов: триумф и трагедия» атты монографиялық еңбегі кең көлемдегі мұрағат деректеріне сүйене отырып жазылған. Еңбекте Қазақ АКСР-нің Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің (1898-1938) мемлекеттік және қоғамдық-саяси қызметі жан-жақты ашылған.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі Т.Жүргеновтің мұрасын насихаттауды әрдайым назарда ұстайды. Қазақ мәдениетінің темірқазығындай тұлғаның болмысы баршамызға үлгі», – деді шарада сөз алған вице-министр Арман Жүдебаев.
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Әкімұлы шараның маңызына тоқталып:
«Былтыр 125 жылдығын күллі Түркі дүниесі бірігіп тойлаған асыл азаматтың әдеби-публицистикалық мұрасын түбегейлі зерттеп, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің тарихында алатын орынын нақты белгілеу – сіз бен біздің және келешек ұрпақтың мойнындағы парыз», – деді.