Төбет өсіріп, жылан баққан

Қазіргідей қым-қуыт тірліктің қамымен жүрген адамдар арасында ерекше бір істі хобби еткендерін табу қиын.

Дегенмен Атырауда жануарларды күтіп-баптауға уақыт тауып жүрген азаматтар бар. Солардың бірі – атыраулық Әділет Жәнібекұлы. Оның салмағы 60 келіден асатын төбет иті біраз уақыттан бері атыраулықтардың аузында жүр. 

Қала сыртындағы «Жұлдыз» ықшамауданында тұратын Әділет алып төбетті үш жылдан бері асырап келеді. Төбетке Веста деген ат берген Әділет ерекше иттің осы уақыт ішінде отбасы мүшесіне айналып кеткенін де айтты. 

«Әкемнің жұмысындағы иттері күшіктеген екен. Бір күні сүйкімділігіне қызығып, әкем сол күшіктердің ара­сы­нан осы төбетті үйге алып келді. Итіміз кәдімгідей ақылды. Көшені шулатып, бірінің үргеніне екіншісі қосыла кететін иттерге ермейді. Үнемі қырағы, біздің қауіпсіздігімізді бақылап жүреді. Есті итімізге әбден бауыр басып қалдық», – дейді Әділет.

Бойы 80 сантиметрге жеткен Веста қазір үш жаста. Жанына бар­саңыз, бойы белуардан келеді. Өзі маңғаз, өзі сұсты көрінетін алып төбет күніне үш мезгіл тамақ ішеді. Әді­леттің айтуынша, қазақ төбеті көш­пенділер дәуірінде ерекше маңыз­ға ие болған. 

«Тарихи жазбаларда ертеректе қазақ малшы­лары­ның төбеттерді тамақтандыратын ағаш итаяқтарды жасатқанда ішкі өңіріне қасқыр терісін қаптағаны айтылады. Ондағы мақсат – тағам иісі мен қасқырдың иісін де қатар алып, төбеттің қасиетін ұштай түсу екен. Малшылардың қасқыр шауып, қып-қызыл шығынға ұшырап жатқанын жаңалықтардан жиі көріп жатамыз. Сондықтан мал шаруашылығында жүргендер төбет ит асырауға қайта маңыз беретін болса, төбеттер мықты қорғаныш болары анық», – дейді Әділет. 

Атыраулық Салтанат Өмірбайқызының оқиғасы тіпті қызық. Ол он жылдан астам уақыттан бері алып анаконда өсіріп келеді. Салтанатқа әбден үйренген анаконда өзінше «еркелейді» де екен. 

Бір қарағанда нәп-нәзік көрінетін Салтанат – өнермен бірге, кәсіпті қатар алып жүрген қазақтың қайсар қыздарының бірі. Өзі Графиня деп ат берген анаконданы күтіп-бағу – Салтанаттың хоббиі. Алып жыланды мұхит асырып, Қазақстанға алдырған Салтанат осындай ерекше шешімге келуіне бала күнінде циркте көрген қойылымдар әсер еткенін айтты. Салтанат бала күнінен хореографиямен айналысқан. Марқұм болған анасының арманы – Салтанатты өнер әлемінен көру болған екен. 

«Әсіресе, цирктерде түрлі жануармен өнер көрсетіп жатқан қыздарды көргенде, анам оларды маған үлгі етіп отыратын. Атырауға цирк күнде келе бермейді ғой. Сондай цирк қойылымдарының бірінде жыланды көріп, ғашық болып қалдым. Сөй­тіп, Малайзияға тапсырыс беріп, жыланды алдыр­дым», – дейді Салтанат.

Салтанат осымен екінші анаконданы баптап отыр. Бұған дейін өзі асыраған Джаванна есімді жыланы кәрілік жетіп өлген. Қазіргі Графиня есімді анаконданың ұзындығы 3 метрге, салмағы 30 келіге жақындапты.

«Графиня – ұрғашы жылан. Ұрғашы болғандық­тан да, ол адамның қолына жылдам бейімделеді. Бірақ мінезі де бар. Бір-екі рет өзімді буындырып, орап алған кездері де болды. Шаршап, ашуланса, билемей қояды. Графиняның уын алып тастадым. Бірақ қатты шаққан орны ісіп кетеді. Салдарынан адамда галлюцинация болуы мүмкін. Сондықтан кез келген адамды Графиняның жанына жібере бермей­мін», – дейді Салтанат.

Анаконда қоянмен, арасында тышқанмен де қо­ректенеді. Иесінің айтуынша, жылан екеш жылан да ауру не өлі жәндікті жемейді екен.

 «Бір айда 8-9 көжек жейді. Бір күнде 2 қоян жесе, оны қорытуына уақыт керек болады. Ваннаға суға түсі­ріп, бала сияқты күтемін. Арасында жөтеліп, ауырып қалатыны бар. Он жылдан аса уақыт өтсе де, тропикалық ауа райынан келгендіктен, Атыраудың ауа райына әлі күнге дейін толық үйренісе алмай келеді. Күтімі жақсы болса, екі айда бір рет терісін жаңартып тұрады. Күнделікті уақытта үйде торда сақтап отырамын», – дейді Салтанат.

Салтанаттың айтуынша, жылан өздігінен адамға ұрынбайды. Ол да иесін іздеп, таниды екен.

«Бастапқыда үйдегілер шешімімді бірден қабыл­дай алмады. Оның үстіне түсі суық жыланнан қорқып та жүрді. Қазір отбасым, соның ішінде балаларым да жыланға үйренді», – дейді Салтанат.

Жыланмен өнер көрсетуден бөлек, анасынан қалған жылыжайда тропикалық жеміс өсірумен айналысып жүрген кәсіпкер. 

«Лимон, мандарин, шабдалы, нектариннен бас­тап, алма, жүзім, алмұрт, шиеге дейін өсіріп жатыр­мын. Жылыжайдағы лимон ағашы жылына екі рет өнім береді. Күтімі жақсы болса, бір ағаштан 40-50 келі жеміс жинап алатындай мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта Өзбекстан мен Украинадан әкелінген лимон­ның екі тұқымын өсіріп отырмын. Сұраныс өте жоғары. Өзіме осы кәсібім ұнайды. Ал жылан баптау, арасында жыланмен, отпен билеу – мен үшін тек хобби», – дейді Салтанат.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы